jasqazaq.kz

Иран Шархан: Мақсат –шикізатпен шектелмей, дайын өнім шығаратын өндірістік модельге көшу

14 шiлде, 13:36

Елімізде мақта өндірісін тек шикізат өндірумен шектемей, оны толық өңдеп, дайын өнім шығаруға бағытталған жаңа өндірістік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Түркістан облысында мақта талшығынан бастап дайын тоқыма бұйымдарына дейін шығаратын толық циклды заманауи кешендер іске қосылуда. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, аталған жобалардың нәтижесінде мақтаны терең өңдеу көлемі 20 мың тоннаға артып, 1500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы толығырақ Jas Qazaq тілшісіне өнеркәсіп және құрылысы вице-министрі Иран Шархан айтып берді.

Иран Шарханұлы, елімізде мақтаны терең өңдеу бағытында қандай инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр?

– Қазіргі таңда елімізде мақта өндірісін дамыту және оны терең өңдеу бағытында бірқатар ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Негізгі жобалар Түркістан облысында жүзеге асырылып жатыр. Олар мақта-мата иірімжібін, мата және дайын тоқыма бұйымдарын өндіруге бағытталған. Сонымен қатар Шымкент қаласында аралас маталар шығару бойынша өндірістерді дамыту жұмыстары жүргізілуде.

Солардың бірі – қытайлық инвестор жүзеге асырып жатқан толық өндірістік циклды қамтитын заманауи тоқыма кешені. Бұл жоба мақтаны өңдеудің барлық кезеңін бір алаңда жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында мақта талшығын иірімжіпке айналдырудан бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі барлық процесс жолға қойылады.

Өндірістік кешенде иіру, тоқу, бояу, матаға өрнек салу, әрлеу және тігін өндірісі толық қамтылады. Нәтижесінде төсек-орын жабдықтары, көрпелер, жастықтар, матрас тысқаптары сияқты дайын тоқыма өнімдері шығарылатын болады.

Бұл өндіріс Түркістан облысындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасады. Жобаның ерекшелігі – барлық технологиялық кезеңдердің бір жерде шоғырлануы. Бұл өнім сапасын арттырып қана қоймай, өндіріс тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.

Жобалар толық іске асқаннан кейін мақта талшығын терең өңдеу көлемі 20 мың тоннаға артып, 1500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. 2025 жылғы 10 желтоқсанда кәсіпорынның иіру фабрикасы пайдалануға берілді. Ал толық өндірістік циклды іске қосу 2028 жылға жоспарланған.

– Мақтаны шикізат күйінде сатпай, дайын өнімге дейін өңдеудің экономикалық тиімділігі қандай?

– Мақтаны терең өңдеудің басты артықшылығы – қосылған құнды арттыруында. Шикізатты экспорттаған жағдайда оның экономикалық қайтарымы шектеулі. Ал мақта талшығын жіпке, мата және дайын бұйымдарға дейін өңдеу арқылы өнімнің құны бірнеше есе өседі.

Мысалы, мақтадан дайын киім немесе үйге арналған тоқыма өнімдерін шығару арқылы кәсіпорындар жоғары табысқа қол жеткізе алады. Сонымен бірге бұл бағыт жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық тоқыма өнеркәсібін дамытуға, салық түсімдерін көбейтуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді.

Әрине, өндірістің тиімділігі бірқатар факторларға байланысты. Олардың қатарында шикізат сапасы, заманауи жабдықтарды қолдану, энергия шығыны, еңбек өнімділігі, логистика және дайын өнімге деген сұраныс бар.

Сондықтан негізгі мақсат – мақтаны тек өсіріп, шикізат ретінде шығару емес, оны толық өңдеп, жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіру. Бұл ел экономикасына да, өңірлердің дамуына да оң әсер етеді.

Өңдеу өнеркәсібін өрге бастыру үшін мемлекет тарапынан инвесторларға қандай қолдау көрсетіледі?

– Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында кәсіпкерлерге қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі.

Атап айтқанда, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі арқылы бірқатар даму институттары жұмыс істейді. Соның ішінде «Қазақстанның Даму Банкі», «Өнеркәсіпті дамыту қоры» және «Qazaqstan Investment Corporation» арқылы өңдеу өнеркәсібі жобаларын жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері жүзеге асырылып келеді.

2022 жылдан бастап министрлік кәсіпорындарды қолдау мақсатында 720,2 млрд теңге бөлді. Осы қаражат есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі шамамен 138 жоба қаржыландырылды. Қосымша қаржы көздерін тарту тетіктерін ескергенде, жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 1 трлн теңгеден асты.

Инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар да маңызды қолдау құралы болып табылады. Бұл алаңдарда дайын инженерлік инфрақұрылым ұсынылып, кәсіпкерлердің өндірісті іске қосу шығындары азайтылады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 14 өңірде орналасқан 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар 67 индустриялық аймақ құрылған. Оның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған 29 шағын өнеркәсіптік аймақ пайдалануға берілді.

Мұндай өндірістік алаңдардың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру.

– Алдағы уақытта мақта өндірісі мен өңдеу саласында қандай нәтижелер күтіледі?

– Алдағы кезеңде Қазақстанда мақта өндірісін терең өңдеу бағыты одан әрі дамиды. Негізгі міндет – шикізаттық бағыттан дайын өнім өндіретін толыққанды өндірістік модельге көшу.

Бұл бағыттағы жобалардың іске асуы еліміздің тоқыма өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеріп, отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті өнім шығару үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Мақта кластерін дамыту арқылы біз тек өндірісті ғана емес, өңірлердегі жұмыспен қамтуды, кәсіпкерлікті және жалпы экономикалық белсенділікті арттыруды көздейміз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Олжас Әбдіхалық

14 шiлде, 17:15
Ғиззат Байтұрсынов: «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы цифрлық мемлекет құруға бағытталған
14 шiлде, 13:36
Иран Шархан: Мақсат –шикізатпен шектелмей, дайын өнім шығаратын өндірістік модельге көшу
13 шiлде, 15:45
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – өңір дамуының маңызды бағыты
12 шiлде, 13:59
Негізгі мақсат – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту
11 шiлде, 14:15
Тұрсынғали Жәкенов: LRT арқылы 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданды
09 шiлде, 14:55
Қанат Шонбасов: Мақтадан дайын тігін бұйымдарын шығаратын тізбек қалыптасты
09 шiлде, 13:10
InEco Fest 2026: Табиғат, адам және өмір сүруге жайлы қала
07 шiлде, 12:35
Шығанақтағы шырғалаңнан - саяси және экономикалық тұрақтылыққа
03 шiлде, 16:01
Данияр Жүсіпов: «Шомылу маусымында қауіпсіздікке немқұрайды қарауға болмайды»