jasqazaq.kz

Ғиззат Байтұрсынов: «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы цифрлық мемлекет құруға бағытталған

Бүгін, 17:15

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында үш жылдың ішінде елімізді «толық цифрлық мемлекетке» айналдыру қажеттігін атап көрсетті.

Жасанды интеллект бүгінде тек экономика мен қоғам өмірінің түрлі бағыттарына еніп жатқан маңызды құралға айналды. Елімізде мұндай технология мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінен бастап білім беру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және басқару салаларына енгізіліп келеді. «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында жасанды интеллект шешімдерін қолдану арқылы жаңа цифрлық мүмкіндіктер қалыптастыру көзделген.

Бүгінде eGov AI интеллектуалды чат-боты іске қосылып, азаматтарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес береді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында цифрлық жүйелер арқылы өндіріс үдерістерін тиімді басқару жолға қойылуда. Сонымен қатар AI-SANA бағдарламасы арқылы миллионға жуық азаматтың цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Жасанды интеллекттің әртүрлі салаларға енгізілуі қандай нәтижелер беріп жатыр? Осы туралы Jas Qazaq тілшісіне Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов айтып берді.

 – «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында жасанды интеллектіні дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бүгінде елімізде цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы негізгі стратегиялық құжат – «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы. Оның мақсаты – толыққанды цифрлық мемлекет қалыптастыру және жасанды интеллект негізіндегі жаңа экономиканы дамыту.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында қазіргі кезең Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде белгіленді. Бұл жаңа цифрлық бастамаларды жедел іске асыруға және қолданыстағы жобаларды дамытуға мүмкіндік берді.

Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің кемінде 80 пайызы Gov Workspace бірыңғай цифрлық жұмыс орнымен қамтылады. Кемінде 50 мемлекеттік қызмет жасанды интеллект көмегімен көрсетіледі. Ал мемлекеттік ақпараттық жүйелердің кемінде 30 пайызы QazTech платформасына көшіріледі.

Қазіргі таңда жасанды интеллект технологиялары азаматтарға көрсетілетін бірқатар негізгі цифрлық сервистерге енгізілді. Атап айтқанда, бұл технологиялар eGov.kz порталына, eGov Mobile мобильді қосымшасына және e-Otinish жүйесіне енгізіліп отыр.

Соның нақты мысалы – eGov AI интеллектуалды чат-боты. Ол азаматтарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беріп, қажетті ақпаратты, қызмет алу жолдарын және тиісті сервистерге сілтемелерді ұсынады.

Жасанды интеллект қолданылып жатқан маңызды бағыттардың бірі – жеке куәлікті беру және оның мерзімін ұзарту қызметі. Қазір азаматтар мұндай қызметті ХҚКО-ға бармай-ақ, eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы онлайн рәсімдей алады.

Бұл процесте фотосуретті тексеру кезінде ЖИ технологиялары пайдаланылады. Жүйе суретті 18 параметр бойынша талдап, оның ішінде дипфейк белгілерін және фотосуретті алмастыру әрекеттерін анықтай алады. Бұл құжат рәсімдеу қауіпсіздігін арттырып, азаматтардың жеке деректерін қорғауға мүмкіндік береді.

«Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында мемлекеттік қызметтердің кемінде 40 пайызын проактивті форматқа көшіру жоспарланып отыр. Яғни азамат белгілі бір қызметке өзі өтініш бермей-ақ, қажетті жағдай туындаған кезде тиісті қолдау шараларын автоматты түрде ала алады.

Әлеуметтік салада да жасанды интеллектінің мүмкіндігі кеңейеді. Оның көмегімен мемлекет көмекке мұқтаж азаматтарды дәлірек анықтап, әлеуметтік төлемдерді нақты бағыттауға мүмкіндік алады.

Болашақта қағаз анықтамалар мен құжаттардың скан-көшірмелерінен толықтай бас тарту көзделуде. Барлық шешімдер мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде қабылданады. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын алу уақыты орта есеппен кемінде 50 пайызға қысқарады деп күтілуде.

– Ауыл шаруашылығында жасанды интеллект қандай мәселелерді шешуге мүмкіндік береді?

– Ауыл шаруашылығы саласында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану өндіріс тиімділігін арттыруға, шешім қабылдау сапасын жақсартуға және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда агроөнеркәсіптік кешенде бірнеше негізгі ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында gosagro.kz субсидиялау жүйесі, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру және мониторинг жүйесі, рұқсат құжаттарын басқарудың автоматтандырылған жүйесі және балық ресурстарын бақылауға арналған e-Fish жүйесі бар.

Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы жерлерін цифрлық басқару жүйесін және өсімдік шаруашылығы өнімдерін бақылау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

2028 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі деректері мен сервистері бірыңғай Digital Agro Platform платформасына біріктіріледі.

Бұл ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ЖИ-бақылау жүйелерін енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өнімділігін 10 пайызға арттыру және өнімдердің қозғалысын «егістіктен сату орындарына дейін» цифрлық бақылау жоспарланып отыр.

– Білім беру саласында жасанды интеллект қандай мүмкіндіктер береді?

– Білім беру саласында жасанды интеллекттің негізгі мақсаты – заманауи білім мен цифрлық дағдыларға қолжетімділікті арттыру.

Осы бағытта Қазақстанда AI-SANA бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде бұл бастама шамамен 1 миллион азаматты қамтыды. Бағдарлама арқылы азаматтарға жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және жаңа мамандықтар бойынша білім беру көзделген.

Сонымен қатар 10-нан астам өңірде Tomorrow School жасанды интеллект мектептерін ашуға қажетті инфрақұрылым дайындалды. Бұл жобалар болашақта цифрлық экономикаға қажетті мамандар даярлауға бағытталған.

Орта білім беру жүйесінде Day of AI Qazaqstan бастамасы мен TUMO орталықтарын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы цифрлық және ЖИ дағдыларын дамыту бағдарламаларымен білім беру саласының барлық деңгейлерінде кемінде 450 мың оқушы мен оқытушыны қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жасанды интеллект мамандарын даярлау үшін AI University жобасы іске қосылып, өңірлерде Tomorrow School желісі кеңейтіледі.

— Әңгімеңізге рахмет!

 Олжас Әбдіхалық

 

Бүгін, 17:15
Ғиззат Байтұрсынов: «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы цифрлық мемлекет құруға бағытталған
13 шiлде, 15:45
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – өңір дамуының маңызды бағыты
12 шiлде, 13:59
Негізгі мақсат – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту
11 шiлде, 14:15
Тұрсынғали Жәкенов: LRT арқылы 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданды
09 шiлде, 14:55
Қанат Шонбасов: Мақтадан дайын тігін бұйымдарын шығаратын тізбек қалыптасты
09 шiлде, 13:10
InEco Fest 2026: Табиғат, адам және өмір сүруге жайлы қала
07 шiлде, 12:35
Шығанақтағы шырғалаңнан - саяси және экономикалық тұрақтылыққа
03 шiлде, 16:01
Данияр Жүсіпов: «Шомылу маусымында қауіпсіздікке немқұрайды қарауға болмайды»
01 шiлде, 16:15
Номофобия балалар суицидіне түрткі болуы мүмкін