
Елімізде өрт қауіпсіздігін күшейту бағытында бірқатар маңызды жаңашылдықтар енгізілді. Енді өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестікке қойылатын бақылау күшейтіліп, өрт автоматикасы жүйелерін орнататын ұйымдарға жаңа талаптар қойылады. Сонымен қатар жеке тұрғын үйлерге автономды түтін хабарлағыштарын орнату міндеттеліп, цифрлық мониторинг жүйелері кеңінен қолданылып жатыр. Бұл өзгерістердің барлығы адам өмірін қорғауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Осындай елеулі жұмыстардың арқасында еліміздегі өрт оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға азайған. Осы және өзге де мәселелер жөнінде төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Әбдішев Jas Qazaq тілшісіне әңгімелеп берді.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Өткен жылы «Азаматтық қорғау туралы» заңға енгізілген өзгерістер аясында төтенше жағдайлар министрлігіне бірнеше жаңа функция берілген. Атап айтқанда, енді өрт қауіпсіздігі бойынша арнайы техникалық шарттарды келісу, нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру және өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау мен техникалық қызмет көрсететін ұйымдарға рұқсат беру жұмыстары жүзеге асырылады.

Осыған орай Батырбек Әбдішев: «Бұл жаңашылдықтардың негізгі мақсаты – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту, құрылыс нысандарының заң талаптарына сай пайдалануға берілуін қамтамасыз ету және біліксіз мамандардың өрт автоматикасы жүйелерін орнатуына жол бермеу.
Сонымен қатар тұрғын үй секторына қатысты маңызды өзгерістер енгізілді. Бұған дейін автономды түтін хабарлағыштары тек жаңадан салынған үйлерде орнатылатын болса, енді мұндай құрылғылар барлық жеке тұрғын үйлерде болуы тиіс. Бұл өртті алғашқы минуттарда анықтап, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Әрине, мұндай қауіпсіздік құралдарын сатып алып, орнату тұрғын үй иесінің жауапкершілігінде», — деді.
Сондай-ақ министрлік жергілікті әкімдіктермен және еріктілермен бірлесіп, әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне газдың қауіпті мөлшерін және түтінді анықтайтын датчиктерді тегін орнату жұмыстарын да жүргізіп келеді. Осындай кешенді профилактикалық шаралардың нәтижесінде елімізде өрт саны өткен кезеңмен салыстырғанда 11 пайызға азайды.

Жаз – өрт шығу қаупі ең жоғары кезеңдердің бірі. Сондықтан әр азамат қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауы қажет. Ең алдымен орман алқаптарында және ашық аумақтарда рұқсатсыз от жақпау керек. Құрғақ шөп пен қоқысты өртеуге, сөндірілмеген темекі тұқылын тастауға болмайды. Осындай ұқыпсыз әрекеттер үлкен табиғи өртке себеп болуы мүмкін.
Егер өрт байқалса, уақыт жоғалтпай 101 немесе 112 нөміріне хабарласқан жөн. Себебі көптеген жағдайда өрттің ірі көлемге таралуына дәл осы кешігіп хабарлау себеп болады.
Сенбілік кезінде немесе саяжай мен үй маңын тазалағанда да өте сақ болған дұрыс. Әсіресе құрғақ, ыстық әрі желді күндері от жағуға мүлде тыйым салынады. Ал ауа райы қолайлы болған жағдайда ғана ашық отты арнайы белгіленген орында, ғимараттардан кемінде 50 метр қашықтықта және міндетті түрде бақылаумен пайдалануға болады.
Мангал, гриль немесе барбекю қолданғанда да қауіпсіздік талаптары сақталуы тиіс. Олар ғимараттардан кемінде 10 метр қашықтықта орналасып, жанында міндетті түрде өрт сөндіргіш немесе кемінде 10 литр су болуы қажет. Сонымен қатар мангалды құрғақ шөптің арасына, ағаштың түбіне немесе жанғыш материалдардан жасалған шатырлардың астына қоюға болмайды. Ең маңыздысы – балалардың отпен ойнауына ешқашан жол бермеу керек.

Батырбек Әбдішев өрт қауіпсіздігі саласында цифрлық технологиялар мен мониторинг жүйесіне тоқталып өтті: «Қазір төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары заманауи цифрлық технологияларсыз мүмкін емес. Бүгінде барлық ақпарат төтенше жағдайлар министрлігінің Дағдарыс орталығы арқылы өңделеді. Ел аумағындағы өрт ошақтарын дер кезінде анықтау үшін ғарыштық мониторинг жүйесі қолданылады. Сонымен қатар «ТЖ Геоақпараттық жүйе» арқылы ауа райы, өсімдіктердің түрі және елді мекендердің орналасуы ескеріліп, жағдайдың қалай дамуы мүмкін екені болжанады. Мысал ретінде, «ТЖ Геоақпараттық жүйе» арқылы мониторинг жүргізу кезінде термалды нүкте анықталып, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерімен қол жетпейтін батпақты ашық аумақты жерлерде құрғақ шөптің жануы туралы ақпарат расталды. Соның нәтижесінде осындай жағдайлар дер кезінде бақылауға алынады. Қосымша бақылау үшін «Табиғат» ақпараттық жүйесі де пайдаланылады. Сондай-ақ өңірлердегі жағдайды бақылау үшін дрондардың ұшуы тікелей эфирде көрсетіледі», — деді.
Қазіргі таңда бөлімшелерде әуеден барлау жүргізуге арналған 218 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. «Tasqyn» ақпараттық жүйесінде орман және дала өрттерін модельдеу мүмкіндігі үшін ашық физика-математикалық ELMFIRE модель негізінде толық автоматты режимде жұмыс істейтін өрттерді модельдеу модулі әзірленді. Нәтижелер «Tasqyn» ақпараттық жүйесіндегі интерактивті картада көрсетіледі, онда пайдаланушылар өрттің таралу сценарийін көре алады, елді мекендер үшін қауіпті бағалай алады және жедел әрекет ету шараларын қолдана алады.
Олжас Әбдіхалық
Сурет, инфографика: ТЖМ