jasqazaq.kz

Павлодар облысында алты жұмысшының қазасынан кейін арнайы комиссия құрылды

Бүгін, 14:39

20 шілде күні Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы «AQTOGAI MILK» ЖШС аумағында өндірістік жабдықтарға қызмет көрсету жұмыстары кезінде жазатайым оқиға орын алып, салдарынан алты адам қаза тапты. Тағы бір қызметкер дәрігерлердің бақылауында қажетті медициналық көмек алуда. Үкімет басшылығының тапсырмасымен оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды jasqazaq.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Комиссия құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері кірді.

Комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерделеу, жазатайым оқиғаның себептерін анықтау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу жөнінде нақты шаралар әзірлеу тапсырылды.

Қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккен азаматқа мемлекеттік органдар мен жұмыс беруші тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі. Жұмыс беруші материалдық көмек көрсетуді, қаза тапқан қызметкерлердің жалақысы мөлшеріндегі төлемдерді ағымдағы жылдың соңына дейін сақтауды, сондай-ақ олардың несие міндеттемелерін өтеуді өз мойнына алды. Бұдан бөлек, компания қаза тапқан қызметкерлердің кәмелетке толмаған балаларын кәмелеттік жасқа толғанға дейін асырау мен оқуына байланысты шығындарын толық өтемек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Павлодар облысына барып, оқиға орнындағы жағдаймен танысып, өңір басшылығының, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен үйлестіру кеңесін өткізді.

Министр қаза тапқандардың туыстарымен де кездесіп, оларға көңіл айтып, мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысы Үкімет бақылауында болады.

16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты
15 шiлде, 14:24
Қазақстан Қарулы Күштерінде цифрлық технологияны енгізу басым бағытқа айналды
14 шiлде, 17:15
Ғиззат Байтұрсынов: «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы цифрлық мемлекет құруға бағытталған
14 шiлде, 13:36
Иран Шархан: Мақсат –шикізатпен шектелмей, дайын өнім шығаратын өндірістік модельге көшу
13 шiлде, 15:45
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – өңір дамуының маңызды бағыты
12 шiлде, 13:59
Негізгі мақсат – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту
12 шiлде, 13:05
Нақты сектор: Карбамид өзімізде өндіріледі
11 шiлде, 14:51
NATO 3.0: Әскери өнеркәсіпке басымдық
11 шiлде, 14:15
Тұрсынғали Жәкенов: LRT арқылы 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданды