
Кездесу барысында қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһардың бірінші жарты жылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, инжинерлік инфрақұрылым желілерін жүргізу және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
–Халықпен кездесу барысында ауыз су, табиғи газ, кәріз бен жол мәселелері жиі қозғалады. Сондықтан біз қаладағы шағын аудандар мен тұрғын алаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді өз жұмысымыздың басым бағыты ретінде алып отырмыз. Мәселен, Абай ауданындағы 34 елді мекеннің 10-ында 2020 жылға дейін ауыз су болмаған. Өткен 2 жылдың ішінде магистралды құбыр мен 9 елді мекеннің ішкі желілері жүргізіліп, тұрғындарға ауыз су берілді. Биыл Құрсай елді мекенінде ішкі орамдық ауыз су құбырлары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталса, Абай ауданында ауыз су мәселесі толығымен шешіледі, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, жалпы Шымкент қаласында ауыз су бағытында 8 нысанның құрылысы жүруде. Бұл жұмыстар аяқталған кезде шаһардағы ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайыздан 99 пайызға дейін жетеді.
Өткен жылы Абай ауданын биыл мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 91 пайызға жеткен. Бұл жылы 95 пайыздық меже көзделген. Мәселен былтыр интернет сапасы төмен Ынтымақ,2, Құрсай, Солтүстік-Батыс, А-2 жолы, Самал-3 елдімекеніне базалық станция орнатылды. Биыл 30 мың тұрғыны бар Ақниет, Қызылжар, Жаңаталап, Игілік, Агрофирма-Қарасу тұрғын алаптарына базалық станциялар орнатылады. Оптикалық интернет желімен қамту: қаладан шалғай орналасқан Самал-3, Қазығұрт, Құрсай, Ақниет, Жайлау, Ынтымақ, Қызылжарға талшықты оптика желісі жүргізіледі.
Өткен жылдан бері қалада мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында орталық және әлеуметтік нысан орналасқан көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның бірі Абай ауданында былтыр 30 көше жарықтандырылды. Биыл осы жоба аясында 29 көше жарықтандырылар болса, аудандағы жалпы 140 көшеде түнгі жарықшам болады дегенді аңғартады.
Сонымен бірге, жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2021 жылы 519 бейнебақылау камерасы қойылды. Осы жылы тағы қосымша 250 камера қойылмақ.
Тоқтар Жақаш