
Шымкент қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіру және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында бірнеше кездесу өтті. Бұл басқосуларға республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, медицина қызметкерлері, жастар мен этнос өкілдері қатысты.
Шымкент әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы жұмыс тобының құрамында Ұлттық құрылтайдың І шақырылым депутаты Б.Нарымбетов, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Дәулеталин және денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов Өзбек драма театрында Сайрам тұрғын алабының халқымен кездесті.
Жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы міндеттер талқыланды. Депутат Б.Нарымбетов Жолдауда белгіленген басымдықтарды іске асыруда мемлекеттік органдармен қатар қоғамның белсенділігі мен әр азаматтың жауапкершілігі маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Бұдан кейін делегация мүшелері қалалық перинаталдық орталыққа барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Онда ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері қозғалды.
Кездесуде Бауыржан Жүсіпов денсаулық сақтау саласындағы негізгі міндеттердің бірі – тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету екенін жеткізді. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің пікірлері тыңдалып, саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
Ал екінші жұмыс тобының өкілдері – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Е.Тұяқбаев, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Парманов, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Ә. Иманқұлов және ұлттық экономика министрлігі арнайы бағдарламалар комитетінің төрағасы Б.Сыздықов «Қоғамдық келісім» ғимаратында этнос өкілдерімен жүздесті.
Басқосуда қоғамдық бірлікті сақтау, этносаралық татулық пен азаматтық келісімді нығайту мәселелеріне басымдық берілді. Қатысушылар қоғамдағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамыту, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасу жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттермен кездесу ұйымдастырылды. Жиында білім мен ғылымды дамыту, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау, жастардың кәсіби әлеуетін арттыру және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы мәселелері талқыланды.
Кездесулерде қала тұрғындары мен сала өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген бастамаларға қатысты ойларын ортаға салып, өз ұсыныстарын жеткізді. Әр түрлі әлеуметтік топтармен өткен ашық диалог алаңдары мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндірумен қатар, өңір тұрғындарын толғандырған мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі