
Жер реформасы жөніндегі комиссияның тағат тауыстырған алғашқы отырысы да өтті. Алғашқы отырыста елдің көңілі алабөтен болары о бастан-ақ белгілі еді. Өйткені, оның құрамы ел аманатын арқалаған елжанды азаматтардан құралуы себепті көпшілік бұл комиссияға зор үміт артты рас. 7 сағатқа жуық уақытқа созылған алғашқы отырыс кеше аяқталғанымен оның төңірегіндегі ойталқы әлі толастар емес.
Жер реформасы жөніндегі комиссияның тағат тауыстырған алғашқы отырысы да өтті. Алғашқы отырыста елдің көңілі алабөтен болары о бастан-ақ белгілі еді. Өйткені, оның құрамы ел аманатын арқалаған елжанды азаматтардан құралуы себепті көпшілік бұл комиссияға зор үміт артты рас. 7 сағатқа жуық уақытқа созылған алғашқы отырыс кеше аяқталғанымен оның төңірегіндегі ойталқы әлі толастар емес.
Задында, ел ішіндегі аса маңызды, аса көкейтесті мәселенің барлығы көпқұрамды комиссияларда қаралған. Басқасын айтпай-ақ, осыдан жеті жыл бұрын дәл осындай комиссия «Ел бірлігі доктринасын» қабылдау кезінде де құрылған болатын. Ол тұста да әрбір қоғам тарабының үні ескеріліп, резонанс тудырған стратегиялық құжат көптің талқысына салынып, бірауыздан қабылданғаны есте. Елдің бірлігі мен тату тіршілігін күшейткен маңызды құжат ұзақ талқылаулардан соң, «жеті рет өлшеніп, бір рет кесіліп» іс жүзіне берілді рас. Демек, қоғамымыздың бұл салада тәжірибесі одан өзге, әлеуметтегі түрлі салаға қатысты кәсіби пәтуа шығаратын елімізде Президент жанындағы 17 комиссия бар екен. Бірі сыбайлас жемқорлықпен күресті пысықтаса, екіншісі, азаматтық алудың күрмеуін шешуге жұмылған, енді үшіншісі азаматтарға рақымшылық беру комиссиясы тұрақты жұмыс істейді.
Бұл жолғы Жер реформасы жөніндегі комиссияның 7 сағаттық басқосуында 60-тан аса адам сөз алып, 150-ге жуық журналист қатысты. Ойын іркіп қалған ешкім қалмады. Елдің сөзін сөйлейді деген қоғам қайраткері де биліктің биік дәлізінде жүрген шенеунік те қалыс қалмады. Әдетте, ой-пікірін тек әлеуметтік желіде ғана білдіріп, онысын жоғары жаққа өткізе алмайтынына шағымданатын белсенділердің де ұсынысын қалың бұқара естіді. Күн сенбі болғанына қарамастан барлық ақпарат құралдары бұл жолы Комиссияның сәт сайынғы жұмысы туралы жан-жақты хабардар етіп отырды. Алғашқы отырыстың бірінші жарты сағаты Комиссия жұмысының регламенті мен жұмыс жоспарын талқылауға кетті. Дей тұрғанмен, халық үшін аса тағдырхал тақырыпты талқылаған жиыннан алған журналистік әсерімізді жіпке тізуді жөн көрдік. Алдымен Комиссияның сапалық құрамын сөз етсек.
Жер реформасын талқылау жөніндегі комиссия ел тарихында тұңғыш рет құрылды. Осылайша, қоғам мен билік арасындағы дәнекерліктің көпірі тікелей салынды. Тікелей деуімізге негіз бар. Себебі, халық атынан сайланған депутаттар да (Бекболат Тілеухан, Қуаныш Айтаханов, Азат Перуашев) билік пен бұқара болатын дәнекерлер. Комиссия құрамында олар да бар. Дегенмен, олардан бөлек те ел арасында даулы мәселеге үн қосқан белсенді азаматтар да құрамға еніп отыр. Сол қуантады.
Комиссияға ел үкіметі басшының орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуі де оның маңызын арттырып, мәртебесін бір белеске көтерді. Тек бірінші вице-премьер ғана емес, сапында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бар Комиссияның осы жиынға тас түйін, тыңғылықты дайындықпен келгені анық байқалды. Демек, бұқара үні реформаны іске асырушы салалық министрлік басшыларының тікелей өздеріне жолданады.
Комиссия құрамына сондай-ақ, түрлі көзқарастағы қоғам белсенділері кірді. Белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, бұрынғы депутат Оразалы Сәбден, Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Дос Көшім, Берік Әбдіғалиұлы бастаған ұлт жанашырлары, бұлардан бөлек, Жақсылық Үшкемпіров, Сауэр секілді жердің игілігін көріп отырған ірі шаруалардың кіруі Комиссия құрамының салмағын арттыра түсті.
Ауылдағы шаруа қожалықтарының басшылары мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері осы тізімнен төбе көрсетті. Бұл да болсын жерді тиімді пайдаланушы кәсіпкерлер мен ауылдағы шаруалардың өзара тиімді тіл табысуына себепкер болмақ.
Отырыста не қаралды?
Әлбетте, кез-келген алғашқы жиынның мақсаты жұмыс регламентін анықтап, жоспар түзу. Жетпіс адам тұрмақ, әдетте жеті адамның ортақ тіл табысып, бір мәмілеге келуі қиын. Құрамы алақұла комиссияның алғашқы отырысында 63 адамның пікірі тыңдалды. Ешкім ойын іркіп қалмады. Наразы топ шерін тарқатты, үкімет мүшелері мен депутаттар 7 сағат бойы барлық тарапты мұқият тыңдап шықты. Отырыста айтылған келелі ұсыныстардың ең соқталысын осында келтіргенді жөн көрдік. ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Бекболат Тілеухан: «Жер дегенде мүлде реакция болмаса, онда бұл өте қорқынышты жағдай. Демек, ол біздің халықтың тектілігінің көрінісі, генетикалық жадында жатқан дүние. Бұл ретте Үкіметтің олақтығын мойындауымыз керек. Жұртшылыққа түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілген жоқ» деп түсіндіру жұмыстарының олақтығын сынға алды. Бұл олқылықты жуырда осы орайда құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігінің басшысы Дәурен Абаев та мойындап, комиссияның шешімдері халыққа дұрыс жеткізілетініне уәде берді. Мәселеге әлбетте ғалым маманның да көзқарасы аса маңызды. Эмоциялық тұжырымдар кеулеген кезде отандық ауыл шаруашылығы мамандарының бұл тараптағы кәсіби көзқарасы маңызды. Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, бүгінгі университет ректоры, ғалым Ақылбек Күрішбаев «жерді жекеменшікке беру де дамыған елдерде қалыптасқан норма. Сондықтан асығатын, аптығатын ештеңе жоқ. Жалға беру институтын қолға алу керек. Бізде жерді бөлуде әділетсіздік бар. Мұндай мәселелерді реттеу үшін комиссияның жұмысшы тобында белсенділік танытуға әзірмін» дей келе, жалға беру механизмін жетілдіре түсу қажеттігін басып айтты.
Экс-министрдің ұстанымын қазіргі іс басындағы министр Асқар Мырзахметов қолдағандай сыңай танытып, «жерді жалға беру, жекеменшікке беру тек бүгін талқыланып жатқан шешім емес. 1990 жылы Қазақ совет республикасындағы Кодекс бойынша үш жылға, одан кейін он жылға дейінгі мерзімге жалға берілген. 1995 жылы қабылданған заңда ел азаматтарымен қоса, шетелдіктерге де жалға берудің мерзімі 99 жыл болған. Алты жылдай осы уақытта шетелден бірде адам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді 99 жылға жалға алған жоқ. Қазірде 243 мың гектар егістікке жарамды жер әлі күнге пайдаланылмай отыр» деп мәселенің тарихына тоқталып өткені орынды.
Биліктің келесі тармағы, заң шығарушы орган – Парламент Мәжілісі депутаттарының жерге инвестиция әкелуші капитал ретінде қарау қажеттігін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Айтаханов баса айтып кетті: «Жердің астындағы мұнай да, газ да, көмір де, темір де таусылады. Жаңартылатын, таусылмайтын ол – жер. Жер ананы дұрыстап игеретін болсақ, ол жыл сайын құнарлылығын арттыра отырып, өнімді көп беріп, өзімізді-өзіміз толық қамтамасыз етіп, артылған өнімді шетелге шығарып, елімізге валюта әкеледі. Ол үшін жерді қарқынды пайдалануымыз керек. Оған бүгінгі таңда қаржымыз болмай жатыр. Жерге инвестиция келуі керек. Сол себепті, жерді шетелдіктерге жалға беру деген мәселе осыдан туындап отыр». Жерге қатысты елімізді сүт өнімдерімен қамтып отырған «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр кәсіби көзқарасын білдірді. Рас бізде қазір жер мәселесіне қатысты байыпты, салиқалы көзқарастан гөрі, ел ішін ала тайдай бүлдіруге жетелеуге үйір құр байбалам басымырақ. Соның салдарынан жер мәселесінде жөні қайсы, бұрысы қайсы екенін халықтың өзі түсініп болмайтын халге жетті. Әркімнің өз көрпесіне қарай бұра тартқан кертартпа жағдайда ауыл шаруашылығы саласында беделі зор азаматтардың сөз алғаны мақұл. Жер туралы жерге егін егіп, пайдасын көріп отырған азаматтар сөйлеуі керек дегенді нығыздап айтқан агрокешен басшысы «біз көбіне халық атынан сөйлеуді дағдыға айналдырып алдық. Жермен айналысатын шаруа, маман, фермер сөйлесе абзал болар еді. Өкінішке қарай, көп жағдайда олардың дауысы естілмей қалып жатады. Неліктен бізде жер туралы ерінбегеннің барлығы сөйлей беруі тиіс. «Шымшық сойса да қасапшы союы тиіс» дегенді Иван мырза естір құлақтардың жетесіне жеткізіп айтқандай болды.
Алайда, басқа басқа дәл Ел мен Жер тағдыры дегенде әсіресе, қалың бұқараға қалқан болар зиялы қауым. Жалпы жұрт ақын-жазушылардың, есімдері елге мәлім азаматтардың аузына қарайтыны рас.
Ақын-жазушылар атынан сөз алған белгілі ақын Жанарбек Әшімжан да өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, Жер мәселесі көтерілгенде ешкім шет қалмауы керек. «Егер менің ата-бабам өзінің қанымен, найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап қалған Жеріне қатысты әңгіме болып, соның тағдыры шешіліп жатса, мен шаруа емеспін, егін екпеймін, мал бақпаймын деп сырттан, үнсіз қалу қаншалықты орынды. Мен Комиссия құрамындағы шаруалардың атқарып отырған істеріне, жүргізіп отырған шаруашылықтарына ризашылығымды білдіремін. Жұмыстарына сәттілік тілеймін. Алайда, Жерге қатысты тек шаруалар сөйлесін дегенмен келіспеймін. Өйткені, бұл бәріміздің ортақ шаруамыз. Бұл мәселе осы Комиссияның талқысынан кейін оңды шешімін табады деп сенемін», — деді Ж.Әшімжан. Жалпы, Комиссия мүшелерінің бірі де аянып қалмады. Сөз басында айтылған «Ел бірлігі доктринасы» құжатын дайындап, 2-3 ай бойы тынымсыз еңбек еткен Айдос Сарым, Дос Көшім мырзалар да өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Яғни, Айдос Сарым 15-20 адамнан тұратын жұмыс тобын құрып негізгі жұмысты солар атқарып, кейін әр ұсынысты Комиссияның жиындарында талқылауды, содан кейін ғана белгілі бір шешім қабылдауды ұсынды. Марат Шибұтов та осы тектес тың идеясымен бөлісіп, өзінің ұсынысын айтты. Ол 4 жұмыс тобын құрып, әрқайсысын салаларға бөліп, оларды белгілі адамдарға жетекшілік етуді ұсынды. Бұл өте маңызды өйткені, әр тараптан түсіп жатқан сансыз ұсыныстар мен бастамалардың ішінде кейбір аса маңызды мәселелер шетін қалуы мүмкін.
Елбасының бастамасымен құрылған комиссияның алғашқы отырысы сәтімен өтті деуге толық негіз бар. Барлық тарап тыңдалды, барлық пікір естілді, барлық ұсыныс қаперге алынды. Бұқараның әрбір өкілі үн қатуға мүмкіндік алды.
Түйін. Жер реформасы бойынша комиссияның отырысы әр сенбі сайын тұрақты өтетін боп шешілді. Келесі жолғы комиссияның отырысында аса күйіп тұрған мәселе – жерді сату төңірегіндегі расы бар, қауесеті бар мәселенің түйіні тарқатылмақ. Басқосуда белгілі болған тағы бір жай, жетпіс адам жетпіс жақтан тартып, салиқалы басқосудың берекесін қашырмас үшін мәселелерді сала-салаға бөліп, жұмыс топтарында қарау келісілді. Бұл мақсатта құқықтық, экономикалық және түсіндіру топтары құрылмақ. Комиссия мүшелері арасынан осы топтардың жетекшілері іріктеледі. Ендігі отырыстар осы жұмыс топтары бөлінген блоктар бойынша жүрмек. Келесі жиын нақты мәселелерге арналмақ. Яғни, күннің ең күйіп тұрған мәселесі – Жерді шетелдіктерге сату керек пе, жоқ па? Жалға беріле ме, жоқ па? Бұған қоса, бес-алты отырыстан соң комиссия мүшелері аймақ-аймаққа барып, жергілікті қоғамдық кеңестерді тартып, отырыстар өткізбекші. Демек, бұқара мен билікті дәнекерлеу ісі толығымен жүзеге асты деуге негіз бар.
Әуесбайдың Қанаты
bnews.kz