
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ұлттық алауыздықты қоздыру күдігімен ұсталған Серікжан Біләштің ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ең алдымен, шетелдегі қазақтардың мүддесін қорғау — геосаяси ойында басқа елдің ойыншығына айналып кетпеуі керектігін айтқым келеді. Дәл осы тақырыпқа келгенде кейбір БАҚ пен құқық қорғау ұйымдардың белсенділігі арта түсуі әбден мүмкін. Ұстау жағдайына келер болсақ, тергеудің соңын күтуіміз керек. Қасақана ұлттық алауыздықты қоздыру — өте салмақты айыптау. Кез келген этносқа қатысты жиһадқа шақыру — ойыншық емес. Осындай үндеудің кеселінен мыңдаған қарапайым азаматтар зардап шегіп жатады. Қазақ «он пәленің тоғызы тілден» дейді. Жалпы, тергеу бәрін анықтап, жуық арада болған оқиғаның мән-жайы айтыларына сенімдімін», — деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.