
Жамбыл облысында тұрғындарды сапалы жылумен және ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл өңірде жылу желілерін жөндеу мен қайта жаңғыртуға 5,3 млрд теңге бағытталып, 17,3 шақырым желіні жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар ауыз су жүйелерін жаңғырту бойынша 19 жобаға 17,1 млрд теңге қарастырылған.
Облыстағы жылу және сумен жабдықтау жүйелерінің қазіргі жағдайы және жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы Jas Qazaq тілшісіне Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов айтып берді.

Бүгінде Жамбыл облысы бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 350,7 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда олардың тозу деңгейі 53 пайыз шамасында.
Жылу инфрақұрылымын жаңарту – тұрғындардың тұрақты әрі сапалы жылу қызметімен қамтамасыз етілуі үшін маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта 2026 жылы облыс бойынша жылу желілерін жөндеу және қайта жаңғыртуға барлық қаржы көздерінен 5,3 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаражат есебінен жалпы ұзындығы 17,3 шақырым болатын желілер жаңартылады.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін облыстағы жылу желілерінің тозу деңгейін 53 пайыздан 51 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Облыс орталығы — Тараз қаласында да бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, М-3 жылу магистралінің 750 метр бөлігін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар «Самал» шағын ауданындағы 499 метр және «Алатау» шағын ауданындағы 820 метр жылу желілерін жаңарту жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 4,4 шақырым жылу желісін ауыстыруды көздейтін екі жоба іске асырылады. Бұл жобалар Ұлттық жобаның электрондық сатып алу платформасына енгізіліп, қазіргі уақытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Қаратау қаласында 2,1 шақырым магистральдық жылу желісіне жөндеу жүргізу жоспарланған. Сонымен бірге кәсіпорындардың тарифтік сметалары мен инвестициялық бағдарламалары аясында 8,7 шақырым жылу желісін жөндеу көзделіп отыр.
Дамир Тұңғатов: «Облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және су жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі. Қазіргі таңда облыс бойынша су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 7 237,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 788,9 шақырымы немесе 24,7 пайызы тозған. Ал су бұру желілерінің жалпы ұзындығы 570,2 шақырым болса, оның 172,9 шақырымы, яғни 30,3 пайызы тозу деңгейінде.
Осыған байланысты тозығы жеткен ауыз су желілері мен су тарату нысандарын кезең-кезеңімен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылы 11 елді мекендегі ауыз су жүйелерін реконструкциялауға 2,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде екі нысанның құрылысы толық аяқталды. Қалған тоғыз жоба өтпелі болып, жұмыстар биыл жалғасуда», — деді.
Ағымдағы жылы ауыз су жүйелерін реконструкциялау жұмыстары қосымша екі елді мекенді қамтиды. Сонымен қатар Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен сегіз жобаға 8,9 млрд теңге бөлінді. Жалпы алғанда, 2026 жылы облыста сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 19 жобаны жүзеге асыруға 17,1 млрд теңге қарастырылған.
Бұл жобалар тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға, инженерлік желілердің сенімділігін күшейтуге және коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Алдағы жоспар бойынша, қазіргі таңда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау бойынша 43 жоба әзірленді. Бұл жобаларды жалпы сипаттағы трансферттер және Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының негізгі мақсаты – желілердің тозуын азайту, апатты жағдайлардың алдын алу және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру.
Жыл қорытындысы бойынша жоспарланған реконструкциялау жұмыстары толық орындалып, нысандар пайдалануға берілген жағдайда, су желілерінің тозу деңгейін шамамен 1,5 пайызға төмендету мүмкін болады.
Жалпы Жамбыл облысында жылу және су жүйелерін жаңарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңірдің инженерлік инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталады.
Олжас Әбдіхалық
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі