
Ішкі туризмді дамыту аясында қолға алынған “Kazakhtourism” ҰК-ның жаңа “Kids Go free” жобасы бойынша отбасы мүшелерінде 17 жасқа толмаған балалары болса, ата-аналарымен бірге лицензиясы бар туристік агенттіктермен ұшу арқылы тегін саяхат жасай алады. Бұл туралы Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров Маңғыстау облысына барған іссапары кезінде айтты.
Басқарма басшысы өз баяндамасында Шымкенттің туристік әлеуеті жайлы айтып, Шымкент пен Ақтау арасындағы байланысқа тоқталды.

—Бүгінде Шымкент пен Ақтау қалалары арасында «SCAT» және «FlyArystan» әуекомпаниялары арқылы аптасына 13 рейс жүреді. Сондай-ақ, теміржол бағытында аптасына 7 күн пойыздар жүріп отырады. Қалада түркітілдес халықтар үшін қасиетті саналатын Қ.А.Ясауидің ата-анасы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері орналасқан. Осы себепті де, оңтүстік өңіріне зиярат ету Шымкент қаласынан бастау алады. Бұдан бөлек, қала территориясында тарихы сыр шертетін нысандар да көп. Ал дәл қазір біз сіздермен кездесіп отырған сәтте Шымкентте 200-ден аса шетел азаматы демалып жатқанын атап өткім келеді, — деген басқарма басшысы демалыс, жазғы ойын-сауық, медицина және балалар туризмі секілді бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мәлімдеді.
Шымкент қаласы өзінің дәмді әрі қолжетімді тағамдарымен ерекшеленетінін де айта өтті. Қала мейрамханалары келушілерге шығыс асханасынан бастап, ұлттық, еуропа және паназиаттық ас мәзірін ұсынады. Осы орайда, гастрономиялық туризм — Шымкенттің «фишкасы» болып саналатынын және биылғы жылдың өзінде, қаланың гастрономиялық туризмін дамыту аясында екі шара ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары тарапынан жақсы қабылданғанын жеткізді.

Ерлан Қыдыров Шымкент пен Маңғыстаудың өзара ұқсастықтары да аз емес екенін атап өтті. Екі өлке де тарихи-мәдени құндылықтарға бай, байырғы салт-дәстүрді берік ұстанған, Ұлы Жібек жолының торабында орналасқан өнеркәсіптік, сауда-экономикалық және көлік-логистикалық бағыты жақсы дамыған.
Екіжақты меморандум нәтижесінде екі өңір тұрғындары арасында ішкі туризмді дамыту жұмыстары жүйеленіп, өңіраралық туризм саласын одан әрі жандандыруға ерекше көңіл бөлінбек.
Тоқтар Жақаш