
Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис қана емес, күн сайын миллиондаған жолаушы ары-бері қатынайтын ең үлкен көлік хабы. Бүгінгі таңда шаһардағы жолаушылар тасымалының сапасы мен экологиялық тұрақтылығы – қала әкімдігі үшін де, тұрғындар үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Статистикаға сүйенсек, қазіргі уақытта Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы тарапынан 210 тұрақты бағыттың жұмысы ұйымдастырылып, оларға күнделікті 3,2 мыңнан астам жылжымалы құрам бірлігі жұмылдырылған.
Мегаполистегі автобустар паркін жаңарту, дизельдік көліктерден толық арылу және қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттырумен қоса, шаһар экологиясын жақсарту бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ешанқұлмен Jas Qazaq тілшісі арнайы сұхбаттасты.
– Азамат Көмекбайұлы, Алматы сияқты алып мегаполисте жолаушылар көлігін ұйымдастыру оңай шаруа емес. Қазіргі таңда қаланың қоғамдық көлік инфрақұрылымының жалпы ауқымы мен сипаты қандай?
– Бүгінгі таңда Басқарма тарапынан Алматы қаласы мен оған іргелес агломерациялық аймақтарды қамтитын 210 тұрақты маршруттың үздіксіз жұмысы жолға қойылған. Бұл бағыттарда күнделікті 3,2 мыңнан астам жылжымалы құрам бірлігі, яғни автобустар мен троллейбустар тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Аталған 210 маршруттың ішінде 131-і – тікелей қала ішілік бағыттар. Тұрғындар мен қала мейрамдарының межелі жеріне жайлы әрі уақытылы жетуі үшін жылжымалы құрамның техникалық жай-күйі мен интервалының сақталуына тұрақты бақылау жүргізіліп отырады.
– Алматы үшін ауа сапасын жақсарту және экологиялық ахуалды оңалту басты басымдық екені белгілі. Осы орайда қалалық автобустардың отын түрі бойынша құрылымы қалай бөлінген?
– Өте орынды сұрақ. Мегаполистегі ауаның тазалығын сақтау – біздің басқарманың стратегиялық бағыттарының бірі. Бүгінгі күні 131 қалалық маршрутта қызмет көрсететін қоғамдық көліктердің құрылымына тоқталсам, 1 462 автобус – табиғи газ отынымен жүреді. Ал 161 электробус – мүлдем зиянды шығарындылары жоқ заманауи көліктер, 156 троллейбус – экологиялық таза электр көлігі, 414 автобус – дизель отынымен жұмыс істейді.
Осы сандарды есептей келгенде, қазіргі уақытта Алматыдағы қоғамдық көліктің 81,2 пайызы экологиялық таза отын түрлерімен қатынайды. Бұл – соңғы жылдардағы жүйелі реформалар мен инвестициялардың нәтижесі десек, артық айтқандық емес.
– Ал қалған 414 дизельді автобустың тағдыры не болмақ? Қоғамдық көлікті 100 пайыз экологиялық таза отынға көшіру жоспары қашан және қалай жүзеге асырылады?
– Айта кетейік, автобустар паркін толығымен экологиялық таза көлік түрлеріне көшіру жұмыстары тоқтаған емес. Бұл процесс жаңа автобустардың сатып алынуына және автопарктердің жаңартылуына қарай кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
Ескіріп келе жатқан дизельдік автобустарды кезең-кезеңімен қолданыстан шығарып, олардың орнына жаңа газбен жүретін автобустар мен электробустарды желіге қосып жатырмыз. Алдағы уақытта қалалық маршруттарда дизельдік отынмен жүретін автобустарды толығымен жоюды мақсат етіп отырмыз. Бұл қаланың экологиясына айтарлықтай оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Біздің басты міндетіміз – Алматының қоғамдық көлігін тұрғындар үшін ең қолайлы, қауіпсіз, жылдам әрі экологиялық таза баламаға айналдыру. Ол үшін бірінші сөз еткеніміздей, автопарктерді жаңартуды тоқтатпаймыз. Екіншіден, қоғамдық көліктердің кедергісіз жүруі үшін бөлінген арнайы «A-bus» жолақтарының желісін кеңейтетін боламыз. Үшіншіден, цифрлық мониторинг арқылы кестеден ауытқуларды азайту бойынша жұмыс істейміз.
– Сұхбатыңызға және қаламыздың көлік инфрақұрылымын дамыту жолындағы еңбектеріңізге рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Олжас Әбдіхалық
Олжас Әбдіхалық