
2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясы 29 мамырды Халықаралық бітімгерлер күні деп бекітті. Биылдан бастап біздің елімізде де 29 мамыр Қазақстан Республикасының Бітімгерлер күні ретінде атап өтіледі. Сондықтан дәл осы күні Голан жотасынан 69 жауынгердің өздеріне жүктелген міндетін абыроймен атқарып, елге аман-есен оралуының символикалық мәні бар.
Жалпы Голан жотасында ұлттық контингенттің орналасуы Қазақстан Қарулы Күштеріне деген халықаралық қауымдастық сенімінің ең жоғары деңгейде екенін дәлелдейді. Еліміздің қорғаныс министрлігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ миссиясы шеңберінде ұлттық бітімгершілік контингентінің географиясын кеңейтуге және оны диверсификациялау жөніндегі тапсырмасын жүйелі түрде орындауда. Бұл жұмыстың маңызды бір кезеңі — Қазақстанның «БҰҰ-ның Голан жотасындағы бөлінген аумақтарды бақылау күштері» миссиясына қатысу.
Біздің бітімгерлердің дайындық деңгейі, жүктелген міндетті жоғары деңгейде орындауы БҰҰ миссиясы басшылығы тарапынан бірнеше рет жоғары бағаға ие болды. Биылғы маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымының Ажыратуды бақылау жөніндегі күштерінің (UNDOF) қолбасшысы, генерал-майор Анита Асма Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлік контингенттің жауапкершілік аймағына жұмыс сапарымен барды. Сапар жеке құрамның кезекті ротациясынан кейін ұйымдастырылды.

Анита Асма қазақстандық әскери қызметшілердің қызметті ұйымдастыру тәртібімен танысып, бөлімшенің жауынгерлік даярлығы мен бітімгерлік міндеттерді орындау деңгейіне жоғары баға берді.
БҰҰ миссиясының қолбасшысы қазақстандық контингенттің жауапкершілік аймағында орналасқан бақылау бекеттерін аралап, қызметті ұйымдастыру, халықаралық бөлімшелермен өзара іс-қимыл және атысты тоқтату режимін сақтау мәселелерін талқылады. Анита Асма ұлттық контингенттің жеке құрамымен де кездесті. Кездесуде әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірдегі жағдай, сондай-ақ тараптарды ажыратуды бақылау және миссия аймағындағы тұрақтылықты сақтау бойынша алдағы міндеттер сөз етілді.
БҰҰ миссиясы қолбасшысының бұл сапары UNDOF басшылығының қазақстандық бітімгерлік контингенттің қызметіне тұрақты көңіл бөлетінін және оның Голан жоталарындағы бейбітшілікті қамтамасыз ету жолындағы рөлін жоғары бағалайтынын дәлелдей түседі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне атсалысу — Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды бағыттың бірі. Бейбітшілікті қолдау және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу арқылы еліміздің халықаралық аренадағы беделі артып, әлемдік қауымдастық тарапынан зор сенімге ие болуда. Сонымен қатара Қазақстанның кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікте бітімгершілік миссияны орындауға БҰҰ мандатын алған тұңғыш және жалғыз ел екенін айтқан жөн.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2014 жылдан бері 900-ден астам қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның түрлі бітімгерлік миссиясына қатысты. Осы уақыт ішінде олар аса күрделі жағдайда өздеріне жүктелген міндетті орындап, теңдессіз тәжірибе жинақтады. Жоғары кәсіби деңгейі мен халықаралық контингент құрамында тиімді әрекет ету қабілетін паш етті.

Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінің 154 әскери қызметшісі БҰҰ-ның Таяу Шығыс пен Африкадағы 11 миссиясының жетеуіне қатысып жатыр. Олар Батыс Сахара, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Ливан мен Оңтүстік Суданда әскери бақылаушы және штаб офицерлері қызметін атқарады. Осылайша әскери-саяси жағдайы шиеленіскен аймақтарда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қомақты үлес қосады.
Бітімгерлік міндетті орындауға аттанар алдында әскери қызметшілер БҰҰ стандартына сәйкес жан-жақты даярлықтан өтеді. Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығы базасында олар халықаралық гуманитарлық құқық, ағылшын тілі, әскери медицина, минаны зарарсыздандыру, патрульдеу және тосқауыл бекеттерінде қызмет ету машығын жетілдірді. Оларды заманауи қару-жарақ, әскери техникамен және өмір сүруге қажетті құралдармен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінеді. Бұл жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік береді.
Еліміздің БҰҰ бітімгерлік операцияларына қатысуы — халықаралық міндеттемелерін орындаумен қатар, әлемдегі беделін нығайту жолындағы маңызды фактор. Біздің бітімгерлер бейбітшілік, ынтымақтастық пен ұжымдық қауіпсіздік қағидаттарына адалдығын танытып келеді.
Наргүл Мырзахмет
Сурет: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі