
Бұл соңғы 25 жылда елден заңсыз шығарылған ақшаның көлемі. Мәжіліс депутаттары бүгін бірінші рет сол көлеңкелі жолмен кеткен қаражаттың есебін сұрады. Жаңа спикермен өткен төменгі палатаның алғашқы жиынында инфляция жайы да айтылды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Мәжілісмендер 8,4 пайыз деген ресми көрсеткішке сенбейді. Өйткені шенеуніктер келтірген баға мен базардағы жағдай тым алшақ. Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жиында тағы не айтылды?
Мәжілістің жаңа спикермен алғашқы отырысы әдеттегіден тыныш басталды. Депутаттар да бұл жолы жайбарақат. Бұған дейін шала қазақшасы үшін сөз естіген экология министрі Бірекешов те, ауыл шаруашылығының ахуалы үшін сынның астында қалатын министр Қарашөкеев те бүгін терлеп-тепшіп саспады.
Ерлан Қошанов жиналысты бастамас бұрын жаңа Қазақстан депутаттарының міндетін тізді. Жаңа төрағаның аузынан шықты демесеңіз, бағыт сол баяғы. Халық үніне құлақ асу, ашықтық, әсіресе ақпарат құралдарымен байланыс бұрынғыдан да жақсы болуы керек.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс спикері:
— Халық сайлаған депутаттар алдымен өз сайлаушыларына жақын болу керек. Алдағы уақытта депутаттар корпусының азаматтық сектормен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, әсіресе өңірлердегі белсенділермен тығыз байланысын одан әрі жандыратын боламыз.
Депутаттар да төрағаның сөзін қолдай жөнелді. Тіпті «барайын десем, жер шалғай» дейтін алыстағы ауылға аттануға да әзір. Ал оған дейін бағынбайтын бағамен дереу айналысу қажет. Депутат Аманжан Жамалов министрлер үнемі айтатын инфляцияның көлеміне күмән келтіріп отыр. Өйткені базардағы бүгінгі баға бұған қарама-қайшы. Мәжілісменнің дерегінше, былтыр қырыққабат 35, күнбағыс майы 30, сәбіз 26, тауық еті мен картоп 19 пайызға қымбаттаған. «Мұның шешімі – экспортқа тәуелді болмай, өзіміз өндіру», — деді депутат. «Мәселені шұғыл шешу қажет» деген Жамалов азық-түлікке арнайы талон енгізуді ұсынды.
Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:
— Ресми мәлімет бойынша өткен жылғы инфляция бағамы 8,4 пайызды көрсеткен. Бірақ шын мәнінде анағұрлым жоғары екенін барлығы біледі. Бұл жерде алдаудың қажеті жоқ. Коммуналдық төлемдердің қымбаттауынан халықтың баяғыша үңгірде өмір сүргісі келіп кететіндей. Ал дүкендегі бағаға қарап, қарақұмық жармасын қарақұмық уылдырығы деп, тауықтың жұмыртқасын фаберже жұмыртқасы деп атауға болатындай.
Жамалов қара халық соңғы тиынын азық-түлікке жұмсайды десе, депутат Мақсат Раманқұлов президенттің кешегі сөзін қолдап, шетелге шығарылған ақшаны түгендеді. Мәжілісменнің айтуынша, соңғы бес жылда құқық қорғау органдары қаражатты шетелге заңсыз шығару дерегі бойынша 200-ден астам іс қозғаған. Ал нәтижесі сол күйі белгісіз.
Мақсат Раманқұлов, Мәжіліс депутаты:
— Соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған. Шығарылған қаражат ұрланған болса, елімізге қайтарылып, экономикаға жұмыс істелсін.
Шетелге кеткен ақшаны түгендеп болған депутаттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясына өмір бойы төрағалық етуінің күшін жоятын конституциялық заңдарға түзетулерді мақұлдады. Осылайша жаңа заңды президенттің қол қоюына жіберді. Ал тұңғыш президенттің маңызды мәселелерді талқылау кезінде Парламент пен Үкімет алдында сөз сөйлеу құқығы – қалдырылды.