jasqazaq.kz

Өзімізде де жетеді

14 сәуiр 2017, 16:38

Шымкент шаһарының тұнық бір кешінде көшеде келе жатыр едім, алдымнан белгілі жазушы Серік Жанәбіл жолықты. Түрі шаршаулы. Әлденеге ренішті сияқты.

– Өзімізде орыс тілінен мұғалім аздай, енді Ресейден шақырамыз дей ме? Басқа-басқа біздің елде орыс тілінен ұстаз табылмады дегенге өз басым сенбеймін. Ресейден шақырғанша солтүстік өңірден неге тартпасқа?, – деп ауыр күрсінді. Әншейінде жайраңдап жүретін ағамның мына тұнжыраңқы түрі мені де қатты ойландырды. Сөйтсем, жазушы ағаның көңіл-күйінің түсуіне мына бір жағдай себеп болыпты. Жуырда бірқатар сайт пен әлеуметтік желіде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бір жиында «Орыс тілі маманын қажет болған жағдайда Ресей немесе Украинадан шақырайық. Әр ұстаздың тұратын бөлмесі болады», – деген сөзі жазылыпты.


Расында, еліміздегі үшінші қала Шымкент мектептеріндегі шет тілін оқыту барысы қай деңгейде? Ағылшын тіліне бас қатырмай-ақ қоялық. Орыс тілі мен орыс сыныбында сабақ қалай оқытылып жатыр?
Осы оймен Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Қасымхан Досжановқа хабарластық. Ол «Жалпы, Шымкент қаласында ұлты орыс 13 мыңдай оқушы бар. Қалада В.Титов атындағы №20 мектеп таза орыс тілінде оқытады. Аралас мектептер де бар. Қазір қала мектептерінде 200-дей зейнеткер әлі де жұмыс істеп жүр. Өйткені, олардың орнын басатын дайын маман жоқ. Орыс мектептеріндегі жоғары сыныптардың тарих, математика, физика сияқты пәндеріне мұғалім тапшы. Қазір орыс сыныптары үшін 30 мұғалімнің орны бос тұр. Бастауыш сынып мұғалімдері де жетіспейді. Бүгінде осы пәннің 15 мұғалімінің орнына маман іздеп жатырмыз. Бұл жөнінде жоғары оқу орындарына арнайы хатпен де шықтық. Облыстық білім басқармасында да хатымыз жатыр. Ал жоғары оқу орындарының басшылары орыс тілінде маман даярлау үшін гранттың аз бөлінетінін алға тартады», – дейді.
Шымкенттегі В.Титов атындағы №20 жалпы орта мектебінің директоры Андрей Ерешкинмен бұрыннан таныстығымыз бар-ды. Ол өз кезегінде, жоғары сынып мұғалімінің азайып бара жатқанын, тіпті осы мамандыққа ынтасы бардың азайғанын айтып қынжылды. Бұл мектепте де бос жұмыс орны бар.
Шымкентте 2500 зейнеткер жұмыс орнын тастап кетер болса, мектептердің қандай күн кешерін көз алдымызға елестете алмаймыз. Қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева сол қала әкімі қатысқан жиында орыс сыныбына мұғалімді солтүстік, батыс облыстардан іздеуге ұсыныс жасапты. Біз де қоштаймыз. Өйткені, ол жақтан өзіміздің мамандар келеді. Ал Ресей мен Украинадан келетін маманға дайын үйіміз бар ма? Олар түгілі өзіміздің қаракөздердің көп бөлігі әлі де үйсіз жүр емес пе? Асханасы бар жатақхана салынып жатса, оған келіп тұратын мұғалім өз елімізден де табылар.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының бірінші проректоры Баршагүл Исабек педагогикалық мамандықтың оқу ақысы қымбат. Сол себепті жастар техникалық мамандықты таңдайды дейді. Оның айтуынша, егер грант бөлініп жатса, орыс сыныбына қажетті маман даярлауға институттың шама-шарқы толық жетеді. Ендеше, неге мәселенің осындай оңтайлы жолын қарастырмасқа?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Шымкент

30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық