Медиа нарықта қазақ баспасөзінің үлесі аз. Шенділердің де алдымен орыстілді ақпарат құралдарымен санасып келетіні таңғаларлық емес. Дегенмен, бастамашыл топ болашақта бизнесті де қазақша сөйлетеміз деп жер-жерде қазақ тілінде іскерлік журналистиканы дамытуға бағытталған оқыту тренингтерін бастап кетті.
Ақтөбеде қазақтілді БАҚ өкілдеріне арналған сондай шаралардың алғашқысы болып өтті. Ұйымдастырушысы — «Атамекен» палатасы. Алдымен көзге ұрғаны – адам санының өте аз болуы. Айналдырған 5-6 адам төбе көрсетті. Оның да екі-үшеуі бір сағаттан соң «басшылық шақырып жатыр» деген желеумен шығып кетті. Әйтеуір, қолы бос, уақыты бар дегендері, қызығушылық танытқандары қалды. Сәлден соң, тамыр-таныстарымызды шақыртып, залды толтырған болдық. Ертеңіне тыңдаушылардың жартысы басқа адамдар болды.
Белгілі болғандай, «Атамекен» өкілдері жергілікті әкімдіктегі біреуге қолқа салған. Онысы адам жинап бермек болған-мыс. Басқа жұмысы жоқтай. Қысқасы, көп жерде көріп жүрген көрініс осы.
Әдетте, ауқымды шараларға дәрігерлер мен мұғалімдерді қойша айдап кіргізіп қоямыз. Содан пысықай әріптестеріміз қалғып-мүлгіп отырған тыңдармандарды суретке түсіріп, масқараларын шығарып жатады. Арты айқай-шу, «разборка». Ұйымдастырушыларға адам жиналса, зал лық толса болды.
Мұндай әдіс журналистерге де қатысты болуы керек пе деген ой келеді.
Жұмыс бабымен талай шарада болып жүрміз. Көбісі орыс тілінде. Ешбірін мәжбүрлеп, жалынып-жалпайып, сан мәрте телефон шалып, ізіңнен қалмай шақыру деген жоқ. Бұл бір. Екіншіден, әкімшілік-әміршілдік әдістерден ада. Өз еркіңмен, қызығушылық танытып барған соң, басынан аяғына дейін отырып, барлық бөлігіне қатысуға тырысасың. Ал, араға адам салып, амалсыз отырғызып қойса, ойың басқа жақта болса, шара мақсатына жете ме? Кімге не пайда?
Бұл ретте, қазақ басылымдары басшыларының да енжарлығын атап өтпеуге болмайды. Қарамағындағы қызметкерлерінің бір-екеуін оқыту семинарлары мен тренингтеріне неге жібермеске? Алдымен, қарамағыңдағы қызметкерің кәсіби тұрғыда өседі. Ол өссе, жұмыс барысы да сапалы болады.
Ақтөбеге Алматыдан келген медиатренерлер Ербол Азанбек пен профессор, ғалым Гүлмира Сұлтанбек екі күн бойы осы бағыттағы жаңашылдықтармен бөлісті. Экономикалық журналистиканың қыр-сырымен таныстырып, нені неден бастау керегін түсіндірді. Жаңа мағлұмат берді. Бірақ оны керек қылып жатқан журналистер ме? (Шараға қатысушыларды есептемегенде)
Бұл ретте, Ақтөбе өңіріндегі іскерлік журналистиканың ақсаңдап жатқанын құр сөзбен емес, дәлелмен, фактімен жеткізді. Тренерлер жасаған зерттеулерден визуалды түрде анық көруге болады. Іскерлік бағыттағы материалдың дені пафосқа толы. «Тек Ақтөбеде бар», «Бізден басқа ешкімде жоқ» деген сарындағы құр мақтау. Идеологиялық ұран. «Осындай да осындай кәсіппен айналыспау – күнә» (?). Осыған ұқсас тақырыптар да кезігеді. Ең болмағанда өз кемшілігімізді біліп отырушы едік.
Айта кетейік, «Атамекен» өткізген оқыту тренингтері о бастан-ақ облыстық және аудандардағы басылым қызметкерлеріне арналған екен. Оның ішінде, ұққанымыз, мемлекеттік БАҚ өкілдеріне арналған тәрізді. Дегенмен, Ақтөбе облысындағы 12 ауданның тек Ырғыз бен Байғанин аудандарынан бір-бір адамнан келді. Қалған 10 ауданнан неге келмеді? Бұл ретте, «Атамекен» қолқа салған әкімдіктің де қолы қысқа ма екен? Жә, әкімшілік-әміршілдік тәсілдің қажеті шамалы деп мана сөз басында айтып өттік қой.
Енді, өздері неге келмеді? Жолын төлейді, жатын орнын көтереді. Ас-суын да алып бермек. Жалпы, мұндай көрініс тек Ақтөбе облысында емес, өзге өңірлерде де кездеседі. Жәә, «Атамекен» қателігін түзей жатар.
Жалпы, іс жүзінде жағдай қалай? Мемлекеттік органдар өткізетін шаралардың дені осындай. Бұл ретте халықаралық ұйымдарда жағдай мүлдем өзге сипатта. Олар өткізетін шараларға жер-жерден қатысуға ниет білдірушер көп. Алайда, көбіне, тағы да орыстілді әріптестер тарапынан.
Ондаған шараларда көзіміз шалып жүргені, бірді-екілі қазақ баспасөзінің өкілі жүреді.
Таяуда Алматы мен Астана қалаларында журналистерге арналған үлкен шара өту керек болатын. Алдымен өзіміздің қаракөздер қатыссын деп, ұйымдастырушыларға қолқа салдық. Келісті. Бар шығынын көтеріп бермек болды. Бұл ретте, ақтөбелік әріптестердің жолға шыға алмайтынын білдік. Басшылық анау деген, мынау деген. Қағаз сұратыпты, шақырту құжатын жіберсін депті. Мемлекеттік болса бірсәрі. Жекенің газеті.
Халықаралық ұйымдарда, бірден айта кету керек, қағазбастылыққа жол бермейді, бюрократияның иісі шықпайды. Бұл ретте, қазақ баспасөзінің сонау кеңестік бюрократиялық әдістен неге шыға алмай отыратыны түсініксіз. Әлгі шараға орыстілді әріптестерімізді басшылары оңайлықпен жібере қойды. Ештеңе де сұратпады. Мұндайда күйінесің. Әйтпесе, алдымен өз адамдарың үйренсін дейсің ғой.
Тағы бір жайт еске түседі. Бір жылы еліміздің оңтүстігіндегі қалалардың бірінде жергілікті басылымның өкілі қасымызға келіп, «басшылық бұл жерге келмеңдер, бұлар халықаралық ұйым» деп қалмасы бар ма?! «Енді неге келдің» деп үлгермедік, «үйренгім келеді, басқа кім үйретеді маған» деді шынайы жауап қатып.
Ал мұғалімдер мен дәрігерлер сияқты қойша айдап әкеліп, мәжбүрлеп отырғызып қойса, не үйренеді?
«Түркітілдес журналистер қорының» төрайымы Нәзия Жоямергеннің шырылддап жүргенін де түсінесің. Бір Ербол Азанбектің өзі де жоқтан бар жасап, сең қозғалса дейді. Алайда, сәңнің әзір қозғалар түрі байқалмайды.
«Қазағым мықты, біз дамып келеміз» деп қанша айқайласақ та, шын жағдай басқаша болып тұр…
Асқар Ақтілеу журналист, Ақтөбе