
Ұлы Абайдың тәрбиелік мәні зор қара сөздерін енді украин жұрты оқи алады.
Ақынның 175 жылдығын атап өту шеңберінде Украинада ғұлама ойшылдың әйгілі шығармасы жарық көрді. Қара сөздердің бауырлас халықпен қауышуына Қазақстанның Украиндағы елшілігі мұрындық болды.

Кітаптың тұсаукесер рәсімі 15 шілде күні Канев (Черкасск облысы) қаласындағы көрнекті украин ақыны әрі суретшісі Тарас Шевченко атындағы музейде өтті. Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан даналығын паш еткен Абайдың ұлы мұрасы һәм шығармашылығы туралы әңгімеледі.
Кітапты аударған филология ғылымдарының докторы, профессор Николай Васьков тәржімалау барысында Абай шығармаларымен танысу арқылы рухани байлыққа кенелгенін атап өтті. Ол: «Ақынның ұлылығы тек шығармаларымен ғана емес, оның ұстанған өмір салтынан, халықты білім мен өнерге үгіттеуінен, ұлт алдындағы жауапкершілігінен де көрінеді», — деді.

Т. Шевченко атындағы музей директоры Игорь Лиховой қос халықтың біртуар перзенттері — Абай мен Кобзарь арасындағы рухани жақындыққа тоқталды. Оның пікірінше, екі алып өз халқының санасында сілкініс туғызып, жұртты оқу-білімге, әділдікке және қайырымдылыққа шақырды.
Басқосуда Украинадағы қазақ диаспорасының өкілдері Абай туралы мол деректі ортаға салып, қара сөздерінен үзінді келтірді. Өлеңдерін қазақша оқыды. Жиынға жергілікті зиялы қауым мен ғылыми орта, сарапшылар қауымдастығы, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
Елшілік музей мен облыстық мемлекеттік әкімшілікке кітаптың ондаған нұсқасын тарту етті. Кітаптар ғылыми және білім ордаларына таратылады.
Талап Тілеген