jasqazaq.kz

Қазақстан — Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс

24 шiлде, 14:03

Қазіргі Қазақстан сыртқы саясатына қатысты сарапшылардың пікірлері, сөз жоқ, бір арнада тоғысады. Ол – экономикалық дипломатия. Расында, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік мемлекет басшыларымен жүргізген келіссөздерде өзара тиімді экономикалық байланыс, әсіресе, инвестициялық жобалар әңгіменің өзегін құрайды. Ал еліміздің шығыстағы стратегиялық серіктесті — Қытаймен қарым-қатынаста енді білім экономикасы басым бағыттардың біріне айналады. Мемлекет басшысының осы елге жасаған жемісті сапары осындай тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен өткен тұңғыш Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысу үшін Шанхай қаласына барды. Жиын алдында Қазақстан және Қытай басшылары кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бүгіні мен келешегін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев жүздесуде Қытайдың халықаралық қауымдастық алдындағы беделі зор екенін әрі оның жетістіктерін бүкіл әлем мойындайтынын және осы елде жүзеге асырылған ауқымды өзгерістерге бәрі қызыға қарайтынын атап өтті. Президент осы жетістіктердің Қытай төрағасының көреген басшылығы мен қажырлы еңбегі арқасында жүзеге асып жатқанын айта келе, «Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті нығайтуға жан-жақты нығайтуға мүдделі» деді. Осы арада айта кеткен жөн, Аспан асты еліндегі жұртшылық Қазақстан Президентінің қытай тілі мен мәдениетін жетік білетініне тәнті болды. Ал жергілікті ақпарат құралдары Қ. Тоқаевты қытай халқымен достық қарым-қатынасты ту еткен әрі Қытайды ең жақсы білетін әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде сипаттады.

Ал ҚХР төрағасы Президент Қ. Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан түбегейлі өзгерістерге жоғары баға беріп, бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жаңа деңгейге көтерілгеніне айрықша тоқталды. Си Цзиньпин: «Өзара ықпалдастықты дамытудың әлеуеті зор. Қазақстан Президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр. Бұл халықтарымыздың мүддесіне сай келеді», — деді.

Келіссөз қорытындысы бойынша, екі ел арасында Мәңгілік жан-жақты серіктестікті іске асыру жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Аталған құжат Қазақ — Қытай қарым-қатынасының ұзақ мерзімді сипатын және өзара байланысты сан-салалы бағыттар бойынша дамытуды көздейтін ұмтылысты білдіреді.

Екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасы да жыл өткен сайын жанданып келеді. Былтыр екі жақты сауда-саттық көлемі 49 млрд долларға жетті. Ал Қытай еліміздің экономикасына 30 млрд доллар инвестиция салды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, газ-химия және машина жасау бірқатар салаларда бірлескен ауқымды жобалар іске асырылуда.
Қазақстан басшысының Аспан асты еліндегі аса ірі компаниялары жетекшілерімен кездесуі инвестиция тарту және өзара тиімді жобаларды іске асыру тұрғысынан алғанда маңызды іс-шара болды. Осы сапар барысында 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам келісім дүниеге келуі мұның айқын дәлелі. Қол жеткізілген мәмілелер жасанды интеллект пен цифрлық технологияға қоса, көлік шығару, агроөнеркәсіп, Құрық портында терминал салу сияқты жобаларды қамтиды.

Жалпы осы сапар замануи цифрлық технологиялар алдағы уақытта екі елдің ғылыми-инновациялық және экономикалық ынтымақтастығының өзегін құрайтынын көрсетті. Бұлай деуге толық негіз бар. Өйткені Қытай — осы саладағы жетістіктерімен әлемде күмәнсіз көшбасшы екені белгілі. Бұған мысал ретінде ЖИ саласындағы патенттердің басым бөлігі қытайлық мамандарға тиесілі екенін айтсақ жеткілікті.

Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Қазақ елі де ЖИ мен цифрландыруды экономика мен білім беруден бастап, барлық салаларға енгізуге мемлекеттік деңгейде мән беріп отыр. Бұған мысал ретінде Алатау қаласында «Smart City», Екібастұздағы Деректерді өңдеу орталығы (Data Center Walley) сияқты көптеген жобаларды айтуға болады. Мұндай жобалардың қытайлық компаниялардың қатысуымен жүзеге асатыны көпке мәлім.

Еліміздің ЖИ мен цифрландыруға ерекше мән беруі бекер емес. Қазақстан басшысы Дүниежүзілік жасанды инеллект конференциясында аталған саланың әлеуетіне тоқталды. Президент БҰҰ дерегін келтіре отырып, ЖИ нфрақұрылымы және онымен байланысты технологияларға салынған инвестиция жылына 47 пайызға өскенін, 2033 жылға қарай жаһанндық жасанды интеллект нарығының көлемі 5 трлн жететінін тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда Қытай төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығын» құру туралы тұжырымдаманың мән –маңызына тоқтала келе, «Қазақстан алысты болжаған бұл бастаманы жоғары бағалайды әрі жасанды интеллект дәуірінде оның өзектілігі артып келеді деп санайды» деді.
Сондай-ақ Қазақ елі Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылуын тарихи шешім шешім деп бағалайды. Президент осы орайда «Қазақстан — Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынды. Бұл екі елдің цифрлық сауда мен цифрлық экономикаларының өзара ықпалдасуына қызмет етеді. Осылайша білім экономикасындағы ынтымақтастық екі елдің қарым-қарым қатынасын жаңа белеске көтереді.

Талап Тілеген

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде