
Мен соғыс басталардың дәл алдында, наурыз айында өмірге келдім. Әкем сол жылы соғысқа аттанды. Анам қызылша фермасында жұмыс істеді. Ауылда әкем жағынан аталас туыс әжеміз болды. Бізді көрсе, мейірімін төгіп, бар тәттісін алдымызға төгетін. Ағам екеуміз ұйқыдан тұрғаннан кейін бір үзім нанды жеп, бір шыны айранды жұтып аламыз да, әлгі әжеміздің үйіне тартамыз.
Одан кейін көршінің үйіне жиі барамыз. Тіпті үй көрмей, көршінің үйінде ұйықтап қалған кездер де болды. Осылайша, 1945 жылға дейін көшеде өстік. Балалық шағым өте қиын кезеңде өтті. Сұрқай, жылусыз тіршілік еді. Өйткені ауылда қалжыраған қарттар, әйелдер мен балалар ғана қалған. Қатарлас өскен балалардың әкелері де бірі қалмай сұрапыл соғысқа аттанды. Олардың арасында ағам екеуміз де әкемізді сарыла күтіп жүрдік. Оның аман-есен оралатынын іштей сездік. Әкем соғыстан аман-есен келгеннен кейін, бауырларым өмірге келді. Көпбалалы отбасы болдық.

Екінші қатарда, оң жақтан санағанда екінші бала Ұзақбай Доспанбетов
Жастайымнан кітапқұмар болып өстім. Дастан-қиссаларды көп оқитынмын. Біздің кезімізде қазақ мектептері біртіндеп жабыла бастады. Мектепте математика сабағынан үздік болдым. Сыныптастарымның барлығы менен көшіретін. Мектепті 19 жасымда бір-ақ бітірдім. Аяғым ауырып, денсаулығыма байланысты екі жыл жіберіп алдым. Бірақ оқу ордасын күміс белгімен бітірдім.
Соғыстың әсері болды ма, әлде ауылдағы күңгірт күйдің әсерінен бе, ол кезде жаға жыртысып төбелеспейтінбіз. Ара-тұра аударыспақ, күресіп ойнағанымызбен, одан әріге бармаймыз. Біз көбіне дойбы, шахматқа құмарттық. Бала кезімізде ауылда бір жігіт болды. Шамасы ауыратын болуы керек. Ауруы ұстағанда, домалап жерге жатып алатын. Кішкентай бала көрсе, жыны бар. Баланы ұстап алып, сақалын соның бетіне үйкейтін. Оның қолына түсіп қалмау үшін, алыстан айналып қашамыз.

13 жасымда алғаш рет сыныптағы бір қызға өлең жазып, хат жолдадым. Хатымды тауып алған сыныптастарым жазған өлеңімді көпшілікке оқып мазақ етті. Оны біліп қойған соң, мұғаліміміз де қатты ұрысты. Біздің заманда шылым шегу дегеннің өзі ерсі көрінетін. «Ойбай, бәленбайдың баласы шылым шегеді екен» дегенді естігенде қатты таңырқайтынбыз. Менің ең алғашқы оқыған кітабым – «Робинзон Крузо». Алтыншы сынып оқып жүргенде Сібір халқы туралы кітапты оқып, балаларға айтып беретінмін. Одан бөлек, «Дон Кихот» шығармасын сүйіп оқып, кейіпкеріне еліктегенім бар. Жақсы оқығаннан кейін сыныптастарым мені жақтырмайтын. Сонда да үй тапсырмасын менен көшіретіндер көп еді. Ұстаздарым «математика саласына баршы» деп айтқандарына қарамастан, жазушылық жолды таңдадым. Кішкентай кезімде көп кітап оқығанымның әсерінен болар, кітап әлемі мені жастайымнан баурап алды.
Балалық шағым сүреңсіз өтті-ау деп ойлаймын. Өйткені ол заманда ешкімнің еңсесі биік болмады. Соғыстан баласын күткен аналар, жарын күткен келіншектер, әкесін күткен жәутеңкөздердің жүзі әлі күнге дейін көз алдымда.
Жазып алған
Мақпал Ноғайбаева