Журналист мемлекеттік мүддеге жұмыс істеуі керек

24 маусым 2022, 15:13

Шерағаң, Шерхан Мұртазаның тәмсілге тартылып кеткен «Журналистердің жегені жантақ, арқалағаны алтын» деген сөзі қоғамда салмақтылығын аңғарта түседі. Жалаң аяқ, жалаң бас, қызыл асықтан қар кешіп, сан етінен сыз баса жүріп, от пен судың ортасынан табылатын осы бір «төртінші билік» өкілдері маусымның соңын ерекше күтеді. Өйткені 28 маусым – Журналистер күні. Кәсіби мерекеміз қарсаңында білікті журналист, көрнекті публицист, сөз зергері, Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген мырзаға сұрақ қойып, илеп жүрген саламыздың қазіргі тамыр соғысы мен тынысы турасында әңгіме өрбіттік.

Jas qazaq: Мейрамбек аға, ең алдымен, кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз. Жаратқаннан берілген ерекше сый – жазу өнері жайында әңгіме өрбітсек деп хабарласып отырмын. «Әлқиссамызды» өзегіне өрт қойсаң, қаулап ала жөнелер мәселеден бастасақ. Еліміздің «БАҚ туралы» заңында журналистердің мәртебесі де, кепілдіктері де жоқ. От пен судың ортасында жүрген жалаң аяқ журналистер мемлекеттік қызметкер, я болмаса бюджеттік мекеменің өкілі болып саналмайды. Былайша айтқанда, арнайы статусы да жоқ. «БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес» дегенді айтып еді Сенаттағы әріптесіңіз, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп. Қоғамға ақпарат тарату ісінде алдыңғы шепте жүретін журналистердің арнайы мәртебе алатын уақыты әлдеқашан жетті емес пе?

Мейрамбек Төлепберген: Журналистика деген мәртебелі мамандық бір күнде пайда бола салған жоқ. Арғы атасына, тарихының тереңіне бойламай-ақ, қазақ журналистикасының қазыналы тұңғиығына тереңдей енсеңіз де жетеді. Қазақ журналистикасы деген ұғым қалыптасқалы Мұхамеджан Сералиндердің заманынан бері қарай қаншама журналистер қанат қағып ұшты. Кешегі өткен заманда да журналистердің орны, салмағы ерекше болды. Олардың атқаратын қызметі мен арқалайтын міндеті ұғынықты. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін де мемлекеттің нығаюына, идеологияның иіні қана иленуіне, пісіп-жетілуіне, тарам-тарам болмай, тұтастай ұйыса тарауына бірден-бір күш салып, қозғау берген журналистер емес пе! Идеологияның ең негізгі тұтқасы журналистердің қолында ғой. Саяси сала ғана емес, рухани, мәдени, әдеби, білім мен ғылым, спорт пен медицина, тағы да аталмаған қаншама сан тарау өріс бар, журналистиканың жұғыспайтын арнасы бар дей аласыз ба? Осындай ауыр аманатты арқалай жүріп, қауіп пен қатерге толы мамандық иесі атанған әріптестеріміз арнайы статусқа ие болып, мәртебе берілуін журналист ретінде, Мәжіліс депутаты есебінде де қолдаймын.

Jas qazaq: Бұған тағы айналып соғамыз. Журналистердің әлеуметтік мәселесі де айтуға ұят. Әсіресе, газет-журналдардағы журналистердің жалақысы. Бұл, әлбетте, газеттердің қаржысымен байланысты. Қазақ баспасөзінің жағдайын көтеруге байланысты қандай ұсыныс айтар едіңіз? Мәселен, мемлекеттік субсидия берілу керек деген мәселе көтеріліп жатыр.

Мейрамбек Төлепберген: Шерағаң айтқандай, журналистер әлі де жантақ жеп жүр, арқалағаны алтын, бірақ. Журналистерге арнайы статус берілуін қоғамда дүркін-дүркін көтеріп, айтып жүр. Сенаттағы әріптесіміз Нұртөре Жүсіп те осы мәселені Үкімет басшысына арнайы жолдап, шешу жолдарын да ұсынды. Журналистерге де полиция қызметкерлері секілді статусқа ие болып, жеңілдіктер берілсе, құқықтары қорғалса деген ұсыныс айтылып келеді.

Мәжілістен мандат алып, депутаттық міндетті арқалағалы қаламақы мәселесін шешудің жолын ұсынып, осы бағыттағы шырмауықтай шырмаған кедергілермен күресіп келеміз. Ол қандай мәселе деңіз? Мысалы, үшін мемлекеттік тапсырыспен облыстық телеарнаның бюджетіне 150 миллион теңге аударылды дейік. Осы соманың 10 пайызы телеарнадағы журналистердің қаламақысына жұмсалуы керек. Осыны дабырайтып тұрып жазып қою керек. Журналист жантақ жемеуі үшін оның әлеуметтік материалдық жағдайы жақсы болуы керек қой. Мемлекеттік сатып алудан түскен қаржының белгілі бір пайызы қаламақыға бөлінсе, ол қаржыдан авторларға да жазған дүниесінің салмағы мен сапасына қарай қаламақы берілсе, қанаттанбай ма? Телеарна мен радиодағы хабарға, бағдарламаға барып, сарапшы болған авторлардың айтқан сөзінің репетіне қарай да қаламақы төленсе, оларға үлкен қамшы болар еді. Аузы дуалы адамның айтқан екі ауыз сөзі қоғамда үлкен қозғау салуы мүмкін. Сондықтан қаламақы мәселесін оңтайлы жолмен шешпей, түйткілдің түйіні ұлғая береді. Жасыратыны жоқ, аймақтардағы мерзімді басылымдарда самдағай журналистерге зәрулік туа бастады.

Jas qazaq: Күні кеше Ұлытауда өткен құрылтайда Президент шенеуніктердің блогерлерге барын тосатынын да сын нысанасына шығарды. Бүгінгінің блогерлері арасында төртінші билік деген атты жамылып алып қорқаудың тірлігін істейтіндер көп. Бопсалауға әуес, дауға дабыра қосуға құмар.

Мейрамбек Төлепберген: Орынды айтып отыр Президент. Жасыратыны жоқ, өңірдің әкім-қаралары халықтан қаймықпайды, ал төрт блогер барса, алдында тапырақтап кетеді. Солар үшін жік-жапар болып, жайылып жастық, иіліп төсек болуға даяр. Солардың басқан ізін бағып, әлеуметтік желідегі жазғандарын қалт жібермей оқып, есеп беріп отырады. Бұл енді сорақылық емей немене. Ал енді Мемлекет басшысы айтқандай, жауапкершіліктен жұрдай сол блогер дегендеріңіздің кейбірі, кейбірі емес-ау басым көпшілігі әкім біткеннің үрейін ұшырып, алақанында қақпақылдап, дегеніне жүргізгісі келеді. Жалпының емес, жеке басының мүддесін көздеп, құлқынының қамын күйттейтіні ақиқат. Әрине, әлеуметтік желінің арсеналын, күш-қуатын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ блогер болдым екен деп жеке бастың мүддесін аяққа таптап, ар-ожданды опыра беруге болмайды. Жазу өнері бойыңа дарыды ма, қаламыңды қиянаттың қып-қызыл шоғына қари беруге болмайды. Жалған сөйлеп, өтірік таратпау керек. Осыған жол бергендер кім болса да жазаға тартылуы тиіс. Ақпаратты анық-қанығына жетпей, байыбына бойламай таратып жіберу мәдениеттіліктің белгісі емес, ол қоғамның да көзқарасын өзгертеді. Ашықтық керек дейміз де, өзіміз осындай қадамға барғанымыз жарамайды.

Журналистің абыройы қоғамның, сол қоғамды құрушы халықтың сенімі нығайғанда ғана артады.
Ертеректе журналистер өзінің жазған соқталы төрт-бес туындысын газет-журнал бетінде жариялап, сүйекті бағдарлама, хабарын эфирден көрсету арқылы қоғамға кеңінен насихатталып, таралатын. Қазір қалай, оқылым күрт төмендеді. Өзгеден қалай талап етесің, өзіңнің салаңдағы жас буынның арасында газет-журнал оқитындары некен-саяқ. Қазақстан бұрын кітап оқитын алдыңғы лектегі 10 елдің қатарында деп мақтанғанда айыл бауымыз үзіле жаздайтын, ал қазір қою шаңның ішіндеміз. Баспасөз құрымайды, сақталады. Бірақ таралым төмен түсіп, оқылым құлдырады. Біздің елде әлі шалғай ауылдардың барлығы бірдей ғаламтормен қамтылды деп айта алмайсыз. Өңірлерде газет-журналдардың оқылуын көтеріп, таралымын арттырудың мемлекеттік бағдарламасы іске қосылуы керек. Осыны жүзеге асырғанда журналистердің төккен терінің өтеуі ақталады.

Jas qazaq: Соңғы бір-екі жылдан бері «Алматы жастары» бағдарламасына журналистер де қосылды. Бірақ бұл барлық журналистердің үй мәселені түбегейлі шешеді деген сөз емес, Өйткені онда лимит бар. Ірі құрылыс компаниялары неге журналистер үйін салмасқа? Қажет болса, солардың жарнамалық жұмыстарын да, басқа да жылт еткен жаңалықтарын жарияға шығаратын да журналистер ғой. Салған үйін олар тегін таратпай-ақ қойсын, ондай май шелпектің болмайтыны да анық. Бірақ арнайы жеңілдіктермен, аз жалақымен де үй рәсімдеуге мүмкіндік туғызса, әлеуметтік мәселенің ішіндегі ең соқталысы шешілетін еді. Құрылыс компаниялары тек журналистерді ғана емес, суретшілер, ақын-жазушылар, өнер майталмандары, жалпы шығармашыл жастарды қолдау қажет. Бәрінің де айналып табатын қазығы – өнер. Қоғамда журналистер де әділетті көзқарас өте зәру және оны қалыптастыру керек.

Мейрамбек Төлепберген: Талантты мойындау деген бар, жер-жерде талантты, өзін мойындатқан, көпті сөзге тоқтата білетін журналистерге жергілікті кәсіпкерлер болсын, басқа да демеушілер тарапынан арагідік сый-сияпат жасалып жатады. Дегенмен де журналистердің үй мәселесі, әлеуметтік-материалдық қажеттілігін өтеудің түйткілі тарқатылуы керек.

Jas qazaq: Журналистердің мәртебесінің төмендігіне кейде өзіміздің кәсіби қызметімізге деген жауапкершілікті сезінбеу де әсер етпей ме? Сайттарды ашып қараңыз, ақпараттық аласапыранда жазуға тиісті емес жайттар да «жырға арқау болып» жатады.

Мейрамбек Төлепберген: «Ат тұяғын тай басатыны» белгілі. Ендеше алдыңғы толқыннан кейінгі жас буын үлгі алуы керек, бағыт-бағдарын солардың сорабына қарап түзеуі тиіс. Аға буын мен кейінгі толқынның ортасында байланыс бар ма? Жас журналистердің арасындағы рухани бәсекелестік, жазу машығындағы әдеби көркем майдан бар ма? Мысалы, Шерхан Мұртаза бұрынғы «Лениншіл жас» қазіргі «Жас Алаш» газетінде редактор болып тұрған шағында қаншама талантты жастарды қанатының астына алып, баптап ұшырды. Аға буын әлі де аңыз етіп айтады, бір жиында түйенің ботасына қатысты бір әңгіме тарқатылады. Ертеңіне редакцияда істейтін Оралхан Бөкей мен Кәдірбек Сегізбаев кешегі естіген әңгіменің желісімен шығарма жазып әкелген. Екеуінің естігені де бір оқиға, бірақ шешімдері, байламдары, ой тоқтатуы жеке-дара. Қандай талант, ә! Бір түнде әңгіме жазып әкеліп, бірі «Лениншіл жаста», екіншісі «Жұлдыз» журналында жарияланған. Екеуінің де жазғанының арғы түкпірінде ұлттың мүддесі, тілдің өміршеңдігін өлтіріп алмау мәселесі жатыр, Өзің айтқандай, болмайтынды «жырға арқау етпей» жас буын өзара бәсекелестік орнатып, алдыңғы толқынның мектебінен тәлім алса, одан кеміп қалмайды, керісінше, рухани кемелдене түседі. Кезінде Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов газет бетінде бір-біріне хат жазысты. Екеуі замандас, рухтас, жолдас болған адам. Бір-бірін күнде көріп, дастарханда басы тоқайласып жүрген жандар. Бірақ екеуі ұлттың ұпайы, мемлекеттің бүтіндігі, тәуелсіздіктің тұтастығы дегенде шығарға жаны бөлек екенін жазысқан хаттарында көрсетті. Оқырманды тартудың төте жолын да осылай қалыптастырды. Оқып шықсаңыз, қоғамның қоясын қалай қасқайып тұрып ақтарғанына куә боласың. Сондықтан журналистердің біліктілігі, ой-өресі өскенде ғана қоғамды өзіне қаратып, халықты өзімен санастыра алады.
Жаңа Қазақстанда негізгі құндылық – идея мен идеология. Осы екеуінің септесуі әмәнда керек. Идеяның жанды болуы оның идеологиясына байланысты. Жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты азамат – осы қағида балталасаң да бұзылмай, бұтарланбай жұмыс істеуі керек. Оның жұмысын жарияға жар салып көрсететін – әрине, журналистер. Ендеше, олардың мүддесі қорғалып, мәртебесі айқындалуы керек.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет, аға!

Сұхбатасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы

Бүгін, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді