
Астанада көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Биыл елордада жеңіл рельсті көлік (LRT) іске қосылып, алғашқы айлардың өзінде 1 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетті. Сонымен қатар қала көшелерінде жаңа магистральдар ашылып, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар кеңейтілуде. Бүгінде Bus Line жолақтарының ұзындығы 140 шақырымнан асып, қоғамдық көліктің қозғалыс жылдамдығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Jas Qazaq тілшісі көлік инфрақұрылымының бүгінгі жағдайы, жүзеге асырылып жатқан жобалар және алдағы жоспарлар туралы Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Тұрсынғали Жакеновпен сұхбаттасты.
– Тұрсынғали Жақсылықұлы, тұрғындарды ең көп алаңдататын мәселелердің бірі – көлік кептелісі. Астанада бұл мәселені шешу үшін қандай жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Көлік кептелістерін азайту – қала көлік жүйесін дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Астанада бірқатар кешенді шаралар қолға алынды.
Қазіргі таңда Бейсекова және Тілендиев көшелерінің қиылысында екі деңгейлі көлік айрығын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба көлік ағындарын тиімді бөлуге және аталған учаскедегі қозғалысты жеңілдетуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар сегіз жолақты магистраль болып табылатын Шыңғыс Айтматов көшесінде көлік қозғалысы ашылды. Бұл жолдың іске қосылуы қаланың жаңа бөлігіндегі көлік жүктемесін азайтуға үлкен әсер етті. Атап айтқанда, Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарына, сондай-ақ Сығанақ және Қажымұқан Мұхамедханов көшелеріне түсетін көлік ағыны біршама төмендеді.
Бұдан бөлек, Тәуелсіздік даңғылын Қабанбай батыр даңғылынан Ұлы Дала даңғылына дейін ұзарту жобасы жүзеге асырылуда. Бұл да сегіз жолақты магистраль болады. Жоба аяқталғаннан кейін Мәңгілік Ел және Тұран даңғылдарындағы көлік қозғалысы оңтайланып, жолдардың өткізу қабілеті артады деп күтілуде.
Сондай-ақ көлік қозғалысын тиімді басқару үшін интеллектуалды көлік жүйесі (ITS) енгізілді. Бұл жүйе көлік ағындарын талдауға, жол жағдайын бақылауға және қозғалысты реттеуге мүмкіндік береді.
– Биыл елорда тұрғындары үшін маңызды жаңалық – LRT жүйесінің іске қосылуы. Оның көлік жүйесіне әсері қандай?
– Жеңіл рельсті көлік – Астананың көлік инфрақұрылымындағы маңызды жобалардың бірі. LRT жүйесі биыл мамыр айынан бастап пайдалануға берілді.
Қазіргі уақытта оның орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 70 мың адамды құрайды. Жүйе іске қосылғаннан бері 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданды.
LRT-ның негізгі мақсаты – тұрғындарға жылдам, қауіпсіз және жайлы көлік қызметін ұсыну. Сонымен бірге бұл жоба қоғамдық көлікке деген сұранысты арттырып, жеке автокөліктерді пайдалануды азайтуға ықпал етеді.
Көлікті дамытудың кешенді бағдарламасы аясында көшелерді, бағдаршам нысандарын және аялдама инфрақұрылымын жаңғыртуды қамтитын 9 жедел көлік дәлізін іске асыру жұмыстары жүргізілуде.
Бағдарлама бойынша қоғамдық көлікті тұрақты пайдаланатын тұрғындардың үлесін 2025 жылғы 28 пайыздан 2030 жылға қарай 60 пайызға дейін жеткізу көзделген. Осы мақсатта 2030 жылға дейін 25 жедел қоғамдық көлік дәлізінен тұратын көлік қаңқасы қалыптастырылады.
– Қоғамдық көліктің сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қоғамдық көліктің сапасы мен сенімділігін арттыру үшін автобус паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы 300 жаңа газбен жүретін автобус сатып алынды. Соңғы екі жыл ішінде автобус паркі 30 пайызға жаңартылды. Алдағы уақытта жыл сайын кемінде 200 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қоғамдық көлікке басымдық беретін арнайы Bus Line жолақтары кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Қазіргі таңда олардың жалпы ұзындығы 140 шақырымнан асты.
Жаңа арнайы жолақтар Тәуелсіздік, Тұран, Әл-Фараби және Шыңғыс Айтматов даңғылдарында енгізілді. Бұл қоғамдық көліктің жүру уақытын 10–15 пайызға қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде автобустардың қозғалысы тұрақтанып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жақсаруда.
– Қоғамдық көлікті цифрландыру бағытында қандай өзгерістер енгізілді?
– Қазіргі таңда көлік саласын цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр. Қоғамдық көлікте электрондық жолақы төлеу жүйесі, автобустарды диспетчерлік басқару және көлік құралдарын нақты уақыт режимінде бақылау жүйелері енгізілді.
Жолаушылар Avtobys мобильді қосымшасы арқылы автобустардың қозғалысын, келу уақытын бақылап, өз сапарын алдын ала жоспарлай алады.
Цифрлық шешімдер қоғамдық көлік жұмысын тиімді басқаруға, маршруттардың орындалуын бақылауға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
– Алдағы жылдары Астана тұрғындары көлік жүйесінде қандай жаңашылдықтарды көре алады?
– Алдағы кезеңде қоғамдық көлік желісін одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Негізгі міндеттердің бірі – жаңа тұрғын алаптарының көлік қолжетімділігін арттыру және бұрын қоғамдық көлікпен толық қамтылмаған аумақтарды маршруттармен қамтамасыз ету.
LRT жобасының іске қосылуына байланысты автобус маршруттары кезең-кезеңімен қайта қаралады. Қайталанатын бағыттар оңтайландырылып, бірқатар маршруттар LRT станцияларына жеткізуші бағыттар ретінде ұйымдастырылады.
Бұл шаралар қоғамдық көлік жүйесінің тиімділігін арттырып, тұрғындардың қала ішінде жылдам әрі ыңғайлы қозғалуына мүмкіндік береді.
Жалпы Астананың көлік инфрақұрылымын дамытудағы басты мақсат – қауіпсіз, заманауи және тұрғындарға қолайлы көлік ортасын қалыптастыру. Жаңа жолдар, цифрлық технологиялар және қоғамдық көлікке басымдық беру арқылы елорданың көлік жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде.
— Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық