
Бүгін Премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен өткен Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қордың дағдарысқа қарсы шаралары мен қоржындық компаниялардың бірінші тоқсандағы өндіріс көрсеткіштері туралы баяндады, деп хабарлайды jasqazaq.kz сайты.
Ахметжан Есімовтің мәліметтеріне сүйенсек, коронавирус пандемиясы кезінде мұнай газ саласындағы көрсеткіштер салыстырмалы түрде қарағанда, тұрақтылық көрсеткен. 2020 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдайға сәйкес, мұнай алу көлемі жоспардан 2% артық немесе 6 млн тонна көлемінде орындалған. Қор төрағасының айтуынша, бұл 2019 жылдағы деңгейден 30% артық.
Ал, дәл қазіргі қиын кезеңге тоқталған Ахметжан Есімов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ дағдарысқа қарсы шараларды дер кезінде қолға ала отырып қоржындық компаниялардың қызметін бір сәтке де тоқтатпағанын хабарлады. Коронавирус инфекциясына байланысты қалыптасып отырған жағдай өндірістің көлемі мен жалпы жоспарларға айтарлықтай өзгеріс енгізгенмен, Қорға қарасты компаниялар төтенше жағдай кезінде де қалыпты жұмыс істеп тұр.
«Ең маңыды мәселенің бірі – жұмыс орындарын сақтау. Компаниялар тобында шамамен 307 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Осы төтенше жағдай компаниялар тобыны кері әсерін тигізбеу үшін Қор қолдан келген шаралардың бәрін атқарып жатыр. Қазіргі жағдай әрине, біздің компаниялардың қаржылай тұрақтылығына әсер етеді. Сондықтан, біз өндірістің процестерге қатысы жоқ операциялық және өзге де шығындарды барынша қысқартып жатырмыз», — деді Ахметжан Есімов Үкімет отырысында.
Ахметжан Есімовтің айтуынша, коронавирус пандемиясы көбіне көлік-логистика саласының жолаушылар сегментіне жағымсыз әсер еткен. Жүк тасымалындағы жағдай айтарлықтай тұрақты, дегенмен, орындалмай қалған жүк тасымалы 5 пайызды құрап отыр. Ақпан айымен салыстырғанда, Қытайдан Еуропаға траниттік жүк тасымалы науры айында 30 пайызға өскен. Ал, карантин кезінде жұмысы көбейген салалардың бірі – телекоммуникация бағыты. Мәселен, карантин басталғаннан бері «Қазақтелеком» ұлттық оператордың жұмысына түскен салмақ 30 пайызға көбейген.
Бұдан өзге, Ахметжан Есімов Үкімет отырысында Қордың әлеуметтік жауапкершілігі туралы хабарлады. «Мәселен, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алып отырған 9000 кәсіпкерге жалға алу ақысын ешбір айыппұлсыз 1 маусымға дейін шегерді. Бұл шара жалпы саны 37 мың адамды көмекпен қамтып отыр. Бұнымен қатар, Қор Ішкі істер министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бас-аяғы 6 млн дана жеке қорғану құралын сатып алу үшін қаражат бөлген», -деп хабарлады ол Үкімет отырысында.