jasqazaq.kz

NATO 3.0: Әскери өнеркәсіпке басымдық

11 шiлде, 14:51

Солтүстік Атлантикалық әскери одақтың (NATO) Саммиті бұл жолы Анкара қаласында өтті. Анадолыдағы жиынға мүше мемлекеттердің басшылары, Еуроодақ жетекшілері, сондай-ақ, альянстың Азия мен Тынық Мұхит аймағындағы одақтас елдердің өкілдері қатысты. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған басқосудың аса жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Ал жергілікті сарапшылар тарихи кездесу деп бағалады.

Екі күндік Саммит жұмысының қорытындысы бойынша ортақ декларация қабылданды. Айта кетейік, бұрын бірнеше тарау мен беттен тұратын құжаттың көлемі тым қысқа. Небәрі 6 баптан тұрады. «NATO delivers!» Бас хатшы Марк Рютте одақтың алдағы міндетін осылай түйіндеді. Мұны тарқатып айтсақ, альянс сөзден іске көшіп, замануи ғылым мен технология жетістігін әскери-өнеркәсіп кешеніне әкелуді көздейді. Осы орайда Саммит шеңберінде тұңғыш рет Қорғаныс өнеркәсібі көрмесі өткізіліп, түрлі компаниялар өз өнімдерін таныстырды.

Мұның бәрі альянстың енді қорғаныс пен қару-жарақ өндірісіне айрықша басымдық беретінін көрсетсе керек. Анкарада құны 50 млрд долларлық әскери келісім-шарттарға қол қойылуы да осы пікірді дәлелдей түседі. Асылы, бұл үрдіс 2004 жылы Гаагада (Нидерландтар) өткен Саммитте бастау алды. Былтыр Еуропа елдері мен Канаданың қорғанысқа жұмсайтын қаржыны 139 млрд долларға дейін көбейткені мәлім болды.

Әскери одақ құрылған (1949) кезде Атлант мұхитының қос жағалауы үшін басты қарсылас Кеңес Одағы болатын. Биылғы кездесуге жиналғандар да қауіптің соның мирасқорынан төніп тұрғанын мәлімдеді. Дейтұрғанмен, сарапшылар қазіргі геосаяси ахуалдың КСРО ыдырап, Варшава Пакты тіршілігін тоқтатқан кезеңнен  мүлде басқа деген пікірде. Ол кезде әлемде АҚШ бастаған бір өрісті тәртіп орнап, альянс (NATO-2) ешкім текетіреске түсе алмайтын күшке айналды. Сөйтіп одақ соңғы отыз жылда Балқан тауына бейбітшілік әкелген жемісті әрекетімен, сонымен қатар, Таяу Шығысты тұрақсыздыққа ұшыратқан кейбір миссиясымен есте қалды.

Альянс ауызбірлік танытып, жұмыла жүк көтеретінін жария етсе де, кейбір келіспеушіліктен туындаған түйткілдер де жоқ емес. Бұл ретте cарапшылар санкция кесірінен F-35 әскери ұшақтарының әлі күнге дейін Түркияға берілмегенін алға тартады. Трамп жиында  санкцияның алып тасталатынын хабарлады. Уәде орындалса, түріктер өзінің қорғаныс өнеркәсібі бұйымдарын АҚШ-қа сатуға мүмкіндік алады.

Тағы бір мәселе — Еуродақтың қорғаныс өнеркәсібін дамытуға арналған құны 150 млрд еуролық SAFE ( Security Action for Europe) бағдарламасы. Түркия кәрі құрлықтағы көптеген елдермен бір әскери одақта болғанымен осы бағдарламаға қатыса алмайды. Бұған уәж ретінде Анкараның Еуроодаққа кірмейтіні айтылуда.

Геосаяси ахуал түбегейлі өзгеріп, ғаламдық саясат сахнасындағы  алып державалармен санасуға тура келген қазіргі кезеңде  жаһандық қауіпсіздікті орнықтыру көкейкесті міндетке айналды.

Батыста мұны бірінші болып әрі жете түсінген саяси лидер – Дональд Трамп. Ол АҚШ-тың түрлі салаларда Қытай, Ресей және Үндістанмен екі жақты қарым-қатынас орнатуға айрықша көңіл бөліп отыр. Оның бұл прагматикалық ұстанымы президент Франклин Рузвельттің екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ұсынған «Four Policemen» («Төрт тәртіп сақшысы»)  доктринасын еске түсіреді. Айта кеткен жөн, аталған бастама бойынша АҚШ, Кеңес Одағы, Ұлыбритания және Қытай бірлесіп, ғаламдық тұрақтылықты қамтамасыз етуі тиіс болатын.

Өзара тиімді байланысқа бір мысал. Күні кеше президентке тікелей бағынатын NASA (АҚШ Ғарыш агенттігі) басшысы Жаред Айзекман Халықаралық ғарыш стансасына аттанатын экипажды шығарып салу үшін Байқоңырға келді. Аталған экипаж құрамында ресейліктермен бірге американдық астронавт Анил Менон да бар. АҚШ пен Ресей  аталған стансаны пайдалану мерзімін ұзарту жөнінде уағдаласты. Айта кеткен жөн, Айзекман осы сапар барысында Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен де кездесті. Тараптар өзара ынтымақтастықты дамыту, әсіресе, ғарыш ілімі, астрофизика, жер серігі технологиялары сияқты ортақ жобаларды іске асыру жайын талқылады.

Трамп билікке келген соң NATO-ны реформалау, яғни бүгінгі күнге бейімдеуге ерекше мән берді. Сөйтіп, Ауғанстанда жиырма жыл бойы тұрған әскерді алып кетті. Ол желге ұшқан жүздеген миллиард долларды санамағанда, бөтен елге  әскер кіргізу ешкімге абырой әкелмейтінін мәлімдеді. АҚШ президенті тіпті мылтықсыз майданмен өзіне ұнамаған жердегі билікті тайдыруға пайдаланған атышулы ұйымды да жауып тастады. Сондай-ақ одақтың қаржылай шығынын Америкамен бірдей бөлісуді, мүшелік жарнаны жалпы ішкі өнім көлемінің 5 пайызына жеткізуде талап етті. Әйтпесе, әңгіме қысқа: әркім өз қотырын өзі қасиды. Әу баста кейбіреулер күңкілдегенімен, прагматикалық көзқарасқа көнуге мәжбүр болды. Жоғарыда айтылған 139 миллиардтың түп-төркіні осында жатыр.

Сарапшы қауым «NATO 3.0» деп сипаттаған әскери одақ осылай жаңа кезеңге аяқ басты. Оның ғаламдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты орнықтыруға қалай қызмет ететінін уақыт көрсетеді.

 

Срайыл Смайыл 

 

 

 

 

Бүгін, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты
15 шiлде, 14:24
Алпамыс Өтепов: Қазақстан Қарулы Күштерінде цифрлық технологияны енгізу басым бағытқа айналды
14 шiлде, 17:15
Ғиззат Байтұрсынов: «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы цифрлық мемлекет құруға бағытталған
14 шiлде, 13:36
Иран Шархан: Мақсат –шикізатпен шектелмей, дайын өнім шығаратын өндірістік модельге көшу
13 шiлде, 15:45
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – өңір дамуының маңызды бағыты
12 шiлде, 13:59
Негізгі мақсат – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту
11 шiлде, 14:51
NATO 3.0: Әскери өнеркәсіпке басымдық
11 шiлде, 14:15
Тұрсынғали Жәкенов: LRT арқылы 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданды
09 шiлде, 14:55
Қанат Шонбасов: Мақтадан дайын тігін бұйымдарын шығаратын тізбек қалыптасты