14 бала неден уланды?

07 тамыз 2023, 15:07

Жаз шыға дәрігерлер дабыл қаға бастайды. Уланып қалмас үшін шыжыған ыстықта не болса соны жеуге болмайтынын айтып сақтандырады. Дұрыс. Бізде, әсіресе, қоғамдық тамақтану орындарында ұшыну, улану жиі болып тұратын үйреншікті құбылыс. Сондықтан дәрігер кеңесіне құлақ асып, «екі иіскеп, бір рет шоқуға» тура келеді. Бірақ балалар лагері, әлеуметтік орталық, жетімдер үйінде тамақ тазалығы тиісті дәрежеде сақтала ма? Күні кеше Қарағанды облысындағы балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында біреу екеу емес, 14 баланың улануы осы мәселеге терең үңілуді қажет етеді.

30 шілдеде, яғни жексенбі күні болған оқыс оқиғаны жұрт 1 тамызда естіп-білді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыға аттанды. Ести сала емес, «әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы жағдай туралы денсаулық сақтау министрлігі кеше хабар алды» деген сөзіне қарағанда, министрлікке суыт хабар бір күн бұрын түскен. Уланған балалардың біреуі көз жұмбағанда, әдеттегі оқиға сияқты болып қалар ма еді, кім білсін. Балалар омбудсмені Динара Зәкиева да сол жаққа жетіп, уланғандар арасында жетімдер бар екенін жазды. Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді.

Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Қылмыстық іс қозғалды. Орталық директорының міндетін атқарушы (директор еңбек демалысында болған) мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді. Бірақ олардың қандай қызмет атқарғаны, не бүлдіріп қойғаны туралы ашық ақпарат айтылмады. Балалардың неден уланғаны жұмбақ. Денсаулық сақтау министрі 1 тамыздағы брифингте: «Алдын ала болжам бойынша, тағам токсикоинфекциясы диагнозы күмән тудырады. Осыған дейінгі бақылау барысы көрсеткендей ішек инфекциясына ұқсамайды. Ол бойынша алдын ала анализ нәтижесі теріс. Қазір анализдер нақтыланып жатыр», – деумен шектелді.

БАҚ-та жарияланған мәліметке сәйкес, Қарағанды облысындағы балаларға арналған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» 1977 жылы құрылған. Бұл мекемеде 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балалар тәрбиеленеді. Қазір орталықта 202 балаға әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Олардың 160-ы стационарда, 42-і тек күндізгі бөлімшеде ем алады. Орталықта 374 қызметкер жұмыс істейді. Балалар ұл-қыз болып 6 топқа бөлінген. Уланған балалар, өңшең ұл бір топта болған. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша, 2022 жылы орталыққа 1 313 004 000 теңге, ал 2023 жылы 1 456 287 000 теңге бөлінген. Бұл қаржының басым бөлігі балаларды тамақтандыруға жұмсалады. Демек орталықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге ақша жеткілікті. «Астан уланған жоқ» деп шыр-пыр болудың бір себебі осында ма? КТК телеарнасының сюжетінде зардап шеккен балалардың ата-аналары «дезинфекциялық ерітінді ішіп қоюы мүмкін» деген күдік айтты. Бейсенбі күні Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы балалардың тамақтан уланбағанын, әлі де кеңірек зерттеуді қажет ететінін хабарлады.

Уақыт озған сайын, оқыс жағдайдың өзі ұмытыла бастайтыны заңдылық. Бірақ балалар омбудсмені мұндайға жол бермейді деп үміттенеміз. Динара Зәкиева балаларға әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеменің бәрінде Бас прокуратураның тексеру жүргізетінін, күзде өзі де аралап шығатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол мамандарды даярлау, олардың жалақысын көтеру және ең бастысы – балаларды тамақтандыру нормаларын қайта қарап, талапты күшейту сияқты мәселелерді шұғыл түрде шешу керек дейді.

Наргүл Мырзахмет

Jas Qazaq газеті, 04.08.2023

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді