Түркістан облысында 70 млн теңгенің малын ұрлаған қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков брифинг барысында мәлім етті.
Полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің айтуынша, барымташылар тобы Түркістан және Кентау қалаларының аумағында төрт түлікті қолды етіп келген. Олар үш жылдың ішінде 150-ден астам жылқы мен сиыр ұрлаған.
Күдіктілер кентаулық тұрғынның полицияға арызынан кейін іздестіріле бастаған.
«Кентаулық тұрғын 20-дан астам жылқысы жоғалып кеткенін айтты. Оқиға орнына шыққан Криминалдық полиция қызеткерлері, яғни жедел уәкілдер жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, көрген адамдар мен ауыл тұрғындарынан сұрастырған. Мал тасымалдайтын автокөліктерді және мал сатып алатын орындарды мұқият тексеріп шықты. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында осы қылмысқа қатысы бар деген Түркістан мен Кентау қаласының 5 күдікті тұрғынын, оның ішінде ұрланған малдарды сатып алушыны да ұстады. Тергеу барысында барымташылардың 125 жылқы мен 30 бас ірі қара малдың ұрлығына қатысы бар екендігі анықталды. Бүгінгі таңда 2017-2020 жылдар аралығында мал ұрлығының 19 жайтына қатысы бары белгілі болды», — деді Қайрат Дәлбеков.
ҚазАқпарат