
Ғаламдық климат тақырыбы тағы да күн тәртібінде. Қоршаған ортаны қорғау мәселесі бұл жолы Түркияда талқыға түседі. Биылғы жылғы әлемдегі басты оқиғалардың бірі — Біріккен Ұлттар Ұйымы Климат өзгерісі Шекті конвенциясы жөніндегі 31- Тараптар конференциясы (COP31) Анталия қаласында өтіп жатыр. Түріктің ақпарат құралдары жазғандай, алқалы жиынға 90-нан астам елден мемлекет және үкімет басшылары, министрлер, ғалымдар, экологтар, кәсіпкерлер келген. Қатысушылар қатарында, сондай-ақ, Еуропалық одақ, Дүниежүзілік банк, БҰҰ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Халықаралық энергетика агенттігі сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері де бар.
COP31 төрағасы Түркия қоршаған орта, қала құрылысы және климат өзгерісі министрлігі басқосудың басты мақсаты жинақталған тәжірибені жетілдіре түсетін нәтижеге қол жеткізу, климатты қорғау бойынша қолға алынған шараларды іске асыруды жеделдету екенін мәлімдеді. Айта кеткен жөн, жиын барысында Австралия келіссөздерге жетекшілік етеді.
Тараптар Конференциясы ((COP — Conference of the Parties) – 1992 жылы қабылданған БҰҰ Климат өзгерісі бойынша Шекті конвенциясының шешім қабылдайтын басты органы. Жыл сайын өтетін сессияда конвенция мен онымен байланысты құқықтық құжаттардың іске асырылуы қаралады. Климат өзгерісіне орай тиімді әрі үйлесімді әрекет етуге бағытталған шешім қабылдайды. Бір ерекшелігі, конференцияда шешім жай көпшілік дауыспен емес, қатысушы барлық мемлекеттердің келісімі негізінде қабылданады. COP шеңберіндехалықаралық климат саясаты бойынша өзекті шешімдердің, соның ішінде Киото хаттамасы мен Париж келісімі дүниеге келгенін айтқан абзал.
Сарапшылардың пікірінше, Анталиядағы жиында негізгі пікірталас климат өзгерісі бойынша қаржыландыру тетіктері (NCQG), энергияның жаңа көздеріне өтуде әділ үрдіс, климаттың өзгеруіне бейімделу және шығарындыларды азайту төңірегінде өрбиді.
Ал келіссөздерде жаһандық температураның көтерілу шегін индустрияландыруға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,5 градуспен шектеп, 2 градустан мүлде асырмау басты тақырыпқа айналуы тиіс. Айта кетейік, осы мәселе бұған дейінгі климат саммитерінде де сөз болған. Өйткені осыдан 10 жыл бұрын Парижде тараптар осы 1,5 градус, бойынша мәмілеге келген болатын. Бірақ кей өңірлерде күн қатты ысып, әлгі шектен асып кеткен жайы бар. Бұл кейбір аймақтармен қабат, Орталық Азия өңірінде анық байқалып отыр.
Анадолу атырабында 12 күнге созылатын жаһандық басқосуда климат өзгерісі бойынша қаржыландыру жайы да сөз болмай қалмайды. Бұлай дейтініміз, 15-конференцияда өркендеген, бай мемлекеттер дамушы елдерге климатқа инвестиция ретінде 100 млрд доллар бөлетінін мәлімдеген. Бірақ жомарт ниет толығымен жүзеге аса қойған жоқ. Оның үстіне, екі жыл бұрын Бакуде өткен жиында алпауыт елдер 300 млрд доллар беретінін жария етті. Міне, осы қаржы мәселесі биыл қызу пікірталас туғызатын сияқты.
Жаңа қуат көздеріне өту де көкейкесті һәм өміршең түйткілге айналып отыр. Өйткені кейінгі жылдары индустрияландырудың жоғары деңгейіне көтерілген кейбір елдердің ұсынысымен дәстүрлі қуат көздері — көмір, мұнай, газ, тіпті, атом энергиясынан бас тарту жөнінде талап қойыла бастады. Мұның тиімсіз, қала берді, зиянды екенін дәстүрлі энергияны тәрк еткен Еуропаның ащы тәжірибесі анық көрсетті. Содан болар, конференция қарсаңында Түркияның «Anadolu» ақпарат агенттігіне арнайы мақала жазған ОПЕК Бас хатшысы Хайсам Әл Ғайс «Электр дәуірі келді» деп жүргендерге былай деді: «Ертең электр кабелін пайдаланамын десең, пластик жасайтын мұнай химиясына жүгінуге тура келеді».
Оның айтуынша, энергия көздері бір-бірінен бас тарта алмайды. Сондықтан қазіргі кезеңді «Бүкіл энергия дәуірі» деп атаған жөн.
Қазақ елінің осы мәселеге қатысты көзқарасы қисынды екенін айтқан абзал. Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаев биылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық Саммитте экологиялық күн тәртібін әзірлеу немесе қалыптастыру барысында көбіне түрлі аймақтар мен елдердің, әсіресе, экономикалық әлеуетін нығайтуға ден қойған дамушы мемлекеттердің қажеттіліктері мүлдем ескерілмейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ дамыған елдердің бүгінгі экологиялық стандартқа индустрияландырудың ұзаққа созылған үрдісі нәтижесінде жеткенін естен шығармау керектігін қаперге салды. Президенттің пікірінше, ғаламдық экологиялық модельге көшу үрдісі әділ, теңгерімді және ынталандыру сипатында өрбуі тиіс.
Еліміз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы, Аралды қалпына келтіру, АЭС, «Көмір генерациясы» жобалары және Каспий теңізінің жол бермеу жөніндегі ұсынысымен ғаламдық климатты сақтауға сүбелі үлес қосып отыр. COP конференциясына қатысушыларға мұндай тиімді де тұрлаулы тәжірибенің қызықты боларына күмән жоқ.
Срайыл Смайыл
Сурет: antalyanews.ru