jasqazaq.kz

Данияр Жүсіпов: «Шомылу маусымында қауіпсіздікке немқұрайды қарауға болмайды»

Бүгін, 16:01

Алматы қаласында шомылу маусымы басталғаннан бері су айдындарында адам өліміне әкелген бірде-бір оқиға тіркелген жоқ. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені судағы қайғылы жағдайлардың басым бөлігі рұқсат етілмеген орындарда шомылу, мас күйінде суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру және азаматтардың өз мүмкіндігін дұрыс бағаламауынан болады.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жаз мезгілінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құтқару бекеттерін күшейтіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуде. Су айдындарында жүзге жуық тыйым салу белгісі орнатылып, қауіп туралы ескерту жазулары салынған. Сонымен қатар LED-экрандар, смартбордтар мен әлеуметтік ақпараттық алаңдар арқылы қауіпсіздікке қатысты бейнероликтер тұрақты көрсетілуде.
Шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары қалай жүзеге асырылады? Қандай қателіктер қайғылы жағдайларға әкеледі? Азаматтар қандай талаптарды міндетті түрде есте сақтауы керек? Осы және өзге де сұрақтарға Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Данияр Жүсіпов жауап берді.
Данияр Меллатұлы, алдымен биылғы шомылу маусымындағы жағдайға тоқталсақ. Алматыдағы ахуал қандай?
–  Қалада жаз мезгілі басталғанға дейін қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, құтқару қызметтері дайындық жұмыстарын толық аяқталды. Республика көлеміндегі талдау көрсеткендей, судағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептері өзгермейді. Олар – алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде суға түсу, шомылуға рұқсат етілмеген жерлерге бару, балаларды қараусыз қалдыру, белгісіз жерде суға секіру және өз күшіне шамадан тыс сену. Осындай қарапайым ережелерді сақтамаудың салдары өте ауыр болуы мүмкін.
Шомылу маусымы басталғалы департамент тарапынан кешенді жұмыстар жүргізілуде. Ең алдымен тұрғындарды қауіпті аймақтар туралы ескертуге ерекше назар аударылды. Қаладағы су айдындарына шамамен 100 тыйым салу белгісі орнатылды. Сонымен қатар каналдардың бетон плиталарына 20 арнайы ескерту жазуы салынды.
Бұл белгілер жай ғана ақпарат үшін қойылмайды. Олар адамдардың өмірін сақтап қалуға бағытталған нақты қауіпсіздік шараларының бірі. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар бұл ескертулерге мән бермейді. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жалғастырып келеміз.
Құтқару қызметтерінің дайындығы қандай деңгейде?
– Су айдындарында төтенше жағдай болған кезде әрбір минут маңызды. Сондықтан құтқарушылардың жедел әрекет етуіне ерекше көңіл бөлінеді.
Бүгінде Аэропорт көлінде бір тұрақты құтқару бекеті жұмыс істейді. Ал Сайран көлінде екі құтқару бекеті ұйымдастырылған. Олар қажетті техникамен және құтқару құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Мамандар тәулік бойы кезекшілік атқарып, кез келген жағдайға дайын тұрады.
Біз үшін ең маңыздысы – қайғылы жағдайдың алдын алу. Сондықтан тек құтқарумен ғана айналыспаймыз, профилактикаға басымдық береміз.
28 сәуірден бастап полиция қызметкерлері, Құтқару қызметінің мамандары және Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірлескен рейдтер тұрақты өткізіліп келеді. Рейд барысында азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі, заң талаптарын бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғаны ескертіледі.
Сонымен бірге қаладағы LED экрандарда, смартбордтарда және басқа да ақпараттық алаңдарда арнайы бейнероликтер көрсетіледі. Онда судағы қауіпсіздік талаптары, жазатайым оқиғалардың себептері және оларды болдырмаудың жолдары кеңінен түсіндіріледі. Осындай ақпараттық жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың қауіпсіздік мәдениеті де біртіндеп қалыптасып келеді.
Су айдындарында демалатын азаматтар қандай талаптарды міндетті түрде есте сақтауы керек?
– Ең бастысы – өз өміріңізге және жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау.
Біріншіден, «Шомылуға тыйым салынады» деген белгі қойылған жерлерге суға түсуге болмайды. Себебі ондай аумақтар адамның өміріне қауіпті болуы мүмкін.
Екіншіден, белгіленген шомылу аймағынан шығып кетпеу керек. Қалқымалардан асып жүзу өте қауіпті.
Үшіншіден, қайықтан, катерден, көпірден, жартастан немесе арнайы жабдықталмаған орындардан суға секіруге болмайды. Мұндай әрекеттер ауыр жарақатқа немесе қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде суға түсуге қатаң тыйым салынады. Жалған көмек шақыру белгілерін беруге, қауіпсіздік белгілерін бүлдіруге немесе қалқымаларға шығуға болмайды.
Ең маңызды талаптардың бірі – балаларды ешқашан суда қараусыз қалдырмау. Көптеген жазатайым оқиғалар дәл осы немқұрайдылықтың салдарынан орын алады.
Су – демалыс орны ғана емес, қауіп көзі де болуы мүмкін. Сондықтан қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы ғана өз өмірімізді және жақындарымыздың өмірін қорғай аламыз.
Біздің құтқарушылар тәулік бойы қызмет атқарып, кез келген төтенше жағдайға дайын тұрады. Дегенмен ең тиімді құтқару – оқиғаның алдын алу. Әрбір азамат қауіпсіздік талаптарын сақтап, тек рұқсат етілген жерлерде шомылып, балаларды үнемі бақылауда ұстаса, қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады.
Судағы қауіпсіздік – тек төтенше жағдайлар қызметінің емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 16:01
Данияр Жүсіпов: «Шомылу маусымында қауіпсіздікке немқұрайды қарауға болмайды»
01 шiлде, 16:15
Номофобия балалар суицидіне түрткі болуы мүмкін
01 шiлде, 15:54
Рухани құндылықты сақтаудың жаңа кезеңі: Алматыда ұлттық мұра цифрлық форматқа көшірілу
01 шiлде, 13:32
ҚМГ мен Chevron геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды
01 шiлде, 8:54
Жаңа дәуір басталады: Мемлекет басшысы Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеу жасады
30 маусым, 13:16
Президент: Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы
30 маусым, 13:11
Президент: Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет
30 маусым, 12:51
Президент: Отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды
29 маусым, 14:39
Инвестиция: Капитал тартудан технологиялық серіктестікке дейін