jasqazaq.kz

Цифрлық даму – ел болашағының кепілі

27 шiлде, 14:13

Еліміз алдағы бірнеше жылда цифрлық даму бойынша өңірдегі көшбасшы елдердің біріне айналуды мақсат етіп отыр. Бұл дегеніміз – жай ғана технологиялық жаңғыру емес, экономиканың жаңа моделіне көшуге жасалған қадам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы халыққа арнаған Жолдауында елді үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған болатын. Мемлекет басшысы биыл Парламент палаталарының бірлескен отырысында осы бастамаға тоқталып, «Еліміздің келешегі осы мақсатты қалай іске асыратынымызға байланысты», — деп атап көрсетті. Ал цифрлық реформаның негізгі бағытын айқындай келе: «Әдеттегі бюрократиядан арылып, «Мемлекет-платформа» қағидатына көшуіміз қажет. Түпкі мақсатымыз — азаматтарға мүлтіксіз қызмет көрсететін озық цифрлық мемлекет құру», — деп нақты тапсырма берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бүгінде нақты жобалар арқылы жүзеге асырыла бастады. Соның ең ірісі – Павлодар облысындағы Екібастұз маңында салынатын Data Center Valley -Деректерді өңдеу орталығы. Сарапшылар орталықты еліміздегі жаңа цифрлық өндіріс алаңы деп бағалайды. Жобаға шамамен 1500 гектар аумақ бөлінген. Алғашқы кезеңде қуаты 125 мегаваттық деректер орталығы іске қосылып, кейін оның көлемі 300 мегаватқа дейін ұлғайтылмақ. Орталықтың басты артықшылығы – сол маңдағы ГРЭС-1 стансасына тікелей қосылып, жоғары өнімді есептеу жүйелерін тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуі. Жобаға америкалық Firebird пен NVIDIA қатысып отыр. Оған қоса, Amazon және G42 компаниялары қызығушылық танытуда. Инвесторларға корпоративтік, жер және мүлік салығынан босату сияқты арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Цифрлық экономиканың тағы бір тірегі – Алматы облысында бой көтеріп жатқан Алатау қаласы. Бұл аумақ жасанды интеллект технологиялары енгізілген Smart City ретінде дамиды. Биыл мамырда Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойып, қалаға елдегі тұңғыш ерекше құқықтық мәртебе берді. Құжат Алатауды жедел дамитын қала ретінде қалыптастырып, халықаралық тәжірибеге негізделген басқару тетіктерін енгізуге жол ашты.
Қаланы басқару үшін Alatau City Authority мемлекеттік органы құрылып, оның қызметін Премьер-Министр төрағалық ететін Қалалық кеңес үйлестіретін болады. Қазір 2055 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму жоспары, 2040 жылға дейінгі стратегия және бас жоспары әзірленіп жатыр.

Алатау Digital by Default қағидатымен салынып жатқан елдегі алғашқы қала болмақ. Мұнда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін Alatau AI-Driven City жүйесі енгізіліп, қаланың толыққанды цифрлық көшірмесі жасалады. Барлық инженерлік желілер, көлік қозғалысы, коммуналдық қызметтер мен қауіпсіздік жүйелері үлкен деректер мен жасанды интеллект арқылы нақты уақыт режимінде басқарылады. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея тәжірибесі бойынша 330 гектарлық K-Smart City пилоттық ауданы салынады. Alatau Crypto City жобасы аясында токендеу, Web3 экожүйесі және цифрлық активтерді құқықтық реттеу іске қосылады. Қазір қалада жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба әзірленіп, соның нәтижесінде 51 мың жаңа жұмыс орны ашылатыны жоспарланған.

Осындай ауқымды жобалардың ғылыми негізін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Supercomputer Center қалыптастырғанын айтқан жөн. Мұндағы суперкомпьютер күрделі математикалық модельдерді есептеп қана қоймай, жасанды интеллект жүйелерін оқытуға және үлкен деректерді өңдеуге мүмкіндік береді. Осы мүмкіндік бүгінде нақты жобалар бойынша пайдаланылып жатыр.

Соның бірі – ҚазҰУ ғалымдары мен Бас прокуратураның бірлескен пилоттық жобасында Алматы қаласындағы қылмыстың кеңістіктік-уақыттық сипатын машиналық оқыту әдістері арқылы болжауға арналған. Ғалымдар үлкен деректерді талдау арқылы қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік беретін интеллектуалды модель әзірлеуде. Мұндай тәжірибе суперкомпьютердің ғылыми зертханадағы құрал ғана емес, мемлекеттік басқаруда нақты нәтиже беретін технология екенін паш ететіні сөзсіз.
Еліміздің цифрлық трансформациясы енді тек мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірумен өлшенбейді. Цифрлық дамуға арналған жобалар толық жүзеге асқан соң, еліміз Орталық Азиядағы ең ірі цифрлық және жасанды интеллект экожүйесінің біріне айналады деген сенім мол.

Олжас Әбдіхалық

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде