
Биылғы сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі саналатынын атап көрсетті. Мемлекет басшысы: «Бәріңізге белгілі, биыл — елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы». Сондықтан алдымызда әлі де көп жұмыс бар. Ширақ қимылдап, тұтас қоғам болып табанды еңбек етуіміз керек», — деді. Президент тапсырмасы еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында ойдағыдай іске асуда.
Бұл орайда Шымкенттің цифрлық инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқанын айтқан жөн. Қалада 1,7 мыңнан астам базалық станция орнатылып, 80-нен астам тұрғын алабы интернетпен қамтылған. Ақылды көлік жүйесі жол өткізгіштігін артырып отыр. 40 мыңнан астам бейнекамера мен дрондар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылған. Бұдан бөлек, медицинада мыңдаған томографиялық зерттеулерді талдайтын жасанды интеллект енгізілген. Білім беру саласында да заманауи IT-зертханалар бой көтеруде.
Осындай ауқымды цифрлық өзгерістер туралы Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов Jas Qazaq тілшісімен болған сұхбат барысында әңгімелеп берді.
– Мұхит Әбутәліпұлы, Шымкентте байланыс инфрақұрылымын жаңғырту мен сандық қызметтерді дамыту қалай жүріп жатыр?
– Негізгі басымдық – тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып, сандық инфрақұрылымды толық жаңарту. Шаһарда 1791 базалық станция жұмыс істейді. Жол картасына сәйкес соңғы жылдары 346 жаңа станция орнатылып, 398-і жаңғыртылды. Бүгінде 391 станция 5G желісін таратады. Осының арқасында байланысы нашар нүктелер саны 147-ден 8-ге дейін азайды. Бұдан бөлек мобильді операторлармен бірге тағы 20 станция салынбақ. Сондай-ақ 86 тұрғын алабының 82-сі кең жолақты интернетке қосылған, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді.
– Ақылды технологиялар қаланы басқару мен жол инфрақұрылымына қалай ықпал етуде?
– «Smart Data Ukimet» жүйесі негізінде 124 ақпараттық кешенді біріктірген Ситуациялық орталық құрылды, ол нақты деректерге сүйеніп шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Жол қауіпсіздігіне келсек, 403 бағдаршамның 354-іне интеллектуалды жүйе орнатылды. Соның нәтижесінде көліктің орташа жылдамдығы 20 пайызға, жолдың өткізу қабілеті 26 пайызға артып, кептеліс 28 пайызға азайды. Қала бойынша 988 автобус Avtobys жүйесімен бақыланып, аялдамаларға 140 электронды тақта қойылды.
– Ал қоғамдық қауіпсіздік пен мектептерде қандай сандық жобалар жұмыс істеп тұр?
– Мегаполисте 42 мың бейнекамера бар, оның 3956-сы аналитикалық сараптама жасайды. Жолда 600 стационарлық, патрульде 10 және жедел жәрдемде 2 мобильді кешен орнатылған. Тәртіпті бақылауға 10 полициялық дрон мен әкімдіктің 5 пилоттық дроны тартылып, 350-ден астам әуе мониторингі жүргізілді. Олар төтенше жағдайды ерте анықтауға көмектеседі.
Білім беру саласында 245 ұйым арнайы қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. 147 мектепте «AIQYN» жобасы аясында жасанды интеллект енгізілуде, ал 15 мыңнан астам камера Жедел басқару орталығына қосылды. 98 мектепте оқушылар тамақтануын бақылайтын 392 кешен жұмыс істейді.
– Денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық сияқты басқа салаларда қандай өзгерістер бар?
– Денсаулық сақтау саласында PULS AI жүйесі 20 емханада диагноз қоюға көмектессе, Cerebra AI жүйесі №2 емханада 2839 томографиялық зерттеуді талдап, инсультті ерте анықтауға ықпал етті. Тұрғын үй-коммуналдық салада Art Code жобасы жылу құбырларының ішкі жағдайын қазбай-ақ жасанды интеллектпен тексеруге мүмкіндік беруде.
ІТ экожүйені дамытуда Shymkent IT HUB орталығы 250 іс-шара өткізіп, Future Makers, Tech Dames, RoboPark.kz сияқты бастамаларды жүзеге асырды. Сонымен қатар Tashenev University базасында 18 айлық Tomorrow School мектебі мен Tashenev AI Laboratory зертханасы ашылды. Мұнда жастар дрон басқару, VR/AR, Big Data және 3D модельдеу бойынша білікті ІТ маман болып шығады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық