
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айда Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдап, Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығын нығайтуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берген болатын. Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру, армияны цифрландыру және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Jasqazaq.kz порталы осы мәселелер төңірегінде Қорғаныс министрлігі Стратегиялық даму департаменті бастығының орынбасары, полковник Алпамыс Өтеповпен әңгімелесті.
— Әлемдегі геосаяси ахуалдың шиеленісуі және жекелеген өңірлердегі қарулы қақтығыстардың ушығуы аясында көптеген елдер қорғаныс саясаты мәселелеріне ерекше назар аудара бастады. Қалыптасқан жағдайда бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінің алдында қандай міндеттер тұр?
— Қазіргі әскери-саяси ахуал расында да тұрақсыздықтың жоғары деңгейімен сипатталады. Біз өңірлік қақтығыстар санының артуын, әскери технологиялардың қарқынды дамуын, қарулы күрес сипатының өзгеруін және қауіпсіздікке төнетін жаңа қатерлердің пайда болуын байқап отырмыз. Бұл үдерістер ұлттық қорғаныс жүйесін үнемі жетілдіруді талап етеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы тек қорғаныс сипатында екенін ерекше атап өткен жөн. Еліміз бейбітшілікке негізделген сыртқы саясатты дәйекті түрде ұстанады, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтейді және әскери күш қолдануды саяси мәселелерді шешудің құралы ретінде қарастырмайды.
Қарулы Күштердің негізгі міндеті – Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық мүдделерін қорғау. Осы мақсатта әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, басқару жүйесін жетілдіру, әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын дамыту, қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғырту, сондай-ақ арнайы операциялар күштерін, аумақтық қорғанысты, киберқауіпсіздікті және басқа да заманауи бағыттарды дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
Қазіргі қарулы қақтығыстарды талдау негізінде әскерлерді даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа технологияларды, ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын және цифрлық шешімдерді қолданудың әлемдік тәжірибесі зерделенуде. Бұл жеке құрамды даярлау жүйесін уақытылы бейімдеуге және қойылған міндеттердің тиімді орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Бүгінде озық елдерде әскердің қару-жарағына цифрлық және ЖИ технологиясын енгізу басым бағытқа айналып келеді. Бізде осы салада қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Цифрлық трансформация – заманауи Қарулы Күштерді дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі цифрлық технологияларды әскерлерді басқару үдерістеріне де, жауынгерлік даярлық жүйесіне де кезең-кезеңімен енгізіп келеді.
Қарулы Күштерді цифрлық трансформациялаудың негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллект технологияларын енгізу және заманауи цифрлық сервистерді дамыту.
Цифрландыру шеңберінде Қорғаныс министрлігі азаматтардың армиямен өзара іс-қимылының бірыңғай цифрлық платформасы – myarmy.kz порталын іске қосты. Портал арқылы мерзімді әскери қызметке өтінім беруге, оның қаралу мәртебесін қадағалауға, қажетті құжаттар мен медициналық тексерулер туралы ақпарат алуға, сондай-ақ кері байланыс сервистерін пайдалануға болады.
Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігі азаматтарды олардың дағдылары, қабілеттері мен кәсіби бейімділіктерін ескере отырып, әскер түрлері мен тектері бойынша бөлуге мүмкіндік беретін «Sarbaz-AI» интеллектуалды жүйесінің жобасын таныстырды. AI Governance Cup ұлттық конкурсының қорытындысы бойынша бұл жоба орталық мемлекеттік органдар арасындағы үздік бес шешімнің қатарына енді.
Сондай-ақ, Қазақстан шілде айынан бастап әскерге цифрлық шақыру жүйесіне көшуде. Енді шақырылушылар туралы мәліметтер мемлекеттік базалардан автоматты түрде жиналып, барлық құжаттар электронды форматта рәсімделеді. Шақыру комиссияларының шешімдері де цифрлық қолтаңба арқылы бекітіледі.
Cонымен қатар, Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың дербес әскери есебін жүргізуге арналған «Жұмылдыру ресурстарын автоматтандырылған есепке алудың интеграциялық шлюзі» цифрлық жүйесінде жасанды интеллект негізінде әскерге шақырылушыларды әскер түрлері мен тектері бойынша ұсынылатын қызмет бағытына автоматты түрде бөлу функциясы енгізілген.
Ұсынымдарды қалыптастыру кезінде жасанды интеллект шақырылушының антропометриялық деректерін (бойы мен салмағы), білім деңгейін және білім бағытын (техникалық, гуманитарлық және т.б.) ескереді.
SARBAZ+ және Defence Tech жобалары аясында мемлекеттік органдарды, IT-компанияларды, ғылыми ұйымдарды, жоғары оқу орындарын және стартаптарды біріктіретін қорғаныс технологияларының ұлттық экожүйесі қалыптасуда. Оның негізгі бағыттары – ұшқышсыз технологиялар, робототехника, жасанды интеллект, әскери бейнеталдау, цифрлық платформалар және киберқауіпсіздік.
Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Әскери қызметшілер деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті талдау бағыттары бойынша оқытылып, халықаралық сертификаттар алу мүмкіндігіне ие.
Сондай-ақ SHAIQAS 2026 чемпионаты киберқауіпсіздік, робототехника және ұшқышсыз жүйелер салаларындағы таланттарды анықтап, отандық технологияларды дамытуға ықпал етеді.
Бұл бастамалар Қарулы Күштердің тиімділігін арттыруға және еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

— Жастарды сарбаз қатарына шақыру, олардың Отан алдындағы әскери борышын орындауын насихаттау жайына тоқтала кетсеңіз. Жасыратыны жоқ, кейде әлеуметтік желіде әскерге қатысты жаңсақ ақпарат жарияланып жатады.
— Әскери қызметтің беделін арттыру және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі. Әскери қызмет – бұл тек азаматтың конституциялық борышын өтеуі ғана емес, сонымен қатар кәсіби дағдыларды меңгеруге, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға, көшбасшылық қабілеттерді дамытуға, өмірлік тәжірибе жинақтауға және мемлекет ұсынатын әлеуметтік кепілдіктерге ие болуға мүмкіндік.
Азаматтарды шынайы әрі жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде тұрақты түрде ашық есік күндерін өткізеді, жастармен кездесулер ұйымдастырады, әскери-патриоттық іс-шаралар өткізеді, білім беру ұйымдарымен тығыз жұмыс жүргізеді, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады. Жастар мен олардың ата-аналарының ресми ақпарат көздерінен нақты әрі сенімді мәлімет алуына ерекше мән беріледі.

Өкінішке қарай, ақпарат кеңістігінде кейде тексерілмеген деректер, жалған ақпарат пен қоғамды жаңылыстыруға бағытталған арандатушылық сипаттағы жарияланымдар таралып жатады. Қарулы Күштерге қатысты жарияланған әрбір ақпарат мұқият зерделенеді. Егер онда көрсетілген мәліметтерді тексеруге негіз болса, уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп қызметтік тексеру жүргізіледі. Ал заң бұзушылық фактілері расталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Сонымен қатар қоғамды адастыруға немесе мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіруге бағытталған көрінеу жалған ақпаратты тарату заң алдында жауапкершілікке әкеп соғады.
Қорғаныс министрлігінің негізгі міндеті – жалған ақпаратты уақытылы жоққа шығару ғана емес, қоғаммен ашық әрі сындарлы ақпараттық байланыс орнату. Осы мақсатта министрлік бұқаралық ақпарат құралдарымен, сарапшылар қауымдастығымен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Сонымен қатар Қарулы Күштердің қызметі туралы тексерілген ақпарат тұрақты түрде жарияланып, мемлекеттік және әскери құпияға жатпайтын мәселелер бойынша барынша ашықтық қамтамасыз етіледі.
— Әңгімеңізге рахмет!
Талап Тілеген
Суреттерді ұсынған Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі