
Бүгінгі геосаяси текетірестер мен жаһандық өзгерістер кезеңінде Қазақстанның сыртқы саяси бағыты мен экономикалық дипломатиясы халықаралық қоғамдастықтың басты назарында тұр. Әсіресе, ресми Астананың Еуроодақпен арадағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруі және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бітімгерлік миссиясын халықаралық қауымдастық жоғары бағалайды. Осы орайда, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы энергетика, инвестиция және көлік-логистика салалары бойынша өзара тиімді қарым-қатынас қалай дамып жатыр? Еуропалық компаниялар бұрынғыдай тек шикізат өндіруге басымдық бермей, елімізде өңдеу өнеркәсібі жобаларын қолға лауы мүмкін бе? Біз осы сұрақтарға жауап алу үшін белгілі халықаралық сарапшылар – Ұлыбританиялық «Chatham House» институтының сарапшысы Тимоти Әштің, түркиялық саясаттанушы Хүсаметтин Асланның және «Global India Insights» жаһандық зерттеулер орталығының бас директоры Маниш Чандтың пікіріне жүгіндік. Назарларыңызға осы блиц-сұхбатты ұсынамыз.
— Жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары кезінде Еуроодақпен стратегиялық құжаттарға қол қойылды. Тимоти мырза, кәрі құрлықтағы білікті маман ретінде айтыңызшы, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықтың қазір қалай деңгейде?

Тимоти Әш: Қазіргі таңда Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынасты өте іскерлік сипатта және екі тараптың да нақты мүдделеріне негізделген деп бағалар едім. Ашығын айту керек, бүгінде екіжақты байланыстарда «ортақ құндылықтардан» гөрі «прагматикалық мүдделер» бірінші орынға шықты. Мысалы, Түркиямен қарым-қатынастың сипаты сияқты. Соған байланысты, Брюссель әдетте көлденең тартатын адам құқықтары, демократия және заң үстемдігі сияқты дәстүрлі мәселелер мен талаптарын уақытша, екінші орынға ысырып қоюға дайын. Еуроодақ үшін қазіргі басты мақсат – энергия көздері мен табиғи ресурстарды импорттау бағыттарын әртараптандыру. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Орталық Азия аймағы Еуропа үшін баламасы жоқ, сенімді әрі өте тиімді серіктес болып табылады
— Еуропа шетелдік тікелей инвестиция бойынша Қазақстанның ең ірі серіктестерінің бірі. Еуроодақ Қазақстаннан энергия көздерімен бірге сирек металдарды алуға да мүдделі. Осы саладағы Еуропалық компаниялардың Қазақстанға келіп, осы жерде өңдеу өнеркәсібімен айналысуы мүмкін бе? Сіздердің осы жөніндегі пікіріңізді білгіміз келеді.
Тимоти Әш: Әрине, бұл үрдіс алдағы уақытта қарқын алады деп сеніммен айтуға болады. Мұның астарында екі үлкен стратегиялық мақсат тұр. Біріншіден, Еуропалық Одақ өзінің өндірістік тізбегі үшін аса маңызды шикізат пен сирек металдарды жеткізушілерді барынша әртараптандыруға мүдделі. Қазіргі геосаяси жағдайда Брюссель бір ғана нарыққа тәуелді болып қалғысы келмейді. Екіншіден, бұл тек шикізат өндіру ғана емес, сонымен бірге Шығыс пен Батыс арасындағы транзиттік және сауда бағыттарын әртараптандыру қажеттілігінен туындап отырған қадам. Қазақстанның бұл бағыттағы географиялық орны мен логистикалық әлеуеті зор.

Хүсаметтин Аслан: Еуропа қазір Ресей энергиясына тәуелділікті азайтып, «Орта дәлізді» (Транскаспий бағыты) дамыту үшін Қазақстанға стратегиялық серіктес ретінде қарайды. Бүгінгі экономикадағы «жаңа мұнай» – литий, уран, никель және кобальт. Сондықтан Еуроодақ Қазақстаннан тек шикізат сатып алып қана қоймай, сол жерде өнім өңдеп, батарея шығаруға дейінгі өндірісті жолға қоюға мүдделі болып отыр. Астана үшін бұл жоғары технологиялық өндіріске өтуге мүмкіндік. Қазірдің өзінде еуропалық «Shell», «Eni», «TotalEnergies» компаниялары мұнай секторында, ал «Orano» уран саласында белсенді. Қазақстан ураны электр энергиясының 70 пайызын АЭС-тен алатын Францияға аса қажет. Еуроодақ Қазақстан экспортының 37 пайызын қамтамасыз ететін ең ірі сауда серіктестерінің бірі. 2025 жылы тауар айналымы 41,4 млрд еуроға жетсе, салынған инвестиция көлемі 54,8 млрд еуродан асты. Бұл Брюссель үшін Астананың Орталық Азиядағы баламасыз серіктес екенін дәлелдейді.

Маниш Чанд: Еуропалық компаниялардың Қазақстанда өндіріс пен өңдеуді жолға қоюы әбден мүмкін. Бірақ бұл Брюссельдің қалауымен ғана емес, Астананың мүддесін барынша ескере отырып жүзеге асуы тиіс. Батыс инвесторлары шикізатты тек тасымалдап әкетуге бейім. Сондықтан Қазақстанға жай ғана инвестиция емес, «технология трансферті» қажет. Егер Еуропа өз зауыттарын Қазақстанда ашып, ноу-хау технологияларымен бөлісуге дайын болса ғана, бұл тең құқықты серіктеске айналады. Қазіргі көпөрісті (поляр) әлемде Астананың таңдау мүмкіндігі кең. Егер Еуропа технология бөлісуге асықпаса, бұл орынды Үндістан, Қытай немесе Шығыс Азияның басқа да технологиялық алпауыттары баса алады. Сондықтан локализацияның тағдыры еуропалық компаниялардың қаншалықты икемді бола алатындығына байланысты.
Сұхбаттасқан Әбдіманап Кеңес,
халықаралық журналист