jasqazaq.kz

Нақты сектор: Карбамид өзімізде өндіріледі

12 шiлде, 13:05

Дайын өнім шығаруда нақты қадам. Елімізде карбамид өндіретін  тұңғыш кешеннің мән-маңызын осылай бағалаған жөн. Өндіріс ошағы ауыл шаруашылығына аса қажет тыңайтқышты өзімізде шығарып, импорттан құтылуға мүмкіндік береді. Айта кеткен жөн, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру және химия өнеркәсібін өркендету жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады. Енді бірегей кәсіпорынның ерекшелігіне тоқталайық.

Биылғы маусым айында ел Үкіметі өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «KazAzot PRIME» компаниясы арасында Маңғыстау облысы аумағында аммиак-карбамид кешенін салуды көздейтін инвестициялық келісімді мақұлдады. Жобаны «QazaqGaz» және әлемдегі ең үздік 100 құрылыс компаниясының қатарына жататын «ESTA Construction» құрған «Qazesta Fertilizers Ltd.» бірлескен кәсіпорны негізінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Құрылыс орны ретінде Ақтау қаласының таңдалуы бекер емес. Каспий теңізі арқылы өнімді жан-жаққа жөнелтуге болады.

2030 жылға қарай іске қосылатын кешенде жыл сайын 660 мың тонна аммиак, 580 мың карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын тұтынушыларға ұсынады. Ақтау қаласындағы ауқымды жобаға салынатын инвестиция көлемі — 804 млрд теңге. Өндіріс ошағының құрылысына 1,5 мың адамды тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ өнім өндіру басталғанда 700 маман тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Жобаның отандық агрохимия саласын дамытуда және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызы зор. Өйткені карбамидті азот тыңайтқышы ретінде топырақтың барлық түріне пайдалануға болады. Ол  топырақ құнарлылығын арттырып, әсіресе, майлы дақылдардан мол өнім жинауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, былтыр «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен Қытайдың CNPC ұлттық мұнай-газ коропорациясы Ақтөбе облысында тыңайтқыш шығаратын зауыт салуға кіріскенін хабарлаған болатын. Аталған кәсіпорын Қазақстан мен Қытайдың мұнай-газ саласындағы бірлескен жобасына айналады.

2029 жылға қарай іске қосылатын жаңа өндіріс ошағының қуаты 800 мың тонна. Ал жобаның жалпы инвестициялық құны 1,25 млрд долларды құрайды. Тыңайтқыш өндіруге шикізат ретінде тауарлы газды пайдаланады. Сондықтан кәсіпорынды осы өңірдегі Жаңажол газ өңдеу зауытының маңында салу ұйғарылды. Аталған зауыт тыңайтқыш өндірісін жыл сайын 600 млн текше метр тауарлы газбен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Қазір бізде тыңайтқыш өндірумен тек «ҚазАзот» АҚ айналысады. Атап айтқанда, елімізде оның үш түрі – аммиак селитрасы, аммофос және аммоний сульфаты өндіріледі. Ғылыми есеп бойынша, жалпы сұраныс көлемі 3,2 млн тонна құрайды. Осы саладағы отандық өндіріс қажеттіліктің жартысын ғана өтей алады. Ал карбамид толығымен сырттан, нақтырақ айтсақ, көршілес елдерден жеткізіледі.

Міне, сондықтан аталған жобалар жүзеге асқан кезде сұраныс толығымен қанағаттандырылып қана қоймай, артық өнімді экспорттауға мүмкіндік туады.

Талап Тілеген

 

 

16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты
15 шiлде, 14:24
Қазақстан Қарулы Күштерінде цифрлық технологияны енгізу басым бағытқа айналды
14 шiлде, 17:15
Ғиззат Байтұрсынов: «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы цифрлық мемлекет құруға бағытталған
14 шiлде, 13:36
Иран Шархан: Мақсат –шикізатпен шектелмей, дайын өнім шығаратын өндірістік модельге көшу
13 шiлде, 15:45
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – өңір дамуының маңызды бағыты
12 шiлде, 13:59
Негізгі мақсат – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту
12 шiлде, 13:05
Нақты сектор: Карбамид өзімізде өндіріледі
11 шiлде, 14:51
NATO 3.0: Әскери өнеркәсіпке басымдық
11 шiлде, 14:15
Тұрсынғали Жәкенов: LRT арқылы 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданды