
Түркістан облысында мақта саласы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Сонымен қатар өңірде шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, дайын тоқыма өнімдерін шығаруға бағытталған ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Өткен жылы аймақта бес жаңа өндіріс орны іске қосылып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі кеңейіп, Түркістанның Орталық Азиядағы ірі тоқыма орталықтарының біріне айналуына негіз қаланбақ. Өңірдегі индустриялық жобалардың барысы туралы Jas Qazaq тілшісіне Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасов әңгімелеп берді.

– Қанат Парманқұлұлы, соңғы жылдары елімізде мақта өсірумен қоса, оны өңдеуге және тоқыма өндірісіне ерекше мән берілуде. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқтала кетсеңіз.
– Бүгінде облыста 2025–2028 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде мақта өсіру, өңдеу және тоқыма өндірісіне ерекше көңіл бөлінуде. Тек өткен жылдың өзінде бес ірі жоба іске қосылды. Олар – мақта өңдеу зауыттары мен жіп иіру фабрикалары. Осы кәсіпорындардың ашылуы нәтижесінде облыста 3600-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Ең бастысы, біз енді тек шикізат өндірумен шектелмейміз. Қазір мақта өсіруден бастап оны өңдеу, жіп иіру, тоқыма және тігін өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасып келеді. Бұл өңір экономикасы үшін де, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту үшін де өте маңызды қадам.
– Сонда мақта агроөнеркәсіптік кешені жүзеге асырып жатқан жобалардың ерекшелігі неде?
– Оның басты ерекшелігі – мақтаны толық цикл бойынша өңдеу. Бұл – алқаптағы өнімді дайын тоқыма бұйымына дейін өңдеу деген сөз.
Жоба аясында жалпы 11 өндіріс орны іске қосылуы тиіс. Бүгінде олардың бесеуі жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, екі мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспаларын шығаратын кәсіпорын, ПВХ құбырларын өндіретін зауыт және жіп иіру фабрикасы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда осы жобаның өзінде 1200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Су үнемдеу технологияларының енгізілуі өндірістің тиімділігіне қалай әсер етуде?
– Мұндай бағыттағы нәтижелер өте жақсы. Соңғы жылдары мақта алқаптарында тамшылатып суару технологиясы кеңінен енгізілуде. Мысалы, Отырар ауданында өткен жылы 32 мың гектар жерге осы әдіс қолданылса, биыл оның көлемі 52 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Бұл технология суды үнемдеп қана қоймай, өнім көлемін бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік береді. Өткен маусымда шаруашылықтар гектарына орта есеппен 60 центнер өнім алып, жалпы 34 мың тонна мақта жинады. Сондықтан жаңа технологияларды енгізу – өнім сапасы мен еңбек өнімділігін арттырудың маңызды факторы.
– Мақта өңдеу саласында алдағы жылдарға арналған жоспар ауқымды болар?
– 2026–2028 жылдары мақта кластерін одан әрі дамыту бағытында тағы жеті инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның ішінде төрт ірі өндірістік жоба ерекше маңызға ие. Олар – заманауи тоқыма фабрикасы, жаңа жіп өндіру кәсіпорындары және шитті мақтаны терең өңдейтін зауыттар.
Жалпы алғанда, осы жобалардың нәтижесінде тағы 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ең басты мақсат – Түркістан облысын тек ауыл шаруашылығы өңірі ретінде емес, дайын тоқыма өнімдерін шығаратын қуатты индустриялық орталыққа айналдыру. Бізде оған қажетті шикізат, өндірістік әлеует және инвесторлардың қызығушылығы бар. Сондықтан алдағы бірнеше жылда Түркістанның Орталық Азиядағы ірі тоқыма өндірісі орталықтарының біріне айналуына толық мүмкіндік бар.
— Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық
Сурет: ашық дереккөз