
ЛДПР партиясының төрағасы Владимир Жириновский жаңа «КСРО» құрып, оның қатарына Иран мен Түркияны қосып алуды ұсынды. Мұндай пікірімен саясаткер Twitter микроблогында бөлісті.
Baq.kz-тің хабарлауынша, либерал-демократтардың көшбасшысы: «Көңіл қаласа, қайтадан СССР құруға болады – еркін социалистік республикалар одағын («союз свободных социалистических республик – агенттік). Иран, Түркия және басқа елдерді шақыруға болады құрамына», – деп жазған.
Бұған дейін ол 16 шілдеде Түркияда әскерилердің төңкеріс орнатуда сәтсіздікке ұшырағанына қарамастан, болашақта республикадағы билік бәрібір әскерилердің қолына өтеді деп мәлім еткен болатын.
16 шілдеге қараған түні Түркияда бір топ әскери адам билікті күшпен басып алмақ болғаны есімізде. Алайда сәтсіздікке ұшырады. Төңкеріс жасау әрекеті салдарынан, соңғы мәліметтер бойынша, 22 адам көз жұмған.
Ал Жириновскийдің Алматы көшесіне өз есімін беру ұсынысын қазақ жұрты әлі ұмыта қоймаған шығар. Бұл ұсыныстың қазақстандықтарға ауыр тигені соншалық, әлеуметтік желіде тіліне ие болмайтын саясаткерге тек туалет қана лайық деп, Алматыдағы қоғамдық дәретханалардың біріне Жириновский есімі берілді, әрине, шартты түрде.
Ал алматылықтардың өзі Владимир Вольфовичке психиатриялық клиниканың атауы сай деп санайды.