jasqazaq.kz

Жетінші қазынаның жанашыры (фото)

27 наурыз 2017, 11:31

Ақмола облысы Краснояр ауылында тұратын Оралбек Қайсанов бірнеше жылдан бері қазақы төбеттің тұқымын жақсарту бағытында тынымсыз ізденіп жүр. Бұл туралы тоқталмас бұрын Оралбектің өміріне кішігірім саяхат жасап алсақ.

Ол Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданының Қарасу ауылында дүниеге келген. Қазір бұл ауыл Қабанбай батыр ауылы деп аталады. Төңірегі толған қырат, жота, тау. Толағай, Сеңгір, Тарбағатай таулары. Ту сонау етекте әлдеқайдан түсіп қалған бір шөкім моншақ тәрізді мөлт-мөлт етіп Зайсан көлі жатыр.
Ертеректе ауыл қариялары тал шыбықты ат қылып мінген балаларды жинап алып күрестіретін. Бір қарағанда әншейін ермек тәрізді. Ал, шынтуайтына келсе жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерді шынықтыру, өжеттілікке баулу, жас көкіректе бұйығып жатқан намыс отын тұтату. Оралбек бойы сәл аласа болғанымен, өзінен бірер жас үлкен балалармен белдесе беретін. Жеңсе нағашысы Секен Байжұманов күректей алақанымен басынан сипап еркелетеді. «Сары палуан» деп ат қойған да нағашысы. Осы жиен кейін жауырыны жерге тимейтін балуан болады деп үміттеніп отырушы еді. Ел ішіндегі кішігірім тойларда жұлдызы жанса, нағашыларына тартқан деп масаттанатын.


Нағашы қауым үкілеп үміт артқан «сары палуан» сан түрлі жарыстарда жеңіске жетті. Спортты өмірлік серігі еткен азамат бүгінде қазақ төбетті сақтап қалу үшін аянбай тер төгіп жүр. Соңғы кездері күнде талықсып, үзіліп барып қайта жалғанып, өшіп барып енді жанып жатқан құсбегілік, атбегілік өнер тәрізді қаны таза текті иттерді тауып асырау, олардан тұқым алу жаңа ғана қолға алынып жатыр. Наурыз мерекесі қарсаңында сол текті итті сақтап қалу жолында жүрген Оралбекті сөзге тарттық. Әңгімені бірден алабай тұқымды иттен бастады.
– Мен алабай деген ит тұқымы барлығына сенбеймін. Ұзақ жылдан бері осы салада тірнектеп жұмыс істеп жүргеннен кейін, азды-көпті тәжірибеме сүйене отырып, өз пікірімді білдіретін болсам, алабай тамырын тереңнен алатын иттің тұқымы емес. Алабай сөзінің өзінен көрініп тұрғандай бұл әлдебір будан иттердің түрін, оның жүнінің бояуын білдіретін болуы мүмкін. Сол будан иттен жаңа тұқым шығару, оны жан-жақты насихаттау негізсіз ұғым тудырып отыр. Кешегі кеңес заманы орнығардың алдында ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда қазақ топырағын жайлаған Алаштың арда ұлдары ата-бабасының қасиетті кіндік қаны тамған қастерлі топырақты тастап, төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кетті. Көшкен елмен бірге сан ғасыр бойы даланың айбары болған тегі таза, тұқымы мықты бөрібасар мен төбет ит бірге кетті. Қазір алыс, жақын шет елдерде сол қазақ даласынан кеткен, арғы заманда арыстанмен алысқан, жолбарыспен жұлқысқан, қасқырды шопақ құрлы көрмеген, кеудесі керіскедей, бұқа мойын қазақы төбеттен қалған тұқым уақыт өте келе жаңа сипатпен дамып келеді. Қазақ елі тәуелсіздігін алып, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып жатқан бүгінгі ақ түйенің қарны жарылған айпара заманда ұлттық брендіміз болып саналатын аң патшасы арыстан сипатты бөрібасар мен көркіне көзің тоймайтын, күш-қуатына әз жаның сүйсінер қазақтың төбет итінің тұқымын көбейтсек, жарасымды емес пе.


Төбеттің айырмашылығы дене бітімінде. Бізге дейінгі ата-бабамыз әр сөздің бояуын, дәмін айыра білген ғой. Атауының өзінен көрініп тұрған жоқ па? Бөрібасар, демек, бөріні алатын, соған шамасы қаптал жететін әулетті деген ұғымды білдірсе керек қой. Бөрібасардың басы ересен үлкен, мойыны жуан, бас пен мойын зор кеудеге қоладан құйғандай тұтасып кеткен тәрізді болады. Езуі жырта қарыс. Азу тістері салалы, әрі өткір, мықты келеді. Кеудесі жуан, аяқтары сіңірлі, ұзын. Шынтақ кеудеден сәл алшақтау. Белі садақтың жағындай серіппелі. Күдістеу біткен мойын омыртқа жонданып барып күшті серпінді белге жымдаса жалғасады. Дауысы көмейінен, жұтқыншақтың түбінен бәлкім зор кеуденің өзінен шыққан тәрізді қою гүріл араласып салмақты леппен шығады.


Егер осы іспен ондаған жыл айналысып жүрсем әрине, ермек деуге келмес. Зайыры ермек ерікеннің ісі. Өзіңіз ойлап көріңіз қазір менде алпысқа жуық асыл тұқымды ит бар. Ермек еткен адам қызығы мен азабы бірдей осынша итті генетика заңын сақтай отырып, өсіре алар ма еді. Ол үшін айрықша төзім, ерекше ынта керек. Әр иттің мінез-құлқын қадағалау, денсаулығын көзден таса етпеу, дағдыландыру, тәрбиелеу кез-келген адамның қолынан келе бермейтін азабы мол шаруа. Қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған мына заманда ит түгіл адамды асырау оңайға түспей тұрған шақта еріккен адам елу ит баға алар ма еді?


Ит асыраумен он жылдан астам уақыт бойы айналысып келемін. Асыл тұқымды итті бір шеті Ауғанстан мен бір шеті Түркменстаннан жинадым. Отбасым ит асырағаныма қарсы емес. Әр адамның алдына қойған бір мақсаты болады ғой. Менің мақсатым осы. Кейбір түсінбейтін адамдар басқаша да ойлауы мүмкін. Ал, көршілерім алғашқыда үркектей қарап, ептеп күңкілдегендері де рас. Кейін көндігіп кетті. Олай болатыны менің төбеттерім көршінің қаз-үйрегін ұрлайтын бұралқы ит емес. Кісі қаппайды. Ешкімге зияны жоқ. Сосын да көрші-қолаң төбеттердің тұлғасын көріп тектілігін танып тәнті болып, өздері де қызықтап жүреді.
Қазіргі таңда асыл тұқымды иттерді сату өзінше бизнес екендігі жасырын емес. Әрі тұқымы тұздай құрып бара жатқан төбеттің қымбат бағаланатындығы әртүрлі жарыстарда жүлде алған белгілі. Тұқым жаңалау үшін өзіміз де сатып алып жүрміз. Текті төбеттер бес мың доллардан жоғары бағаланады. Бірақ, мен төбеттерді сату үшін емес, олардың тұқымын жаңалап, көбейту үшін бағамын.

Оралбаймен әңгімесін осы жерден аяқтады. Жалпы ит жеті қазынаның бірі деп Алаштың сұңғыла қарттары тегін айтпаған. Төбет барлықтың, байлықтың, тектіліктің белгісі. Қазақ даласын жыртқыштан, жаудан қорғап қалған төбеттің XXI ғасырда да өмір сүруге толық қақысы бар.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық