jasqazaq.kz

Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор

24 шiлде, 20:33

Қазақстан геосаяси текетірестер мен құбылмалы сипат алған XXI ғасырда жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікті баянды ету ісіне зор үлес қосып келеді. Атап айтқанда, осы бағыттағы игі бастамаларға халықаралық қоғамдастық оң баға беріп отыр. Әсіресе, Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде кейбір «отты аймақтарда» тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесі лайықты бағасын алып отыр. Бүгінде еліміздің БҰҰ аясындағы бітімгерлік бастамалары қалай жүзеге асып жатыр? Біз осы сауалды халықаралық танымал сарапшылар — «Global India Insights» жаһандық зерттеулер орталығының бас директоры Маниш Чанд, «Chatham House» институтының (Ұлыбритания) сарапшысы Тимоти Әш және түркиялық саясаттанушы Хүсаметтин Асланға қойып көрдік. Оқырман қауымға  Қазақстан мен ғаламдық бейбітшілік тақырыбына арналған блиц-сұхбатты ұсынамыз.

— Сөз басында Қазақстанның түрлі өңірлерде шиеленісті болдырмау, тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларына тоқтала кетсеңіздер.

Маниш Чанд: Қазақстанның бітімгерлік белсенділігі мен бейбіт бастамалары — оның жаһандық деңгейдегі ең басты «жұмсақ күші» (soft power). Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы сенім тапшылығы туындаған қазіргі заманда Астана өзін ешқандай блокқа мүше емес, әділ әрі бейтарап ара ағайын  алаң ретінде таныта білді.

Тимоти Әш: Қазақстанның жер-жиһанда бейбітшілікті баянды ету жолындағы рөліне келсек, халықаралық қоғамдастық оның аса маңызды әрі сезімтал географиялық жағдайын жақсы түсінеді. Айрықша атап өткен жөн,   Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Еуропа және АҚШ-тың аймақтағы мүдделерін өзара теңгерімде ұстау ісін өте шебер жүргізіп келеді. Бүгінде Астананың Түркия және Қытаймен қарым-қатынасын айтарлықтай күшейтуі Қазақстанның мемлекеттік егемендігі мен қауіпсіздік кепілін бұрынғыдан да бекемдей түсті деп есептеймін.

Хүсаметтин Аслан: Қазақстан әскери держава емес. Бірақ алып көршілерімен мыңдаған шақырым шекарасы бар ел ретінде өз қауіпсіздігін дипломатиялық шебер белсенділік арқылы қамтамасыз етіп отыр. Бұған Түркия, Ресей және Иранды бір үстелге отырғызған Сирия шиеленісін реттеуге арналған Астана процесі мен Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер нақты дәлел бола алады. Әлемдегі уран алпауыты ретінде Қазақстанның ғаламдық ядролық қауіпсіздік мәселесінде де беделі зор.

— Бүгінде бейбіт өмірді баянды етуге қызмет етіп жатқан Қазақстан бітімгерлік күштерінің Голан жотасындағы миссиясын қалай бағалайсыз?

Маниш Чанд: Жаһандық Оңтүстік елдері үшін бұл миссия Қазақстанның Батыс немесе басқа да алпауыттардың жетегінде кетпей, дербес халықаралық ойыншы ретінде қалыптасқанының символы. Голан жотасында бейбітшілікті күзету Астананың теориялық дипломатиядан нақты әрі практикалық қауіпсіздік шараларына көшкенін дәлелдейді. Мұндай қадамдар Қазақстанның әлемдік деңгейдегі абырой-беделін арттырып, оны болашақта жаһандық дағдарыстарды шешетін негізгі медиаторлардың қатарына қосады.

Тимоти Әш: Қазақстан әлемнің ең күрделі нүктелеріндегі бітімгерлік операцияларға өте маңызды әрі пайдалы үлес қосып келеді. Голан жотасындағы миссия соның айқын дәлелі. Халықаралық қоғамдастық Астананың ешқандай әскери блоктарға тартылмаған, бейтарап мәртебесін жоғары бағалайды. Дәл осы бейтараптық қазақ сарбаздарының кез келген шиеленіс аймағында ешқандай күмәнсіз, беделді әрі сенімді бітімгерлік күш ретінде қабылдануына мүмкіндік береді.

Хүсаметтин Аслан: Голан жотасындағы миссия Қазақстан қарулы күштерінің кәсіби деңгейі мен халықаралық стандарттарға сай екеніндігіне айқын дәлел. Бұл қадам Астананың БҰҰ деңгейіндегі жауапкершілігін арттырып қана қоймай, Таяу Шығыстағы қауіпсіздік архитектурасында өз орны бар екенін көрсетті. Өз әскери контингентін БҰҰ туы астында дербес орналастыру кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейтіні белгілі. Тек саяси ерік-жігері мен дипломатиялық салмағы жоғары елдер ғана мұндай мәртебелі міндетті абыроймен орындайды.

Сұхбаттасқан Әбдіманап Кеңес,
халықаралық журналист

Сурет: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық
16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты
15 шiлде, 14:24
Қазақстан Қарулы Күштерінде цифрлық технологияны енгізу басым бағытқа айналды
14 шiлде, 17:15
Ғиззат Байтұрсынов: «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы цифрлық мемлекет құруға бағытталған
14 шiлде, 13:36
Иран Шархан: Мақсат –шикізатпен шектелмей, дайын өнім шығаратын өндірістік модельге көшу
13 шiлде, 15:45
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – өңір дамуының маңызды бағыты