
Бүгінде «жоғары білім — табысқа апаратын жалғыз жол» деген түсінік көпшіліктің санасына сіңіп қалған. Алайда бұл пікірдің әрдайым ақиқат емес екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Себебі кейбіреулер мамандықты өз қалауымен емес, ата-анасының қысымымен немесе қоғамдағы «беделді мамандық» деген ұстаныммен таңдайды. Ұпайы грантқа жетіп тұрғандықтан түсе салатындар да бар. Сөйтіп 4-5 жыл көңілі тартпаған саланы оқып, диплом алғанымен өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
Бұл саны көп, сапасы жоқ мамандық иелерінің көбеюіне алып келеді. Медицина саласын алайық: дәрігер болу — адам өміріне жауапкершілік алу деген сөз. Ал өз қалауынсыз оқуға түскен студент білімге емес, бағаны «жабуға» ғана күш салады. Кейін осындай дәрігер керек кезде диагноз қоя алмай, сырқаттың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Сондай-ақ заң білмейтін, тек диплом үшін оқыған заңгер де сотта дұрыс қорғау жасай алмайды. Мұғалімдікке құлықсыз түскен түлек сыныпта білім берудің орнына сағат санап отырады, зардабын оқушы тартады. Инженерия, құрылыс салаларында да қалауынсыз білім алған маманның жобасы апатқа әкелуі мүмкін. Демек, әр саладағы «сапасыз маман» науқасқа, клиентке, оқушыға, қарапайым азаматқа кесірін тигізеді.
Бұл мәселенің ауқымын 2026 жылғы статистика да көрсетеді. Оған сәйкес, І-тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Биыл Электрондық еңбек биржасында жарияланатын бос орындар саны 1,12-1,31 миллионға жетуі мүмкін десек, осы орындардың басым бөлігі жұмысшы және кәсіби біліксіз қызметкерлерге арналған. Демек жоғары білімді түлектерге сай мамандандырылған орын жеткіліксіз.
Осыдан жұмыс нарығы мәселесі туындайды. Өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге құлқы жоқ жастар сатушы, курьер болып жұмыс істейді. Ал сол саласында қалса да, айлығы шайлығына жетпей, «оқыдым, диплом алдым, бірақ өмірім өзгермеді» деген өкінішпен өмір сүреді. Бұл-жеке адамның да, мемлекеттің де ресурсын босқа сарқитын жағдай: студент жылын, күшін, ата-анасының ақшасын жұмсайды, ал мемлекет грант пен білім жүйесінің ресурсын жұмсайды. Соның нәтижесінде саны бар, сапасы жоқ маман көбейеді.
Сондықтан мамандықты сенімді немесе «сән» болғаны үшін емес, жүрекпен таңдаған дұрыс. Технология қаншалықты дамыса да, адамға әрқашан қажет болатын, автоматтандырылмайтын, шынайы шеберлікті талап ететін мамандық иесі жұмыссыз қалмайды.
Сөзімізді түйіндесек, жоғары білімнің өзі табысқа кепілдік бермейді. Табысқа апаратын жол – қалаған мамандығың бойынша білім алу. Өйткені нағыз құндылық — терең білім мен адал еңбек.
Арыс Ысқали,
Абылай атындағы халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің
МХКФ 2-курс студенті