
Елімізде мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта маңызды өзгерістер басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған заңға қол қойып, мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға арналған бірқатар жаңа тетіктерді енгізді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесі толық цифрландырылды. Бұрын шамамен бір айға созылатын конкурс енді орта есеппен небәрі 5–7 жұмыс күнінде аяқталады. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда мүдделер қақтығысын реттеу және цифрлық кадрлық жүйені дамыту сынды маңызды өзгерістер жүзеге асуда. Мұндай жаңашылдықтардың сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудегі рөлі қандай? Осы және өзге де сұрақтарға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Ержан Жаров Jas Qazaq тілшісіне жауап береді.
– Ержан Қайырұлы, Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заңның басты ерекшелігі неде? Ол қарапайым азаматтарға қандай пайда әкеледі?
– Заң 2022–2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру және халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізу мақсатында қабылданды. Басты мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін күшейту және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру.
Заңда алғаш рет мүдделер қақтығысының түрлері нақты айқындалып, оларды реттеу тәртібі белгіленді. Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардағы комплаенс-қызметтердің тәуелсіздігі күшейтіліп, цифрлық кадрлық жүйенің құқықтық негізі бекітілді.
Тағы бір маңызды жаңалық – енді сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі ұсыныстарды орындамаған лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Егер мемлекеттік орган анықталған тәуекелдерді жоймаса немесе мүдделер қақтығысының алдын алу шараларын қабылдамаса, тәртіптік, ал кейбір жағдайларда әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Бүгінде Агенттік сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары бойынша берілген ұсынымдардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.
– Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі туралы көп айтылып жүр. Оның бұрынғы жүйеден айырмашылығы қандай?
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының басты мақсаты – азаматқа қызмет көрсетуді бірінші орынға қоятын, сервистік әрі клиентке бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыру.
Осыған байланысты биыл қабылданған жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңда Әдеп жөніндегі уәкілдердің мәртебесі мен өкілеттігі түбегейлі жаңартылды.
Енді Әдеп жөніндегі уәкіл тек қызметкерлердің әдеп нормаларын сақтауын бақылайтын маман ғана емес. Ол мемлекеттік органдағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін ұйымдастырады. Оның қарауына тәртіптік комиссиялардың жұмысы, қызметтік тергеп-тексерулердің заңдылығы, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі мінез-құлқын бақылау, заңнамалық шектеулердің сақталуына жәрдемдесу, комплаенс-қызметтердің жұмысын үйлестіру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылау жүргізу, құқықтық және корпоративтік мәдениетті нығайту сияқты маңызды міндеттер кіреді. Басты назар жазалауға емес, құқық бұзушылықтың алдын алуға аударылып отыр.
– Ал мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесі қалай өзгерді?
– Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды цифрлық реформалар жүргізілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметке қабылдаудың барлық конкурстық рәсімдері «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта өткізіледі.
Бұл шешім адами фактордың ықпалын едәуір азайтып, конкурс өткізу мерзімін бірнеше есе қысқартты. Егер бұрын мемлекеттік қызметке орналасу конкурсы шамамен бір ай уақыт алса, бүгінде бос лауазымдар орта есеппен 5–7 жұмыс күні ішінде толықтырылады.
Жаңа жүйенің тиімділігі статистикадан да көрінеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бір бос орынға орта есеппен 6,67 үміткерден келген. Ал бұрынғы дәстүрлі жүйеде бұл көрсеткіш небәрі 1,7 адамды құрайтын. Бұл мемлекеттік қызметтің ашық әрі қолжетімді бола бастағанын көрсетеді.
– Қазіргі таңда Әдеп кодексін жаңарту жұмыстары да жүріп жатыр. Оның қажеттілігі неде?
– Иә, қазіргі уақытта Агенттік мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексінің жобасын әзірлеуде.
Қоғам өзгерген сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар да өзгереді. Сондықтан жаңа кодекс қазіргі заман талаптарын, цифрлық ортаның ерекшеліктерін, профилактикалық жұмысты күшейту қажеттілігін және қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыру міндетін ескере отырып дайындалуда.
Басты мақсат – мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру ғана емес, мемлекеттік органдарда адалдық, ашықтық және кәсіби мәдениетті қалыптастыру.
– Жалпы, қабылданып жатқан өзгерістердің түпкі мақсаты қандай?
– Бүгінгі реформалардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметті барынша ашық, тиімді және азаматтарға жақын ету.
Бұл үшін заңнамалық өзгерістер ғана емес, цифрлық технологиялар, жаңа басқару тәсілдері және алдын алу тетіктері қатар енгізіліп жатыр. Мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісі жеңілдеп, ашықтық күшейді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтау мен жоюдың нақты механизмдері қалыптасты.
Ең бастысы – мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру арқылы азаматтардың мемлекетке деген сенімін күшейту. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
— Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық