Алматыдан үй алу арман болмауы керек

18 қараша 2022, 11:20

Баспана құнының шырқау шегіне жеткенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында жұртшылықпен кездесуде айтып өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы «Әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруы керек. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады. Қалада тұрғын үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет», – деді.

Осы күнде елімізде жастар ғана емес, әр салада еңбек етуші буынның да үй алу мәселесі қиынға соғып, арман болып тұрғаны ақиқат. Өйткені нарықтағы пәтердің құны тым қымбат, әрі күн санап аспандап барады. Бір айлық жалақымен отбасын асырап, қала берді несиесін әупірімдеп бір мұртын бір мұртына жалғай жүріп өтейтін отбасының үй алуға әлі келмейтіні белгілі. Қайтпек керек? Президент айтқандай, жалға берілетін пәтерлердің ақысын арзан бағада жастарға ұсыну қажет.

Әрине, мемлекет баспана саласындағы қордаланған түйткілді шешу жолында қыруар жұмыс атқарып келеді. Отыз жылдың ішінде еліміздің жерінің асты мен үстіндегі қазба байлығынан берекесін арттырып, қоңданған олигархтардың, бай-манаптардың халыққа қарайласатын дер шағы қазір. Әлеуметтік бағдарлама негізінде жалға берілетін көп қабатты пәтерлер салуда инвесторлардың көмегі аса қажет.

2013 жылы «Қолжетімді баспана» деген бағдарлама бойынша Алматы қаласында бір мыңға тарта жас отбасы (29 жасқа дейінгілер) сатып алу құқығымен баспана кезегіне тұрды. Осы мыңға жуық отбасын бес жылдың ішінде «қолжетімді баспанамен» қамтамасыз етуі керек болған. Премьер-Министрдің қаулысымен қабылданған бағдарлама бес жылда құжатын өткізгендердің барлығын бірдей қамти алған жоқ. Кейін бағдарламаға қатысатын отбасылардың жасын 35-ке көтерді. Сәйкесінше, жастардың санаты бойынша үй кезегіне тұрғандардың қатары еселеп артты.
Қазір «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша қалада жас отбасылардың үй алуына мүмкіндік бар, бірақ барлығын бірдей қамтуға қауқарлы емес. Тіпті биыл бұл бағдарламадан да шикілік шығып, ұшыққан дау ұлғайып барып әзер басылғанын біз газетімізде жаздық та.

Қолжетімді баспана демекші, бір мысал келтіре кетейік. Алматының Алатау ауданына қарасты «Зерделі» ықшам ауданында екі көпқабатты үй сүріліп жатыр. Монолиттен қабырғасы көтерілген тоғыз қабатты үйде 108 пәтер болған, қазір соны бұзуға кірісті. Себебі құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қисайып кеткендіктен, толыққанды аяқтауға рұқсат жоқ. Ғаламторда қисайған үйді сүруге 1,5 миллиард теңге бөлінгені де жазылды. Күнделікті көзбен көрген сайын кеудені қыжыл кернейді. Қабырғасы қаланған, тек есік-терезесін салып, қисайған үйді түзеп, сына қағып іргетасын нығайтып, әрлеу жұмыстарын сатып алушылардың өзіне қалдырып, арзан бағамен сатса, тіпті болмаса, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламамен үлестірсе, кемінде 500 адам үйлі болатын еді. Бұзылған соң сол жерге тұрғындар қыдыратын саябақ салынады екен. Әрине, саябақ та керек. Бірақ қабырғасы көтерілген үйді бұзу үшін қаншама қаражат текке шығындалатынын біз сияқты кең баспанаға қол жеткізе алмай жүргендер болмаса, құзырлы мекемелердің іші ашымайды.

Бауырында қазан, басында үйі бар жастардың ертеңге деген сенімі нығаятынын айтты Президент. Алматыда жастар үшін үйлі болу қол жетпес арман болмауы керек деді. Жастар енді Президент сөзінің бұлжытпай орындалғанын күтеді.

Қуан Есімбай

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды