«Адамдардан көрген жақсылығым көп»

27 мамыр 2022, 12:58

(Соңы, басы өткен санда)

Jas qazaq: Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің үйінде тұрған кісімен қалай танысып едіңіз.

Мамытбек Қалдыбай: «Көкбазарда» орыс келіншекпен сөйлесіп азды-көпті жайттарды айтыстық. Мұхтар Әуезовтің үйінде 1941 жылдан 1945 жылға дейін тұрыпты. Келіншектің шешесі заңғар жазушының үйінде жалдамалы жұмыскер болып қызмет істеген екен. Сонда әлгі келіншек анасының табанақы, маңдай терінің өтеуіне соғыс жылдарында тамақтан да, басқадан да тарылмағандарын айтты. Әлгіден «Ел арасында Мұхтар Омарханұлының сараңдығы туралы да айтылып қалады» деп сыр тартып едім, бірден шаң жуытпай безектей кетті. «Ел не демейді, мен ол кісінің мәдениеті жоғары, интеллектуалдық деңгейі зор, қолы ашық, жаны жомарт адам ретінде сипаттаймын. Уақытыңыз болғанда келіңіз, айтатын естеліктерім көп» деп үйінің адресін берді. Қайдан, әне-міне деп мойнымыз жар бермей жүріп, мекенжайы жазылған қағазды жоғалтып та алдым.

«Орбита» ықшамауданында 5-қабатта тұрдым. Бір жолы төменге түсіп келе жатсам, жоғарыға қарай өрлеп бір егде тартқан ұлты орыс кісі көтеріліп келеді екен. Еңкіш тартқан. Өзі арық, өңі жүдеу. Алқынып қалыпты, ентігін әзер басып тұр. Сөздің сорабы солай ғой өзі, қайда, қандай қызмет еткенін сұрадым. «Жамбыл Жабаевтың көлік жүргізушісі болдым» деді. «Ол кісі қандай адам еді?» – «Сен сұрама мен айтпайын, өте балажанды, сөзге шебер, тауып айтқанда да қауып түсетін, кездескен адаммен бірден шұрқыраса кетпейді, алдымен ой-өреңді сынап бақылап алады. Сынынан өткендермен шешіліп, көсіліп сөйлеседі, ал сүрінгендермен аса көп ашылып әңгіме айтпайтын еді. Жәкем туралы да қызықты естеліктерім көп, тыңдаймын десең үйге кел бірі күні» деп ол кісі де мекенжайы мен телефон нөмірін жазып берген. Мечников деген көшеде тұрады екен, араға алты ай салып іздеп барсам, қайтыс болыпты. Көп оқиға, тамаша естеліктер ішінде кетті.

Баукеңе ғашық болған Вера Павловна деген кісімен телефонда сөйлестім, Мәскеуге жол түссе, есігі ашық, қонақ болуға шақырды. Мәскеуге баруын бардым-ау, 9 күнім мұрағатта өтті, Әскери мұрағаттан бір ғана құжатты табу үшін осынша күнімді сарп еттім. Вера Павловнаның үйіне баруға әскери мұрағат астанадан шалғай, қашықтау екен. Уақытым тапшы болып іздеп бара алмадым.

Jas qazaq: Ауылдағы үйдің саудасы немен аяқталды сонымен?

Мамытбек Қалдыбай: Ауылдағы үйді уәдемнен айнымай, сатып алдым ақыры. Бақшасына шөп белуардан еміне шықты. Доп ойнайтын балаларды ұйымдастырып, ауылды етектеп ағатын өзеннен тоған қазып, бақшаға тарттық. «Күріштің арқасында күрмек су ішіп» біздің қазған тоғанымыздан жолай көршілер де арық тартып, суға қарық болды. Бұрын бәріміз бірігіп қазайық, бақшамызға су әкелейік дегенде ешқайсысы қозғалмай қойып еді, енді, міне, «дайын асқа тік қасық» атанып, күрегін көтеріп алдымыздан шығып отыр. Жә-ә, көпке шарапатымыз тисе болды дедік те қойдық. Сол жылы бақшамызға шөп кісі бойынан асардай өсті. Орып баулаймын, баулағанда да өзгелер секілді емес, үш бауды бір бау етіп ораймын. 1969 жылдың қысын көзкөргендер әлі де ұмытпайды. Өйткені сол жылы Қазақстанда қыс өте қатты болды. Ауылдың адамдары малға азық-түлік таппай қысылғандары сондай, шөбімді таласа-тармаса сатып алып кетті. Жаздай орып баулаған еңбегімнен 800 сом пайда таптым. Үйді бөліп-бөліп төлеу жолымен 800 сомға сатып алғанымды айтып ем ғой. Байқап отырған шығарсың, үй маған тегінге түсті. Осылайша, бақшаға су тарту арқылы шөп өсіріп, оны орып, жыртығымызды бүтіндеп алдық.
Келер жылдың күз мезгілі болатын. Бір жүк көлігінің жүргізушісі шақырды. Барсам, бөтен кісі, ауылға 50 шақырым шалғайдан цемент басып әкелген екен, тапсырыс беруші айнып алмапты. «Сенің үйің шағындау екен, келешекте баспанаңды кеңейтем десең керек болады, арзандау берем, алып қаласың ба» деп өтінді. Жарамдылық мерзімін сұрасам, бір жылға дейін екен, түсірттім де ақшасын төледім.. Абыр-сабырды көріп көршілер де келіп, әркім өзіне қажетін алып кете бастады. Тиын-тебен ұсынып еді, алмадым. Шағын ауылда сөз жата ма, менің қорамда қалған цемент туралы да айтылса керек, ақылшылар келіп бір жылға жарамайтынын, одан да үлкен үй салатын болсам, соның іргетасын құйып қою қажетін айтты да, білек түріп соған кірістім. 10х8 метр көлемінде іргетасын құймақ болған жігіттер жаңылысып, 10х12 метрге ұлғайтып жіберіпті. Қызық болғанда, көп қаржы, көп күш жұмсауға тура келді.

Jas qazaq: Әйтеуір үй салуға үйрендіңіз ғой?

Мамытбек Қалдыбай: Амал жоқ, үйрендім. Бірде бізден үш шақырымдай қашық тұратын жиеніміз келді, әйелі екеуі бір атқа мінгесіп жүр. Іңір қараңғысы орнап, көз байлана бастаған мезгіл, суыт жүрісінен секем алып қалдық. Сөйтсек, бізге қарама-қарсы көршіміз үйін 200 сомға сатамын депті.

– Күндіз неге келмедіңдер?

– Алымсақтар көбейіп, үй қымбаттап кетер деген қауіппен кештетіп жүрміз.
Көршінің үйіне бардық. Ол: «Кавказға көшемін. Үйімді арзан, 200 сомға сатамын. Шарт бойынша 100 сомын қазір беру керек», – деді. Жиенім маған бұйымтай айтты. Айлық қолға тиген кез тап келіп, жоқ деуге арым жібермеді. Жиенім 100 сомды маған, 100 сомды үйдің иесіне әкеліп беруге уәделесті. Арада апта өтті. Көршім келді. «Бауырыңнан хабар жоқ, үйді ала ма, алмай ма?» деді. Жиеніміз расында да, ұшты-күйлі жоғалды. Араға адам салып сәлем айтамыз, жауап жоқ. Бір күні өзім іздеп бардым, соқырішек болып төсекте жатыр. Қысқасы, үйді алмайтын болыпты. Ұятты жағдайда мен қалдым. Ақыры қожайын үйін маған аманаттап, қаншаға сатсаң да өзің біл, берешек 100 сомды поштамен маған салып жібер деді де көшіп кетті. Ол үйді ешкім алмады, өзі жұпынылау, тауық күрке ұқсас еді. Жолдасыммен ақылдасып, өзіміз тұрған үйді ауласындағы жаңа құйылған іргетасымен, артылған цементімен қосып, 1200 сомға сатып, 200 сомдық үйге көшіп шықтық та, тағы үлкен шаңыраққа арнап іргетас құйып, үй салдым. Екі жігіт ала жаздай кірпішін құйды, Күн суытқанға дейін бір бітіруді көздеп, лайын дайындап бердім. Қыс түскенде екі ауыз бөлмесін жөндеп, кіріп алдық. «Ағайын бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды» деген рас екен. Жаңа үйге жақсы батамен, ақ тілекпен аяқ басуға ниеттеніп, атап мал сойып ағайындарымызды шақырғанбыз. Соңында ұрыс, төбелес орнап, үйімнің есігін сындырып кетті. Кейін қалаға көшетін болып, үйімізді 4500 сомға сатуға келіскен жерден «қамқоршы» ағайындарым араға түсіп, «жанашырлықпен» алушыны айнытып жіберді де, амалсыз 2600 сомға сатып Алматыға тарттық. Сол ақшамызға қазіргі Горький паркінің қасынан ескі құжыраны сатып алдық. Онда да досым Мүсілім Дайырбеков үлкен қолдау көрсетті. Тіпті өз қаражатына үй салуға үлкен жүк көлігін лық толтырып, кірпіш те түсіріп, үй салып ал деді. Ол құрылыс материалдарымен де көмектесті.

Ағайыннан әлгіндей «сый» көрсем, бейтаныс жандардың қамқорлығын, жанашырлығын аз сезінгем жоқ. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Құлымбетов деген кісі бөлім меңгерушісі болып істеді. Редакцияларға жазғандарымды жолдап, жарияланғанына азды-көпті қаламақы тиеді, әйтеуір жыртыққа жамау, тесікке тығын болмаса да, азын-аулақ тиын-тебен артық етуші ме еді. Бір күні редакцияда киношылар кино түсіруге келіп, мәтін жазатын адамның ретін таппай тұрса керек. «Мәтін жазып бересің бе?» деді Құлымбетов. Мен басымды изеп, қаламды қағазға сүйректетіп, іске кірістім. Айналасы жарты сағатта жұп-жұмыр мәтін жазылды. Құлымбетов оқып ерекше қуанды. Содан кейін газетке шағын-шағын хабарлар, ықшам мақалалар, ақпаратты жазып жолдап тұруға кеңес берді. Бұл кісінің де шарапаты көп тиді. Өзімнің жетім өсіп жетіліп келе жатқанымды естіп білген соң, тіпті жақын тартты. Кейін бұл кісі облыстық радиокомитетінің бастығы болып сайланды. Радиоға да шақырып, эфирден өлеңдерімді жіберіп, қаламақы төлеп тұрды. Өзінің перзенті жоқ, балаға зар болып өткен кісі екен. Содан да шығар, маған жаны ашып, жақын тартқандығы.

Мүсілім Дайырбеков мені Қазақ мемлекеттік университетінде дәріс оқитын филология ғылымдарының докторы, профессор Әзиза Нұрмаханова деген кісімен таныстырды. Біздің елге келгенге дейін Өзбекстанда мәдениет министрі болған екен. Өте білімдар, көргенді, салиқалы, азулы кісі. Сағи Жиенбаев ағамыз бірде сол кісінің үйіне қонаққа ертіп барды. Сәйділ Талжанов деген кісі төрде отырды «Халық жауы» болып ұсталып, қуғын көрген, өте өткір, өңі сұсты, адуынды кісі екен. Түрмедегі өмірін, «жанашыр» достарының арқасында докторлық диссертациясын бір емес екі рет қорғағанын айтты. Қайтарда Әзиза апай мені алып қалып, күйеуі үшеуміз тағы да шәй іштік. Өмірбаянымды сұрады, бәріне қаныққан соң «газетке қызметке орналастыруға күш салсам, мүмкіндігің келе ме» деді. Мен қуана кеттім.

Ол уақытта жұмысқа тұру үшін тұрақты тіркеу қажет, ол кедергіні де Әзиза апай өзі шешетін болды, үй телефонымен біреуге хабарласып, «өзімнің інім, ақын, өлең жазады, мектепте мұғалім болған, алғыр бала» деп мақтауымды асырып-ақ жатыр. Сөздің аяғы менің редакцияға жұмысқа орналасуыммен аяқталды. «Апай, мен сізді бұрыннан танымаймын, жақыныңыз да емес едім, маған бұлай жақсылық жасауға не түрткі?» деймін ғой көңілім алып-ұшып. «Дәуренінде Төлеген Айбергеновке көмектесе алмай қалып, іштегі өкінішім көп еді, саған соның титтей де болса, өтеуіндей көрінсін деп көмектесіп отырмын» деді. Ертеңіне «Жетісу» газетінің мәдениет бөлімінің қызметкері болып шыға келдім. Әзиза апайымды Баукең де «батырдың ауылынан шыққан батыр қыз» деп ерекше құрметтеп сыйлады, апайымыз да қазақтың ержүрек ұлына құрметін аяған жоқ, бірін-бірі ерекше қадірлеп өтті.

Jas qazaq: Күллі қазақ құрметін аямаған, Кремль бермеген батыр атағын елі өзінің аузымен айтып, алақанында ұстаған Бауыржан Момышұлының қасында 21жыл бірге жүрдіңіз. Үйренгеніңіз, үлгі алғаныңыз көп шығар.

Мамытбек Қалдыбай: Мен ол кісімен сұхбаттасуға бармас бұрын қояр сұрақтарымды қағазға жазып, әзірлеп алатынмын. Кейде бір апта, екі-үш күн дайындықтан өтіп жарау аттай барамын. Ал ол кісі қандай сұрақ қойсаң да, қамшы салдырмайды және бір ауыз артық сөз айтпайды. Сондай шешендігіне, қашанда оқтаулы мылтықтай әзір жүретініне таңғалатын едім. 21 жылда қаншама сұрақ қойдым, қоры мол еді. Көп адамдар ол кісінің жанына ілескісі келді, өсиетін, естелігін тыңдауға құштарлығы артты. Мені Баукең «көп адамдардан табыла бермейтін сирек кездесетін қарапайымдылығың қуантады, өтірік айтпайтының да жақындата түседі. Білмейтініңді де, білетініңді де жасырмай айтасың, мен сені құрметтегендей өзгелерді қадірлей алмаймын, саған көрсеткен сыйымнан өзгелер дәмеленбесін, саған сенгендей басқаға сенім артпаймын» деп ықыласын айтып отыратын.

Анам 34 жасында өкпенің қабынуы кеселінен көз жұмды. Он жасымда аяулы анашымнан мәңгіге ажырап қалғанымды айттым ғой. Ауырып жүрді, бір күні өзінің ұзатылғанда артынан келген түскиізін құшақтап жылап отыр екен. «Балам үйленгенде ілемін деп армандаушы едім» деп еңкілдеді. «Апа, сіз ауырмаңызшы» деп құшағыма қысып қыстығып жылаймын. Ол кезде дәрігер қат, әйтпесе анау айтқандай емсіз ауру емес, сырқатынан сақайтып алуға болатын да еді деп өкінемін кейде. Тағдырдың ісі ғой, бірақ.

Jas qazaq: «Халық жауы» деген жаламен атылып кетті делінген Мағжан Жұмабаевты Баукең соғыс уағында көргені туралы айтқан шығар сізге де?

Мамытбек Қалдыбай: Иә, айтқан, Сібірдің сілемдерінде хат таситын пошташының жұмысын атқарады екен. Мағжанның өлеңдерін жатқа айтатын, ерекше қадірледі, құрметтеді. Баукеңнің Мағжанмен кездескені туралы әсерлі естелігін кезінде Тұрсын Жұртбайға да айтып бергенмін. Мағжанның өлеңін жатқа оқу былай тұрсын, есім-сойын атаудан үркіп, қашатындардың дәуірлеп тұрған шағында Баукең осылай күркіреп өлең оқитын.

Jas qazaq: Бауыржан Момышұлының қасында әдеби адъютанты есебінде 21 жыл жүрдім дедіңіз ғой. Өзіңізге көп қойылған, көп адамның сұраған сауалы да шығар. Батырмен таныстығыңыз қалай басталып еді?

Мамытбек Қалдыбай: Институттың екінші курсын тәмамдайтын шақ жақындаған мамыр айы еді. Оқу ордасының дәлізінде Әбіш Байтанаев деген ұстазымыз қарсы ұшырасты. «Бауыржан Момышұлының кітаптарын оқып па едің?» деп сұрады. Ертең Сыпатаев атындағы мектепте Баукеңмен кездесу өтеді, сөз сөйлейсің бе?» деді. Қуана кеттім, алып-ұшпа көңілі көк тіреген албырт жаспыз. Даңқты адам, батыр, елдің ұлы атанған Баукеңнің алдында сөз сөйле деп Әбіш ұстазымыз басқаларға айтамын десе, адам таппай қалып па!

Ертеңіне кездесу уақытынан бұрын Әбіш аға екеуміз барып, алдыңғы қатардан орын алдық. Дәл уақытында кездесу басталды. Адамның қарасы тым көп. Мектеп ұжымы, оқушылар ғана емес, қаланың тұрғындары да келген екен, зал лық толды, қабырғаны жағалай қаздай тізілген адам, терезе ашық, содан басын сұғына қараушылар да көп. Облыстық атқару комитетінен, қаланың басшылығынан да шенділер келді. Мектептің директоры бойшаң келген кісі екен. Кіріспе сөзді айтпаққа мінберге көтерілді. Мақтау сөзді төгілтіп-ақ жатыр, лепірте мақтап келді де «жақында батыр ағамыз «За нами Москва» деген шығарма жазды, қазақшаға аударғанда «Артымызда Москва» деп көсіліп бара жатыр еді, төрде шенділердің ортасында отырған Баукең орнына атып тұрды. «Мен білсем, мына директор сауатсыз! Білмесең біліп жүр, жолдас директор мырза! «За нами Москва» дегенді «Москва үшін шайқас» немесе «Арқамызда Москва» деп аударылады» деді. Директор ұяттан өртене жаздап, кірерге тесік таппағандай төменшіктей берді. Сөзді басқа адам жалғастырып әкетті. Осы оқиғаны арада он бес жылдай өткенде сұрап едім, Баукең: «Директордың айтқаны дұрыс, мені оның ғана емес, бүкіл залдың психологиясына ши жүгіртіп сынап көрген едім, біреуі аударманың дұрыстығын нықтап қарсы уәж айтпады. Осыдан-ақ жаттанды болып кеткен. Негізінде «артымызда» деген қазақтың сөзі айтылады, жазылады» деп кеңкілдей күлгені бар.

Jas qazaq: Сіз осы кездесуде сөйледіңіз бе?

Мамытбек Қалдыбай: Сөйледім, тартынып едім, Әбіш ұстазым дігерлеп қоймады. Сөз сөйлеушілердің тізіміне жазып қойыпты. Директорға ақырып берген батырдың сұсты кейпінен қорқып кеттім. Тізем қалтырап, ағайыма мінбеге шыққым келмейтінін айтып едім, қоймады. Ақыры қалтырап мінбеге шықтым-ау. Айтпағым – өзімнің өлеңімді оқу. Буыным босап өлеңді оқып болып, тез-тез басып орныма кетіп бара жатыр едім ту сыртымнан «Ей!» деген Баукеңнің гүрілдеген даусы естілді. Жалт қарадым, «Бері кел!» деп бұйырды. Қасына барып едім «Ертең сағат таңғы 9:00-де «Восход» қонақүйіне кел, 12 бөлме. Бір минут кешіксең, қабылдамаймын!» деді бұйыра сөйлеп. Басымды изеп, тілі күрмелген адамдай ләм деместен орныма отырдым. Кездесу аяқталып, Әбіш аға екеуміз институтқа бірге қайттық. «Ертең ол кісінің қабылдауына бармаймын, не айтамын, жақын танитын адамым емес» деп едім, Әбіш ағам шоқ түскендей шоршып түсті. «Ел мұндай сауын айтуға зар болып жүр, оқытушың мені неге, залдағы басқаларды неліктен шақырмайды, сенің бармаймын дегенің жарамайды, барасың» деді. Амалсыз бардым, сағат тілі таңғы тоғыз болғанда қонақүйдегі бөлмесінің есігін қақтым. Полковник шені тағылған әскери киіммен отыр екен. Дастарханында тұрған майға пісірілген күлшені қаймақ жағып жеп алуымды бұйырды. Бір сағат уақыты бар екен, одан кейін қорғасын зауытының жұмысшыларымен кездесу өткізетін көрінеді. Бір сағат ол кісі сұрақ қойды, мен жауап бердім. «Әкең де, анаң да өмірден өткен екен, ағайыныңнан ла аласың жоқ, қайтып күн көріп жүрсің?» деді сөз арасында. Мен шәкіртақы алатынымды, редакциялар жазғаныма қарай қаламақы ұстататынын, күзгі мақта терімінде белсенділік танытып, киім-кешегімді бүтіндеп алатынымды айттым. Сөйтсем, бұл кісі мені сынап аяушылық танытып сұрағаны сынағаны екен. «Маған көмектессеңіз, жақсы болар еді, түгім жоқ, сүйенерім де қалмады» деген мүсәпір күйге түсе ме, түспей ме дегені ғой. Ағайындардан, басқалардан көмек сұрамай өскен мен Баукеңнің сұрағына жауап берерде мұндай сөзді айту былай тұрсын, ойламадым да.

Келер жылы Сарыағашқа емделуге барғанда жолай мені іздепті, ауылға кетіп қалғанымды естіп, Мүсілім Қожықов деген мұғалімімізге өз қолымен хат жазып қалдырып кетіпті. «Мамытбек қарағым, сені іздеп едім таппадым, қатты өкінемін» деген жазуы бар хатты кейін «Жетісу» газетінде істеп жүргенімде қасымдағылар қызғаныштан жоғалтып жіберді. Баукеңе барып хаттағы сөзді қайта жазып беруін өтініп едім, «мен екі сөздің адамы емеспін, бір жазғанымды қайталамаймын» деп қатты ұрсып, боқтап, үйінен қуып шықты. ұрысты.

Jas qazaq: Талай жыл жақын жүрдіңіз, сұрай алмаған, жауабын айтқызып алмадым деген сұрағыңыз бар ма еді?

Мамытбек Қалдыбай: «Сталинмен кездестіңіз бе, қабылдауында болдыңыз ба?» деп сұрамаған екем. Маршал, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Иван Баграмян о баста бұл кісіге қарсы болған екен, екеуінің арасын қара мысық неліктен өткенін білмегеніме өкінемін. Әскери академияда оқып жүргенінде барлық пәнді беспен тапсырып, үздік атануға сәл қалғанда бір оқытушы жаңадан ауысып келіп, Момышұлына қасақана 4 деген баға қойған екен. Осының себебін сұраймын деп ойлап жүріп ұмытып кетіппін. Айта берсем, өкініштер, сұрай алмаған осындай жайттар көп еді. Баукеңнің қасында жүргенімді көре алмайтын күншілдер де көп болды, марқұм әйелі, жеңгей де үйіне бара бергенімді қаламай, қабағын жиі кіржитетін. Арада айдап салушылар да бар, соларға еріп жеңгей де тіксіне қалатын.

Кеңес Одағының батыры атағы берілмесе де Баукең: «менің атағым – халқым, академиям – полкім» деп отыратын. «Мен Отанымды ұлы болғаны үшін емес, өзімдікі болғандықтан сүйемін» дейтін. Қандай керемет баға, ә!

Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады