jasqazaq.kz

Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті

30 шiлде, 16:00

Өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдап, елдегі қылмысқа қарсы күрестің барысымен танысты. Атап айтқанда, Президентке құқықбұзушылықтың азайып, қылмысты ашу көрсеткішінің артқаны жөнінде мағлұмат берілді.  Мемлекет басшысы министрлікке елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық жүйені қамтамасыз етуде «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты жүзеге асыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.    

Жалпы биылғы алғашқы жартыжылдықта еліміздегі қылмыс деңгейі 10 пайызға немесе  4919 оқиғаға азайған. Ішкі істер министрлігінің шілдеде өткен басқосуында жарияланған осы көрсеткіш құқық қорғау органдарының профилактикаға басымдық беретінін және жедел-тергеу жұмыстарының тиімділігі арта түскенін дәлелдейді. Дегенмен жиында министр министр Ержан Сәденов қоғамдағы жаңа сын-қатерлерге жауап беру үшін жұмысты әрмен қарай күшейту қажеттігін атап көрсетті.

Статистика қылмыстың алдын алу шараларының оң нәтиже бергенін көрсетеді. Бұрын сотталғандар, кәмелетке толмағандар және ішімдік ішудің кесірінен жасалатын құқық бұзушылықтардың азаюы — жүйелі профилактикалық жұмыстың нәтижесі.  

Біреудің дүние-мүлкіне қарсы қылмыстардың да төмендеуі байқалады. Мәселен, ұрлық 16,4 пайызға, мал ұрлығы 15,8 пайызға азайған. Ішкі істер министрлігі мал ұрлығына қарсы күресті алдағы уақытта күшейтуді көздейді. Өйткені ауылдағы әрбір мал басының сақталуы көптеген отбасының тұрмыс-тіршілігіне тікелей ықпал ететіні белгілі.

Соңғы кезде қылмыстарды ашу деңгейі де едәуір жақсарды. Қарақшылық шамамен 40 пайызға, тонау дерегі 20 пайыздан астам кеміді.

Қазіргі таңда дәстүрлі қылмыстармен қатар киберқылмыс пен ұйымдасқан қылмыстық топтардың белсенділігі де өзекті мәселеге айналып отыр. Жыл –басынан бері ұйымдасқан қылмысқа қатысты 38 іс тіркелді. Оның ішінде трансұлттық сипаттағы істер де бар. Қылмыстық жауапкершілікке 160-тан астам адам тартылып жатыр.

Интернет-алаяқтықпен күрес те маңызды бағыттардың бірі. Алты ай ішінде мұндай қылмыстардың саны 7 пайызға азайған. Зардап шеккен азаматтарға 4,8 млрд теңге қайтарылып, тағы 2,6 млрд теңгенің заңсыз шығарылуына жол берілмеді. Сонымен қатар 150 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталған.

Алғашқы жартыжылдықта 1880-нен астам есірткі қылмысының жолы кесілген. Алты ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық топ жойылып, тоғыз ұйымдастырушы мен 29 белсенді мүшесі ұсталды. Заңсыз айналымға жарты тоннадан астам синтетикалық есірткінің түсуіне тосқауыл қойылған.

Министрлік алдағы уақытта есірткі зертханаларын анықтау, прекурсорларды жеткізу арналары мен есірткі бизнесінің қаржылық ағындарын бұғаттау жұмыстарын күшейтпек. Сонымен бірге жастар арасында профилактикалық жұмыстарды кеңейту де негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Ішкі істер министрлігі «Таза Қазақстан» бастамасын тек экологиялық акция ретінде емес, заңға құрмет пен қоғамдық тәртіптің маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Жыл басынан бері 213 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 1397 заңсыз қоқыс үйіндісі тіркелген. Полиция материалдарының негізінде олардың 952-сі жойылды. Санитарлық және экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 351 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған, олардың қатарында 102 әкім бар.

Жол-көлік оқиғалары 4 пайызға азайса, жол апатынан қаза тапқандар саны 20 пайызға, жарақат алғандар саны 7 пайызға төмендеген.

Сонымен бірге министрлік өрескел жол қозғалысы ережесін бұзушыларды анықтауда цифрлық технологияларды кеңінен қолдануды тапсырды. Бұдан бөлек, жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалану талаптарының сақталуын бақылау және кикшеринг компанияларының жауапкершілігін күшейту де күн тәртібіне енгізілді.

Жоғарыда айтылғанның бәрі жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, құқық қорғау жүйесіндегі профилактикалық жұмыстың күшеюі мен цифрлық технологиялардың тиімділігінің артып келе жатқанын көрсететін маңызды индикатор. 

Биыл — Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Соған орай ішкі істер министрлігі технологиялық жаңғыртуға ерекше мән беріп отыр. Алдағы кезеңде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану, интеллектуалды бейнеаналитиканы дамыту, ұшқышсыз технологияларды енгізу, Жедел басқару орталықтарының жұмысын кеңейту және патрульдік полицияны толықтай смарт-жетондармен қамтамасыз ету жоспарланған.

Бұл бастамалар полиция жұмысының ашықтығын арттырумен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейту үшін керек.

Мемлекет басшысының мемлекеттік басқаруды толығымен цифрлық трансформациялау жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осыған орай, құқық қорғау органдары да бұл бағытта нәтижелі жұмыс істеп келеді. Ішкі істер министрлігінің дерегіне жүгінсек, қазір елімізде екі миллионға жуық бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның ішінде 44 мыңнан астамы — жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған интеллектуалды камералар. Мұндай жүйелер адамның жүзін таниды, күмәнді заттарды, қаруды, адамдардың шоғырлануын немесе түтінді автоматты түрде анықтай алады.

Жасанды интеллект көмегімен екі мыңға жуық адамның жүрген жері анықталған. Олардың арасында іздеуде жүргендер де бар. Бұл технологиялар құқық бұзушылықтардың алдын алумен қатар, қылмыстарды жедел ашуға мүмкіндік береді.

Алайда цифрлық қауіпсіздік бір ғана бейнекамерамен шектелмейді. Құқық қорғау органдары бірнеше технологияны бір жүйеге біріктіріп отыр.

Мәселен, бірыңғай «ТОР» платформасы автокөліктердің қозғалысын бақылап, іздеудегі көліктерді анықтайды, сондай-ақ қауіпті немесе шаршаған жүргізушілерді белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндігі де кеңейді. Бұрын олар негізінен мониторинг үшін қолданылса, бүгінде криминалистикалық құралға айнала бастады. Дрондар үлкен аумақты бақылап, оқиға орнын жоғары дәлдікпен тіркей алады.

Мұндай технологиялардың тиімділігі нақты тәжірибеде дәлелденіп отыр. Мәселен, Түркістан облысында ұшқышсыз ұшу аппараты мал ұрлығы фактісін тіркеп, соның нәтижесінде күдіктілер ұсталып, ұрланған мал иелеріне қайтарылды.

Сонымен қатар дрондар жол қозғалысын бақылауға да кеңінен тартылуда.

Құқық қорғау жүйесіне енгізіліп жатқан тағы бір жаңалық — робот-иттер. Олар қауіпті аумақтарды тексеру, қоғамдық тәртіпті бақылау және арнайы операцияларға қатысу сияқты міндеттерді орындауға бейімделуде.

Бұған қоса полиция қызметкерлерінің бейнежетондары, болжамды талдау жүйелері және «Заң және Тәртіп» цифрлық сервисі құқық қорғау қызметінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Аталған сервис арқылы азаматтар құқық бұзушылықтар туралы онлайн режимде хабарлай алады. Бұл полиция мен қоғам арасындағы өзара байланысты күшейтіп, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Қылмыстың азаюы – құқық қорғау жүйесінің тиімділігін бағалаудағы негізгі көрсеткіштердің бірі. Алайда қазіргі жағдайда қауіпсіздік деңгейін тек статистикамен өлшеу жеткіліксіз.

Қоғамның өзін қауіпсіз сезінуі, құқық қорғау органдарына деген сенімнің артуы, цифрлық технологиялардың ашық әрі тиімді жұмыс істеуі – жаңа кезеңдегі басты өлшемдерге айналып отыр.

Қазақстанда қалыптасып келе жатқан цифрлық қауіпсіздік экожүйесі осы мақсаттарға қызмет етеді. Жасанды интеллект, интеллектуалды бейнебақылау, дрондар, роботтандырылған жүйелер мен онлайн сервистер құқық қорғау органдарының жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, алдын алу қағидатына негізделген заманауи модельді қалыптастыруда.

Демек, бүгінгі таңда қоғамдық қауіпсіздік тек полицияның күшімен ғана емес, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері мен азаматтардың құқықтық мәдениетінің үйлесімі арқылы қамтамасыз етілетін жаңа кезеңге қадам басты.

Наргүл Мырзахмет

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде