jasqazaq.kz

Шығанақтағы шырғалаңнан — саяси және экономикалық тұрақтылыққа

Бүгін, 12:35

Алдағы сенбі күні Пәкістанның Исламабад қаласында АҚШ пен Иран өкілдерінің қатысуымен бейбіт келіссөз басталуы тиіс. Бұған дейін олар Қатар мемлекетінің астанасы Дохада ара ағайын елдер арқылы тұрақты келісімге қол жеткізу жайын талқылады. Екі ел арасында қол қойылған уағдаластықты (меморандум) орнықтыру, әсіресе, Ормуз бұғазының қауіпсіз қолданылуы бүгінгі күннің өзекті міндеті болып тұр. Күллі дүние көз тіккен Шығанақтағы шиеленістің оң шешім табуы аймақтағы мемлекеттер үшін қаншалықты маңызды? Jasqazaq.kz порталы осы мәселе жөнінде танымал шығыстанушы әрі сарапшы Сұлтан Әкімбековтің пікірін сұрап білді.

 — Ұзақ уақыт бойы, әсіресе Таяу Шығыс мәселелерін зерттейтін сарапшылар, өңірде шиеленіс ушыққанымен, бәрібір «Иранмен қарулы қақтығысқа ұласпайды» деген пікірде болды. Алайда соғыс басталып, оның жалыны тек Иранды ғана емес, Парсы Шығанағы елдерді де шарпыды. Бұған не себеп: қалыптасқан «мәміленің» бұзылуы ма, әлде геосаяси шиеленістің тым өршіп кетуі ме?  

— Тұрақсыздықтан көз ашпайтын Таяу Шығыста соғыс өртінің кез келген сәтте тұтануы мүмкін екені әмбеге аян. Ал сыртқы күштердің қысымына қарсы тұру Иранның идеологиялық тұжырымдасында басты орын алады. Содан шығар, аймақта шиеленістің ушығып кетуі үйреншікті  құбылыс ретінде бағаланады. Әсіресе, «Араб көктемі» әкелген Сириядағы азамат соғысы мен Иран әскері бұл елде табан тіреген соң.

АҚШ әскерінің аймақта, әсіресе, Парсы Шығанағының көптеген елдеріндегі  базаларда орныққанына біраз уақыт болып қалды. Өңірде елеулі мөлшерде американ жасағының болуы бұл елдерге Теһран  тарапынан жасалатын  ықтимал қысымнан қорғауға кепілдік сияқты боп көрінетін. Өйткені сүннит ағымындағы араб монархиялары  мен шийзмді  ұстанған парсылардың қарым-қатынасын үнемі тату-тәтті деуге келмейді. Түрлі қайшылықтар бар. Оның үстіне, мұнда қару-жарақтың небір жойқын түрлері шоғырланған. Дегенмен тікелей АҚШ әскері араласқан ауқымды қақтығысқа жол берілмеді. Рас, американдықтар өткен жылы Израильдің 12 күнге созылған Иранға қарсы соғысына қатысты. Олар сол кезде Ирандағы ядролық нысандарды бомбалады.

Уақыт көрсеткендей, «американ әскери күштерін пайдаланады» деген қауіптің өзі олардың іс жүзінде ұрысқа араласуынан тиімді фактор болып шықты. Қалай десек те, Иран шешуші сәтте табандылық танытты. Бұл жолы АҚШ пен Израиль осы қарсыласын, бейнелеп айтқанда, «тізе бүктіріп алғысы» келді. Бірақ ойлағандай болмады. Әзірге әу баста көздегені іске аспай тұр.

— Жақында АҚШ пен Иран арасында Ормуз бұғазын ашуды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Ормуз бұғазының әлемдік экономика үшін маңызы неде және оның ашық болуы өңірдегі тұрақтылықтың кепіліне айнала ала ма?

— Парсы Шығанағынан мұнай тасымалдауда Ормуз бұғазының орны қашанда бөлек. Әлемдік «қара алтын» өндірісінің 25 пайызы жағалаудағы елдерге тиесілі. Бұған қоса, соңғы жылдары бұл өңірде өндірістің жаңа түрлері пайда болды. Атап айтқанда, осы өңірден ірі мөлшерде азот тыңайтқышы, гелий және табиғи газ әлемдік базарға жөнелтіледі. Әрине, Ормуз бұғазының жабылуы жаһандық экономикаға үлкен соққы боп тиді. Баға қымбаттап, инфляция шарықтап кетті. Тыңайтқыш тапшылығы мен  бағаның қымбаттауы Азияда азық-түлік өндірісінің тежелу қаупін туғызды.

Ал «көгілдір отын» бағасының қымбаттауы өнеркәсібі дамыған елдерде энергия өндірісінде өнімнің өзіндік құнының өсуіне әкеп соқты. Бүгінде негізгі пікірталас Иран билігі Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысын бақылауға алып, «өткел үшін ақы ала ма» деген сауал төңірегінде өрбіп жатыр. АҚШ пен Шығанақтағы кейбір елдер бұған қарсы. Қалай десе де, күрмеуі көп түйін келіссөз арқылы шешілуі тиіс.

— Парсы Шығанағындағы түпкілікті тұрақтылық Қазақстан, сондай-ақ Иранның теңіз порттары арқылы жүк тасымалдауға мүдделі басқа елдер үшін қандай маңызға ие?

— Иран порттары арқылы Таяу Шығысқа апаратын көлік дәліздері Орталық Азия елдері үшін, сөз жоқ, тиімді әрі оңтайлы. Қала берді, бұл тарихи сүрлеу. Бірақ қазіргі таңда жеткілікті дәрежеде дамымаған. Әсіресе, инфрақұрылым, шекара өткеліндегі құрғақ және теңіз айлақтары мен өзге нысандар қомақты инвестицияға зәру. Ал санкция қысып тұрғанда, бұл қиын шаруа. Өйткенң қаражат көзін табу машақатына қоса, тәуекелі де жетерлік.

Ресей мен Батыс елдері арасында Украина үшін ашық текетірес басталғаннан кейін, Мәскеу Каспий теңізі және Қазақстан сияқты жағалаудағы елдердің аумағы арқылы Солтүстік — Оңтүстік көлік дәлізін дамытуды көздеді. Біздің елімізге кез келген қосымша көлік дәлізі аса қажет. Себебі сол арқылы сауда жолдарының тоғысына табан тірейміз. Қазір еліміз Ирандағы Бендер-Аббас порты маңында логистикалық орталық салуды жоспарлап отыр. Бұл жерде маңызды айлақтың құрылысы мен оны пайдалану АҚШ — Иран текетіресінің бебіт жолмен шешіліп, түбегейлі реттелуіне байланысты екенін де атап өткен жөн.

Әңгімеңізге рахмет!

 Талап Тілеген

Бүгін, 12:35
Шығанақтағы шырғалаңнан - саяси және экономикалық тұрақтылыққа
03 шiлде, 16:01
Данияр Жүсіпов: «Шомылу маусымында қауіпсіздікке немқұрайды қарауға болмайды»
01 шiлде, 16:15
Номофобия балалар суицидіне түрткі болуы мүмкін
01 шiлде, 15:54
Рухани құндылықты сақтаудың жаңа кезеңі: Алматыда ұлттық мұра цифрлық форматқа көшірілу
01 шiлде, 13:32
ҚМГ мен Chevron геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды
01 шiлде, 8:54
Жаңа дәуір басталады: Мемлекет басшысы Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеу жасады
30 маусым, 13:16
Президент: Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы
30 маусым, 13:11
Президент: Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет
30 маусым, 12:51
Президент: Отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды