
Аршалы ауданы маңында автомагистральдің ортасын жүк көлігі жауып қалып, 600 автокөліктен тұратын 4 шақырымдық кептеліс пайда болған. Бұл туралы Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
6 наурызда Аршалы ауданының Анар стансасына жақын жерде, «Алматы-Екатеринбург» автомагистралінде ауыр жүк көлігінің жүргізушісі қолайсыз ауа райына байланысты рульді басқара алмай, жолдың ортасын бөлген темірге соғылған. «Жолды ұзын жүк көлігі жауып қалғандықтан Нұр-сұлтан қаласы бағытында шамамен 600 автокөліктен тұратын 4 шақырымдық кептеліс пайда болды. Арнайы шараларды қолдана отырып, қабылданған шаралардың арқасында жолдың жүріс бөлігі ашылды. Кептелісте тұрған автокөлік, қауіпсіздік шаралары мен жылдамдық режимін сақтай отырып, Аршалы ауданының қызметкерлерімен Нұр-сұлтан қаласына дейін апатсыз жеткізілді», делінген хабарламада.
Полицейлер жолдарда мұқият болуды және ауа райы қолайсыз болған жағдайда елді мекендерден тыс жерге шықпауды сұрайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram