Ерке толқынды Ертістің кең алқабына 40 жыл бойы уын шашып, халқын қайғы-қасіретке душар еткен аты шулы Семей атом полигонының үні өшкеніне биыл тамыз айының 29-ы күні 25 жыл толады. Ол зұлматты жабуды көздеген күрестің 1989 жылы ақпан айының 20-сы күні басталғаны туралы алғашқы мақала 2005 жылы отандық бір басылымда жарияланған еді. «Көшті Кешірім бастаған» деп аталған мақала авторы Ғаббас Қабышұлы оны жаңа деректермен толықтыра хикаят жазған екен. Соны оқырмандарымызға ұсынуды жөн көрдік.
Редакция
– Кешім, әлі отырсың ғой?
– Қазір…
Бір сәттің ғана, бір мезеттің ғана өлшеміне тән «қазір» салқын айтыла салды да, сол сәт, сол мезет созыла берді. Минөттер… сағаттар… «Кешім, әлі отырсың ғой?» да, «Қазір» де қайталанбады. Бөлме егесі – түнгі тыныштық. Тек анда-санда көше жақтан ары-бері өтіп кетіп бара жатқан автомәшіндердің гүрілі естіліп қалады. Бірақ ой құшағындағы жігіт оны елеп отырған жоқ. Жазу үстелін қос шынтақтап, білезіктігі түйістірілген екі алақанымен екі жағын тіреп, қиықша қоңыр көзін терезе алдына қойылған көкшіл құмырадағы қалампыр гүлдеріне қадапты. Ортаңғы бөлмеде, биік шкафтың ойығында тұратын құмыра кешеден бері осы шағын бөлмеде; төрт-бес күн сайын жаңартылатын қызғылт үш раушан гүлі орнында – қоңырқай қалампырдың бес талы. Бұл өзгеріс – Гүлзияның әрекеті. Күйеуі Кешірімнің өңі әншейіндегісінен гөрі қуқылданып, өзі әдеттегісінен гөрі салмақтанып, оңашалануды қалай бастағанын байқасымен осы бір жаңалықты жасаған. «Қызғылт түс жүйкені қыздырмалайды, жасыл түс жүйкені тыншытады» дегенді оқығаны бар еді. Келімді-кетімді кісі қарасы үзілмейтін ортаңғы бөлмеде раушан тұрсын, бас қосқан таныс-бейтаныстардың тезірек табысып, шүйіркелесулеріне себепші болар деп білген және ол ойы ақталған да. Енді Кешімінің (Кешірімді осылай атайды) мінезіндегі оқыс құбылыс алаңдатып, іздеген жасыл гүлі табыла қоймаған соң қалампырды алып келген. Қазақтың «қоңыр» деген сөзді ерекше жақсы көретіні есінде, Кешімінің көңілі қоңырқай мақпал рәуішті қалампырды хош көреріне шүбәланбаған. Бірақ Кешірімнің көзі қарсы алдындағы гүлге түссе де, көңілі анау гүлсіз даланы шарлап кете береді. Гүлсіз даланы… Кең болса да тарылып, қара топырақты болса да сарғайып жатқан даланы… Ата-бабамыз мұра етіп қалдырған кең-байтақ әлем өзінің кеңдігі үшін тауқымет тартып жатыр… Кешірім өзі туып-өскен өлкенің бұл күйін көргеніне өкінулі, қапалы. «Бекер көрдім-ау!» деген пендешілік өкініш пен қапа емес, «Қайран даланың ертеңі бүгінгісінен де сұрқай боларына бөгет жасай алмаймын-ау…» деген сынық сезімнің өкініші мен қапасы.
«…Енді нендей қимыл керек? Кешеден бергі көргенім – тозақ дейтіннің дәл өзі шығар… Бірақ тозақ отына күнәлілер күйеді екен, ал біздің ешқандай күнәсі, кінәсі жоқ кәрі-жасымыз неге, не үшін күйді, қашанғы күйе береді?!. Ертеңгі ұрпағымыздың неше буыны күйетінін кім біледі?.. Абай туған топырақ күлге айналмақ па?.. Жердің асты-үстіндегі дамылсыз дүмпуден Дегелең тауының тасы түртіп қалсаң, сау етердей үгітіліп тұр. Тостағанкөл жап-жасыл уға толы. Өсімдік атаулының нәрі өліп, өзегі өңезе болған…». Кешірім орнынан ұшып тұрды. Оң жақ самайына ошарыла сусыған қайратты қара шашын артқа сілкіп тастап, бөлмеде ары-бері жүріп кетті. Жүрегі үсті-үстіне дүрсілдеп, дереу сөйлеп ала жөнелгендей: «Бұл неткен қаныпезерлік?!. Курчатовтың әкесін Абай әулеті өлтірген жоқ еді ғой, ол Қарауыл өңірін неге таңдады? Агрессорлардың алдына ор қазып, Хиросима мен Нагасаки қасіретін қайталатпау үшін атом бомбасын жасағандары жақсы-ақ, керек еді дейік, бірақ біздің ел-жұрт бар жерімізге әкеліп сынағандары қаныпезерлік емей немене? Бомбаны жасаған атақтылар бас қосып, сынау жұмысын жүргізер полигонды Ресейдің құла дүз иен даласының қайсысына орналастырған дұрыс болады дескенде топ басшысы Курчатов: – Біз оны иен далада сынау үшін жасаған жоқ шығармыз?! Жан-жануарға әсері қандай болатынын нақты білу үшін жасайтынымыз рас болса, елді мекеннің қолайлы біреуін таңдап алып, сонда сынау керек. Қазақстанда сынау қажет, онда полигонға лайық жер көп! – депті. Менің естігенім осы… ал көргенім әнеки: бірінші сынау алдында радияцияның өтіне алдап әдейі қойылған қырық жігіттің екеу-үшеуі ғана қалыпты, мүгедектікке ұшырап, жарық дүниеден безініп, күнін санап жүр; есігі екінің біріне ашыла бермейтін ауруханада сартап боп жатқан жастар мен жасамыстар, құнысып қалған сәби аз емес… Қатерлі ісік жасөспірімдерді де қармаған… Бұл зұлматқа не зауал?!.»
Кешірім қалт тоқтап, пижамасының кеудешесін шешіп, креслоға тастай салды да, іргедегі диванға мәйкішең жантая кетті. Жарыққа қарағысы келмегендей көзін жұмыңқырап, іргеге аунап түсті. Жонарқасы тершіген екен, аппақ мәйкісі дымқылданған. Жонарқаң терлеу үшін ағзаңа тым ауыр салмақ түсуі керек. Ондай салмақ Кешірімнің төбесінен табанына дейін түскен-ау!..
…Ол Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы (1977-1985 жылдары), облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы (1985-1987 жылдары) болып, абыройы асып, еңбегі жанып жүргенінде республика партия ұйымының басшысы: «Кешірім Бозтаевич, сізді Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұйғарып отырмыз, не айтасыз?» деп әдеткі жортасыпайыгершілікті аңғартқанда, «не айтасыздың» арғы жағында қашанда «ләппәйдеңіз!» тұратынын білетін Кешірім: «Сенім көрсеткендеріңізге рахмет!» деген де, қорғасын-мырыш комбинатында еңбек етуден басталған 31 жылы өткен Өскеменмен қоштасып, Семейге аттанған. Мұнда істі қабылдап алып, әр саланың бірінші басшыларын жинап танысып, оларға: – Әрқайсыңыз өз салаңызда нендей бәрекелді, нендей әттеген-ай барын, пікір-ұсыныстарыңызды екі күннің ішінде қағазға нақтылап түсіріп, маған тапсырыңыздар. Ештеңені асырмаңыздар, ештеңені жасырмаңыздар. Ортақ істе осылай табысуымыз керек екенін ескеріңіздер, – деп өтінді. Межелі екі күн бойына қала өмірімен, іргелес жатқан шаруашылықтардың хал-ахуалымен танысты. Үшінші күні өзінің қалауымен жинақталған мағлұмат атаулыны сараптап отырса, облыста көп шаруа шатқаяқтап жатыр. Денсаулық сақтау мәселесі де мәз емес, әсіресе, сырқат балалардың саны жылдан-жылға өсіп келеді. «Ойпырым-ау, бұл – ертеңгі өрісіміздің тарылуы ғой?!.».
Алдына келген мағлұматтардан оларды дайындаған адамдардың жанайқайы естілгендей еді. Мұнда сөзі өтпей, өткені Семейден асып кетпей, асып кеткені болса, – Алматының құлағына жақпай, әбден ішқұса болып жүрген жандар жаңа басшыға ақиқатты жайып салыпты. Әрбір жылды салыстырған цифрлар: «Міне, тап осылай!» деп қыстыға сөйлеп тұр дерсің.
Жылжып бір жарым жылды өткізді. Облыстың тыныс-тіршілігімен жете танысып, кадр құрамын іскер, қажыр-қайратты жас мамандармен толықтырды, іс ілгеріледі. Алайда қай ұжымда болсын әңгіме атом полигонына ойыса берді. Партия мен үкіметтің шешім-бағдары бойынша отыз сегіз жыл бойы жүргізіліп келе жатқан атомдық, ядролық сынау мәселелері Семей тұрғай Алматыда талқыланбапты, ендеше, бір бас көтеру жасап көрсе, қайтер еді? Осы ойы ақыры атқа мінді де, Кешірім 1989 жыл басталғанда облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Т.Тоқтаровқа полигон зардабы туралы мәлімет-түсінік дайындауды тапсырды. Оның арада апта өте әзірлеп әкелген құжаты – ең сұрапыл дабыл болып шықты: аурушаң бала саны жылдан-жылға артып барады. Жүкті әйелдер анемияға (қан азаю дертіне) ұшырауда. Ақыл-есі кінәраттар көбеюде. 1954 жылдан бері онкология ауруы облыста екі есе, Семей қаласында екі жарым есе өскен болса, ол тажалдан: Аягөз, Шар, Бородулиха, Новошульба ауыл-селоларында әрбір жүз мың адамнан жыл сайын 270-300 адам, Қарауыл, Саржал, Қайнар, Баршатас, Долон, Мост, Черемушки елді мекендерінде 270-450 адам қайтыс болады екен. Радиология зардабын зерттеуші орындар сынау орталығынан 160-250 шақырым ауыл-селоларда тұратын кісілердің онкология сырқаттарына сынаудан 3-4 жылдан соң шалдыға бастағанын, сұрқия дерттің жыл сайын көбейіп, асқынып бара жатқанын ғылым дәлелдеп отыр. Семей қаласы тұрғындарының түрлі ауруға қарсы табиғи қарсылық дәрмені, иммунитеті, төмендеген. Абай, Абыралы, Бесқарағай, Жаңасемей аудандарында халықтың 30-40 пайызы қазірдің өзінде сондай күйде болса, ересектерге қоса балалардың 30-35 пайызы анемия зардабын шегуде. Онкологиялық ауруға ұшырағандарды дәрігерлік зерттеуден өткізу, емдеу мақсатымен 1954 жылы Өскемен және Семей қалаларында арнаулы емхана ашылған да, оның Өскемендегісі бір жарым жылдан кейін жауып тасталған. Семейдегі емхана ықшамдалып, «Бруцеллезге қарсы диспансер» делінген. Ол – ол ма, КСРО Денсаулық сақтау министрлігі 1966 жылдан бастап Семей қаласында онкология сырқаттарын зерттеуді тоқтату туралы шешім қабылдаған. Нағыз сұмдық қой?!
Семей полигоны зардаптарын 1957 жылдан бастап алғаш зерттеп, дабыл қағуға кіріскен адам көрнекті ғалым Бахия Атшабаров екен. Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың кеңесімен арнаулы ғылыми экспедиция құрып, полигонның кеселдерін жан-жақты анықтап, республика басшылығына жазбаша мәлімдеген, бірақ біздің басшылар Кремльдің қабағын бағып, ол игі істі ескерусіз қалдырып, атақты академик Сайым Балмұхановтың зерттеулеріне де тыйым салыпты. Кешірім қатты күйініп, қыстығып, үстелді қойып-қойып қалды да, атқып тұрып, терезеге барып, көбең тірлікті көшеге көз тастады. «Халыққа қастандық! Көпе-көрнеу қастандық!» деп тістене күбірледі. Дос-жолдастарының: «Жердің қозғалғанын көріп жүрсек те, Кешірімнің қозғалғанын көру қиын болар» деп әзілдейтін мінезі салмақты, байыпты Кешірімі еріксіз сыр берді. Енді қайтсін?! «Күйдірген соң шыдатпай…» (Абай).
Әлден соң сабасына түсіп, үстеліне оралып, төте телефонына қол созып, полигон бастығы Ильенкомен байланысты:
– Аркадий Данилович, сәлеметсіз бе? Бозтаевпын.
– О, Кешірім Бозтаевич! Өзіңіз де есен-саусыз ба? Сіздің телефон шалуыңыз – мен үшін қуаныш та, құрмет те!
– Көңіл күйіңіз жақсы ғой?
– Жақсы, Кешірім Бозтаевич.
– Ендеше, жақсы екенін пайдаланып, сізге бір өтініш жасайын.
– Айтыңыз, қолымнан келсе орындаймын, аянбаймын!
– Облыстың жаңа басшысы болған соң… «жаңа» деймін-ау, бір жыл толып та қалды. Аркадий Данилович, полигонмен жете танысу менің міндеттерімнің бірі екенін сіз жақсы білесіз, солай ғой?
– Әрине!
– Олай болса, сынау жұмыстарын жүргізетін ұжымдарыңызбен, сынау орындарымен, зерттеу-емдеу мекемелеріңізбен, алдағы жылдардың жұмыс жоспарларымен танысуым керек. Жарылыстарды түсірген фильмдеріңіз бар екен, оны да көрсетіңіздер. Осы аптада үлгерсеңіздер жөн болар еді, бүгін дүйсенбі ғой, ал мен алдағы аптада Мәскеуге жүремін.
– «Мәскеуге» дейсіз бе? Онда, Кешірім Бозтаевич, бұл мәселелерді сонда шешкеніңіз… жөн болар еді.
– Аркадий Данилович, сіздің басыңыздан секіріп кеткім келмейді, өзіңіз реттеңіз.
– Мәскеудің рұхсатынсыз…
– Жолдас генерал, рұхсат алу – сіздің міндетіңіз. Сау болыңыз! – Телефон тұтқасын орнына қоя салды: – Бұлталақтауын!..
Кешірім заңды құқын пайдаланды, атомнан сутегі бомбасына дейінгі жойқын қарулардың ауада және жер астында сыналған түр-түрінің қалдырған іздерін автомәшінмен, ұшақпен жүріп, бәрімен танысты. Жүйкесін шабақтаған сапары «Өте құпия. Бірінші сутегі бомбасын сынау. 1955 жыл» деген деректі фильмді көрумен аяқталды. Полигонның не екенін өзгеден есту өзің көргеннің жанында құр елес екен…
Он шақты колхоздың иелігінде болған 18,540 мың шаршы шақырым жер сынақ алаңына айналыпты (онда 454 рет сынау жасалған). Тұрғындар көшірілген де, сынау нәтижелерін көру мақсатымен сынау нүктесінен 15-20 шақырым қашық жерлерге, – әр тұсқа, – әрқилы жобалы 5 қабатты үйлер, кеңсе ғимараттары бар «қалалар» салыныпты. 50 метрге дейінгі тереңдікке орналасқан лабораториялар өз алдына. Қалалардың пәтерлеріне алуан түрлі аспаптар қойылып, уақытша қораларға тәжірибеге құрбан қойлар қамалған, олардың үсті-басы да – құжынаған аспап… Әне, ұшақ көтерілді. Сутегі бомбасын алып ұшыпты. Бір сәтте шіркеулердің мыңдаған қоңырауы қаңғырлап ала жөнелгендей болды. Бомбаны тастауға соғылған дабыл. 1500 метр биікте ересен зор алау лап етіп, бүкіл аспанды өрт шалғандай болды. Экран да бұлыңғырланып кетіп, бір минөт шамасында қайта тазарғанда өте зор діңгектей құбыжық көрінді, кенет оның діңі қан мен құмнан жасалған қызыл күрең түсті дәу саңырауқұлаққа ұқсады. Оның түп жағынан құдды алапат дауыл ұрған теңіз толқынындай болып, тараған шаңды құйын жолындағының бәрін жайпай жөнелді…
«Фильм – совет ғылымының жетістігіне куә тарихи құжат», – деп беташар сөзді бастаған диктор бәрін тәптіштеп баяндауда. Желпініске толы дауысы дарақы ырғағынан жаңылар емес. «Сендерге – мақтаныш, ал бізге – қайғы-қасірет!» деді Кешірім іштей қыстығып. Кеше таңды алай-дүлей көңілмен атырып, күндіз, сынау сұмдықтарын көре түскен сайын ызаға булығып, бірақ сыр бермей жүріп еді, ал мынау фильм жанын түршіктірді. Пенделік қорқынышы алапатты тоқтатар күш табылмағанына өкінген іштей күйінішіне қосылып, жүрегін сығымдап-сығымдап қояды.
Экраннан көрінген сұмдықты бір сөзбен айтса: Семей өңірі де – кешегі Екінші дүниежүзілік соғыста жау табанында қалған жердей…
Фильм аяқталған соң Ильенко қатар отырған Кешірімді қолтығынан демей түрегеліп, зымияндана жымиып:
– Кешірім Бозтаевич, сізге фильм ұнады ма? – деді.
– Рахмет, жолдас генерал, сау болыңыз! – Кешірім әлдебір шаруасына асыққан кісіше аяғын жебей баса есікке беттеді…
Атом бомбасын алғаш сынау 1949 жылғы тамыздың 29-ы күні сағат 7-де жүзеге асқан. «Саңырауқұлағының» биіктігі 7 шақырым болған. Жерді таңдап алған, сынау жұмысына басшылық жасаған – атомшы әйгілі ғалым И.Курчатов…
Бірінші жарылысты дайындағандар мен жасағандар жаңа шен алып, шекпен киіп, орден тағынып жарылқанды. Атомның «көкелері» Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді.
Қазақ даласының Абайды берген киелі өңірін қор қылған дүлей күш – жылына ондап сыналып жатқан бомбалар. Радиоактивті тозаң жерге тонналап жауып, сіңіп жатыр. КСРО Қорғаныс министрлігінің, оның Әскери-өнеркәсіптік кешенінің шенеуніктері: «Сынау тұрғындарға, жерге зияны тимейтін ғылыми-сақтық шараларын қолдану бойынша жүргізілуде» деп сарнаудан жалықпайды. 1989 жылғы ақпанның 12-сі күнгі жарылыстан соң ауаға жайылған радиоактивті газ исі, тіпті эпицентрден 120 шақырым Шаған поселкесін де тұмшалаған. Поселкеде полигон істеріне қатысы жоқ әскери бөлім бар екен, солар шу көтеріп, наразылық жасады. Ол жәйтті бөлімнің бастығы генерал-майор П.Бредихин обкомға дереу ресми мәлімдеді. Полигон басшылары обкоммен де есептеспей, тамыздың 18-і күні, тіпті зор жарылыс жасады…
Қияметке ұшыраған халықтың денсаулығы, жердің улы топыраққа айналуы, құпия фильмдегі қаныпезерлік, полигоншылдардың бетпақтығы ақырында Кешірімнің жүйкесін жұқартты. Ол ақпанның 19-ында түні бойы ой сапырып, көзі бір әредік те ілінбеді. Таңертең қызметке келе обкомның бюро мүшелерін шақырып алды да: – Жолдастар, достар! Қазақта: «Пышаққа ілінерінде ешкі де бақырып үлгіреді» деген мәтел бар, мен сол ешкінің кебін кисем деймін. Зұлмат полигон семейліктерге запыран құстыруын үдетті. Бұл озбырлыққа енді шыдауға болмайды! Міне, мынадай жеделхат жобасы бар, оқып берейін, пікірлеріңізді айтыңыздар, содан кейін бөлімге тапсырайық, нақты нұсқасын жасасын, оны жеке өз атымнан Михаил Сергеевич Горбачев жолдасқа жіберемін. Жеке өз атымнан. Сіздердің ресми қатыстарыңыз жоқ. Не болса да өзім көріп аламын, тәуекел! Оқиын.

Кабинет іші, егер бейнелеп айтсам, бір ысып, бір суып тұрған шығар. «Әдрісіне жете қояр ма екен?..»; «Сізге соққы болады ғой?!.»; «Республика басшыларымен ақылдассаңыз, жөн болар еді..»; «Бұл үшін Сізге қиянат жасалар…»; «Бюро мүшелері түгел қол қояйық!»; «Әлі де бірер күн ойлансаңыз, қайтеді?..» – осылайша пікірлер сапырылысы болды.
– Жолдастар, мен үшін сақтық жасаған пейілдеріңізге рахмет, бірақ мен бұдан ары шыдай алмаймын, хат жобасын Пигаваев жолдасқа тапсырамын, ол журналшының тіл сүзгісінен өткізсін, содан кейін тағы оқимыз, – деді Кешірім.
Обкомның Үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Владимир Пигаваев қарап шыққан, екінші рет оқылған, мақұлданған хат мәтіні келесі күні Жалпы бөлімнің құпия секторындағы шифрлаушы Владимир Игнатьевтің қолынан өткізілді. Бөлім меңгерушісі Анатолий Чернышев Кремльге жөнелтті:
«Өте құпия. 1-данасы. Мәскеу, Кремль.
СОКП ОК Бас хатшысы
М.С.ГОРБАЧЕВ жолдасқа
Қазақстан Компартиясының Семей облыстық комитеті СОКП Орталық Комитетіне мынаны мәлімдейді: 340 мың халқы бар Семей қаласы аймағында 1949 жылдан бері ядролық сынаулар жүргізіліп келеді. Әуелі әуеде, ал 1963 жылдан бастап – жер астында… Арада өткен 40 жылда жағдай өзгерді: халықтың саны үш есе өсті, мал көбейді, бірақ бұл ескерілер емес. Полигонның маңы елді мекен екені де мән берілмеген. Жылына 14-18 жарылыс жасалады. Ол ғимараттар мен инженерлік тораптарға кері әсер етуде, өйткені жердің сейсмикалық жағдайына назар аударылмаған. Поселкелер мен ауылдарды сумен қамтамасыз етуге арнап салынған құдықтар істен шығып жатыр. 25 жыл бойғы жерасты жарылыс салдарынан жер қыртысы бұзылды. Әрбір үшінші сынауда радиоактивті газдың ауаға шығып, айналаға тарайтыны анықталды. 1987 жылы Семейді басып өткен газ легі сағатына 350-450 микрорентген болды. Биылғы 12 ақпанда полигоннан тысқары жерлерде радиоактивтілік сағатына 4000 микрорентгентке жетіп, желдің бағыты бұрынғысынан кенет өзгеруі салдарынан Семей-21, Шаған, басқа да елді мекендерге тарады…
Ядролық сынаулар жұртшылықтың ой-пікірін шиеленістіріп, мінез-құлқына кері әсер етуде, олардың денсаулығында пайда болған кінәрат – полигонның зардабы екені анық.
Облыстық партия комитеті халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізуде.
Облыстық партия комитеті бұл жағдайға алаңдап, СОКП Орталық Комитетінен тиісті министрліктер мен мекемелерге жарылыстарды уақытша тоқтату, одан арыда ядролық сынауларды қолайлы жерге көшіру жөнінде тапсырма беруді өтінеді.
К.БОЗТАЕВ, Қазақстан Компартиясы
Семей облыстық комитетінің
бірінші хатшысы
20. 02. 1989 ж.»
(К. Бозтаевтың «Семей полигоны»
кітабынан алынды)
Мұны жазар күн алдындағы мазасыз түнде Кешірім астаң-кестең ойын жинақтап, былайша түйін жасаған-ды: «Ержетемін, ел басқарысамын, КСРО-ның Әскери-өнеркәсіп кешеніне қарсы шығып, оның зобалаңынан халқымызды, жерімізді қорғасатын боламын деп ойлаппын ба?.. Мәскеуге, Компартияның бас штабына қарсылық хат жазуым керек. Тәуекел! Ата-бабамыздың аруағы қолдасын! Ар-ұятымды саудаға салған емеспін, салмаймын да! Бұл әрекетімнің тым қауіпті болатынын, небір қатерлі өткелектерден өткізілетінімді білемін. Мейлі. Ақиқат менің жағымда, жеңіле қоймаспын да. Ал жеңілген жағдайда өзім еңбек жолымды бастаған Өскеменге, қорғасын-мырыш комбинатына қайтып барсам, қатардағы металлург жұмысына алатын шығар… Иә, мейлі. Халқым үшін, жерім үшін жанпида!.. Партиялық талап-тәртіп бойынша мен ойымды Орталық комитеттің бірінші хатшысы Колбинге білдіруім, ақылдасуым керек… бірақ ол қарсы болады, жолымды кеседі. Әлде Назарбаевқа… ол Колбинге айтып… жоқ, айтпауын өтінейін… ал хатты бәрібір жіберемін! Тәуекел!
Кешірім Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон шалып, «шегінер жері жоқ…» екенін ашып айтты. Үкімет басшысы мөлшері бір минөт үнсіз отырды да: «Бастасаң баста, біз қолдайтын боламыз!» деді.
…Жеделхаттың, әрине, Кремльде бомба жарылғандай болғаны өз-өзінен түсінікті.
Екі күннен кейін Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин телефон соғып:
– Сіз не істеп жүрсіз?! Бізді айналып өтіп, жеделхат жазғаныңыз қалай?! Жеделхатыңызды алған Михаил Сергеевич Горбачев Қорғаныс министрі Язовпен хабарласқанда министр: «Бозтаев жағдайды білмейді, ол әдейі ушықтырып отыр, полигон таза, алаңдауға негіз жоқ!» депті. Сіздің мұныңыз не?! – деп долырғанда Кешірім:
– Геннадий Васильевич, біз мұндағы жағдайды басқалардан әлдеқайда жақсы білеміз. Мен жеке өз атымнан кімге нені болсын жазуға құқылымын және өз пікірім үшін жауап беруге әрқашан әзірмін, сіз осыны ескеріңіз, – деген.
…Арада апта өтіп, ақпанның 28-і күні Семейге кремльдік комиссия сау етіп, «жау жоқ деме жар астында», Кешірімге жауығушылар бөрінің бір жерінше шулап шыға келсін. «Бозтаев – Отанымыздың қорғаныс қуаты артуына қарсы кісі… Генералдарды жек көреді… Қауіпті адам» деген сөз от тиген қаудай лапылдап, солақай мақаламен атқылау басталды. Шығыс Қазақстан облысынан сайланған КСРО халық депутаты полковник Н.Петрушенко жетелеген «Союз» депутаттар тобы К.Бозтаевқа қарсы күресті ашық бастады. Алматыға, Мәскеуге албаты арыз-шағым ағылды. Бұлай боларын білген Кешірім Горбачевке жеделхатын жөнелткен күннің ертеңінде: КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А.Лукьяновқа, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Рыжковқа, КСРО Ғылым академиясының вице-президенті, физика саласының әйдік маманы академик Е.Велиховке, КСРО Бейбітшілікті қорғау комитетінің төрағасы журналшы-жазушы Г.Боровикке, КСРО Жоғарғы Кеңесі Денсаулық сақтау комитетінің төрайымы депутат З.Пуховаға, ақын жерлесіміз, депутут О.Сүлейменовке хат жазып, Горбачевқа жіберген жеделхатындағы мәселелерді оларға да баян еткен-ді. О.Сүлейменов сол хат бойынша Жоғарғы Кеңеске 24 ақпанда депутаттық сауал жолдапты. («Сборник документов. «Ядерные испытания СССР: современное радио-экологическое состояние полигона». Кол. авторовподрук. проф. В.А.Логачева. М. Изд. АТ. 2002).
Петрушенколардың шуылы шыққан күні енді шегінер жері қалмаған, жері болса да шегінуге жоқ К.Бозтаев Горбачевқа екінші құпия жеделхатын жіберіп, жұртшылықтың полигонды тез жабуды талап етуі орынды, ол неғұрлым тез жабылса, соғұрлым жөн болады және 40 жылғы қасіреттің өтемақысын қайтару талабымыз да бар деді. Кремль құқай көрсетуге кіріскен соң Кешірім де қарсы ұшты. «Бұға берсең, – сұға береді».
Иә, «түйе сойылды, қуырдақтың көкесі» болды. Курчатов қаласына барып орналасқан комиссияның құрамы: басшысы В.А.Букатов – КСРО Министрлер Кеңесі Әскери-өнеркәсіп комиссиясы төрағасының орынбасары; В.Н.Михайлов – КСРО Атом қуаты және өнеркәсіп министрінің ядролық қаруларды жасау, сынау жұмыстары жөніндегі орынбасары; В.И.Герасимов – генерал-полковник, КСРО Қорғаныс министрлігі 12-ші басқармасының бастығы, ядролық қаруларды жасау мен сынау істерін қадағалаушы; А.С.Дадаян – КСРО Табиғатты қорғау комитеті төрағасының орынбасары; В.П.Стрехнин – СОКП Орталық Комитетінің Қорғаныс өнеркәсібі бөлімінің қызметкері; Е.Б.Шульженко – КСРО Денсаулық сақтау министрлігі 3-ші Бас басқармасының бастығы; Л.А.Булгаков – КСРО Медицина ғылымдары академиясының академигі.

Арнаулы комиссия сынау аймақтарын аралады, жұртшылықпен кездесу өткізді. Облыс басшылары тарапынан кедергі көрген жоқ. Сөйтіп, наурыздың 3-і күні, облыстық партия комитетінде бірлескен мәжіліс өткізілді. Бірнеше сағатқа созылған айтыс-тартыс болды. 1-хатшы бастаған топ комиссияға дізгін бермеді (мәжілістің стенографиялық есебі К.Бозтаевтың «Семей полигоны» кітабында бар).
Үркіте келген комиссия үні қарлығып, үнжырғасы түсіп қайтты. Келген бетте: – Біз ядролық қару жасаушылардың есімдерін алтын әріппен жазуға тиіспіз. Ал қаруды жойғысы келетіндердің аттарын қара әріппен жазу керек! – деп кесапаттанған Герасимов кетерінде Кешірімнің бетіне қарайда алмады.
…Арнаулы комиссия атау-ахиретсіз кеткендей ме, қалай? Пәлен ай өтті – тым-тырыс. Сірә, СОКП-ның тақап қалған ХХҮШ-құрылтайы «көсемдердің» өзара есептерін шиеленістіріп, ішкі ырың-жырыңдары реттеле қоймай, «Бозтаевтың мәселесі» ысырыла тұрды ма? Жоқ. Семейде полигонға қарсылық жиын жиілеп, «Полигон жабылсын!» деген талап Қазақстанның, КСРО-ның шегінен шығып кетті. Оның үстіне, кейін баспасөзде ашық жазылғандай, КСРО-да ядролық полигондарға жұмсалар қаржы сарқыла бастаған да, КСРО басшылығы шындықты бүркейтін жалған ұранға жармасып, атом-ядролық полигондарды жабуға дүние жүзінде бірінші болып кірісетіндіктерін даурыға мәлімдеді. Ол «тарихи қадамына» жүзден астам обкомның біреуінің секретары көтерген дабыл себепші болғанын мойындау «ыңғайсыз» көрініп, меніңше, бастаған Алматымен пікірлесіп, полигонға қарсылықты қоғамдық ұйымдардың бірі жасағаны дұрыс болады және беделді ұйым керек делінсе керек. Қай республикада болсын Жазушылар одағы – ең танымал ұжым. Бізде де сол ескерілген болар, Мәскеуден комиссия келетін күні (не бір күн ерте, не бір күн кеш емес!) одақ басқармасының бірінші хатшысы О.Сүлейменов жиналыс өткізіп, «Невада-Семипалатинск» қозғалысы құрылатынын хабарлады.
Содан 3-4 күн кейін болар, «полигонға қарсы күресті Жазушылар одағының депутат жазушылары бастапты. Дүние жүзі мемлекеттерінің парламенттеріне хат жазатын болыпты» деген хабар дүңк етті. Жазушы депутаттар: О.Сүлейменов, Д.Снегин, Қ.Мырзалиев, С.Мұратбеков төртеуінің мәжіліс жасап, «Республика шегіндегі полигондарды жабуды талап етеміз!» деп қарар қабылдағандары паш етіліп, хаттар да жарияланды. Содан он шақты күннен кейін құрдасым Қадыр Мырзалиевке жолыға қалып: «Иә, Қадырия, «Четыре богатыря» болып, Кешірім Бозтаевтан «бұрынырақ» қимылдаған екенсіңдер, ә?» деп қағыттым. Ол: «Бозтаевтан бір апта кеш қозғалсақ та, Олжастың арқасында бір апта озып кеттік», деп күліп кете барды. Олжаста «Мен!» дегісі келгенде қандай есептің болсын шешуін өзіне пайдалы ете білетін «қасиет» бар.
Енді Кешірім Бозтаевтың «29 тамыз» кітабына көз жүгіртелік:
«Менің жеделхатым қырық жыл бойы ядролық сынаулардың жемтігі болып жатқан Қазақстаннан Кремльге Семей полигонын жабуды талап етіп жеткен тұңғыш ресми құжат болды… Ол қалжыраған қаралы даланың қарғыс дауысы еді… Мен тәуекел еттім… Ертеңгі күнге сендім, құрбандықсыз болмас күресімнің мақсатын қадір тұттым…».
…Бір күні Алматыдан Колбин телефон соғып:
– Кешірім Бозтаевич, сәлеметсіз бе? Көңіл күйіңіз жақсы деп сенем, үлкен комиссияға ұпай бермей қалдыңыз ғой, солай емес пе? – деді.
– Есен-саусыз ба, Геннадий Васильевич? Жақсы пікіріңіз үшін рахмет!
– КСРО Қорғаныс министрі Язов менімен жаңа ғана сөйлесті. Партия мен үкімет Семей полигоны мәселесін қарауды ұйғарыпты. Мәселе шешілгенге дейін биылғы жарылыстардың қалған екеуін жүзеге асыру керек көрінеді. Менің пікірімді сұрады, Кешірім Бозтаевич, естіп отырсыз ба?
– Тыңдап отырмын, ал сіз не дедіңіз?
– Меніңше, келісім беруге болады.
– Жоқ, Геннадий Васильевич, келісім беруге болмайды!
– Неге? Олар соңғы екі жарылыстың өтеміне биылғы сынаулардың да өтемін қосып, бір-ақ төлеп береміз деп отыр.
– Кешіріңіз, бізге ондай құр сөздің керегі шамалы…
– Кешірім Бозтаевич, соңғы екі сынауды Михаил Сергеевич Горбачев жолдас құптап отыр. Бәріміз де – партияның солдатымыз, олай болса, біз былай келісейік: сіздер соңғы екі жарылысты қамтамасыз етіңіздер, жұртшылықпен тіл таба сөйлесіңіздер, түсіндіріңіздер. Бұл жақта біз де бәрін ойластырамыз. Келістік пе? – деген Колбиннің үнінде «келіспей қайда барасың?!» деген ызғар болды. Қабан секілді тоңмойын әбілеттің сырына қанық Кешірім онымен ары қарай сөз таластыру бос әурешілік екенін аңғарған. – Жолдас Бозтаев, неге үндемейсіз?
– Ойланып отырмын.
– Ойланыңыз. Екі-ақ рет сынаудың аты – екі-ақ рет сынау. Одан келе қояр апат жоқ шығар, ойланыңыз! – Колбин телефонын жаба салды. Кешірім ойға қалды: «Тағы бір тұқыл қылтиды деші. Комиссия қандай шешім жасаса да, көріп алушы едім, ал мынау… Тоқтай қал, Кешірім, тоқтай қал! О тықыр мен бұ тықыр… алайда түбі бір тықыр. Жуықта, ойда жоқта, ядролық қарулардың «әкесі» – Бас конструктор Семейге келіп қайтпады ма?! Фамилиясын өзі де, өзге де атамаған (құпия!), ныспысының да «Борис Васильевич» екені дүдәмәл ол мейман сенімен біржарым сағат «шүйіркелесіп»: «Ядролық құралдардың жаңа түрлерін жасауда Америка Құрама Штаттарынан қалып қоймауымыз керек. Сол үшін осында соңғы үш сынауды өткізбей болмайды. Үш-ақ жарылыс: біреуі – 50 килотонна, ал екеуі – 20 килотоннадан. Соған кедергі жасамауларыңызды қалаймыз, содан соң полигон жабылады», – демеді ме? Деді. Бірақ сен дізе бүкпедің.
(Кешіріммен екеуара әңгімемізден. Сырт көзге қойдан қоңыр көрінетін Кешірімнің әділеттілік үшін бір қисайған жағынан тұрмай жатып алатыны ғажап еді!)
Бас конструктордың сондағы «үш-ақ» сынауы енді «екі-ақ сынау» болып, әне, Колбин арқылы қайырылды…
К.Бозтаев облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Еременкоға телефон шалып, оқыс жаңалықты айтып беріп: «Анатолий Семенович, жоғарыдан біздің келісуімізді, жұртшылыққа түсіндіруімізді талап еткен нұсқау келетінін аңғарып отырған шығарсыз. Біздің басшылар да ден қояр, талқылар. Амал жоқ, бірдеңе деуіміз керек, бірақ біз оларға картамызды ашпай, өз сөзімізді өткізетін болайық» деді. Облыстық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі Мәркен Шайжүнісовті шақырып алып, «әләуләйдің» ақырын оған да айтып: – Қай жерде жиын өткізуге тура келсе, сол жиында екі жарылысқа жұртшылықтың қарсы пікірде болуын қазірден бастап ойластыралық. Өзімізде анау «көкелерімізге» көзбе-көз сөзде «иә, дұрыс қой!» дерміз, бірақ шыға бере өзімізше қимылдалық, – деді.
«Екі-ақ рет сынаудың» сарыны кешікпей-ақ естілді. Жоғарыдан жетер нұсқау жетті. Нұсқаудың ымына орай ірі ұжымдарда жиын өткізу басталды. Полигонды жабуды талап етуші көпшілік «соңғы» екі жарылысқа да қарсы шықты. Әрине, әуен біржақты болған жоқ, кеше: «Бозтаев – ұлтшыл. КСРО-ның қорғаныс мүддесіне қарсы!» деп шулаған топ-тобыр бүгін: «Бозтаев ақшаға қызығып, екі жарылысқа келісіп, жұртшылықтың мүддесін аяқасты етіп отыр!» деп қиқулады. Қаламы қисық журналшылар пайда болып, Кешірімнің аузын да, адымын да аңдыды, бірақ аузына қақпақ бола алмады, аяғына шідер сала алмады. Оған бір мысал – көпшілікке танымал, табанды да әділ журналшы Жұмаш Кенебайдың: «…25 тамызда Семей қаласында Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы ұйымдастырған үлкен жиын болып өтті… Бізге жетіп жатқан хабарларға қарағанда, Бозтаев жарылыс жанашыры еді, бірақ жиында сөйлеген сөзі мүлдем кері әсер етті… Бұл арада да К.Бозтаев жарылыс жанашыры емес, керісінше, қасірет шеккен жерлестерінің жағында екенін аңғартты», деп жазғаны («Азат» гәзеті).
Семейде өткізілген ол жиынға қатысты мағлұмат батыл журналшы, сауатты саясаткер Батырхан Дәрімбеттің «Азат қозғалысы» кітабындағы («Өркениет» баспасы, Алматы, 2001 ж.) «Жаңа күрес майданы» мақаласында да бар. Оқылық:
«… «Азаттың» бұдан кейінгі ірі жұмысы – Семей полигонын жабу болды. Өйткені Одақты сақтау жөніндегі референдумды толық өткізе алмаған (оған Балтық елдері, Молдова, Грузия, Армения мүлде дауыс берген жоқ) Совет басшылығы енді Семейде екі жарылыс жасау жұмысын қолға алды. Бұған дейін пәрменді әрекет етіп келген «Семей-Невада» қозғалысы дәл осы кезде үндемей қалды… 1991 жылдың шілде-тамыз айларында республиканың он облысынан жиналған «Азат» жасағы ядролық полигонды қоршауға алды. Бұл әрекетті М.И.Есенәлиев басқарды (Ол тұста Михаил Иванович (Хакім Тілегенұлы) Есенәлиев қоғамдық «Азат» қозғалысының төрағасы болатын, – Ғ.Қ.).
«Шындық пен даңғойлық айқасқа түсті… Екі жарылысты өткізу керек пе, жоқ па деген мәселе республика Жоғарғы Советінің жабық мәжілісінде шегіне жеткен тартыс жағдайында қаралды. Белгілі топтың депутаттары шуылдап, айқайлап, еденді тепкілеп, А.С.Еременко екеуімізді сөйлетпей қойды… кейбір жолдастар шиеленісті жағдайға байланысты маған: «Сөйлемей-ақ қойыңыз», деп ақыл берді. Бірақ мен сөйледім. Өз пікірімізді парламентке жеткізу менің міндетім еді. Өкінішке қарай, ойымды аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік бермеді» (К.Бозтаев. «Қайнар қасіреті» кітабы).
Қай халықтың болсын, тірлігінде қашанда кереғарлықтар кездесе береді. Біздің басшылықтағы кейбіреулер креслосы мен портфелін күйттеп жүргенде басқа жұрт қайырылып қарап, адамгершілік үлгісін анық танытты. Мәселен, әлемге әйгілі физик, академик Евгений Павлович Велихов Кешіріммен хабарласып, Семейге әдейілеп екі рет келіп, сынау жүргізілген жерлерді аралап, тұрғындармен әңгімелесіп қайтты да, халық депутаттары алдында, ғалымдар ортасында нық сөйлеп: «Семей полигонын жабу жөніндегі талап дұрыс!» деп тұжырды. Солай деп Горбачевке хат тапсырды. Атақты халықаралық журналшы Генрих Аверьянович Боровик КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында, Телерадио орталығында батыл сөйлеп, Семейдегі ядролық сынауларды дереу тоқтатуды талап ету орынды екенін ашып айтты, оның пікірі шет елдердің ақпарат құралдары арқылы барлық құрлыққа тарады.
Қазақстанның Мәскеудегі өкілі Серікболсын Әбділдин, КСРО Жоғарғы Кеңесі Экология және табиғат комиссиясының төрағасы Кәкімбек Салықов халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтасты, талабын қолдасты, полигонның белсенді қимылын тежесті.
Қазақ қадірлеп айта жүрер бір тұлға – Владимир Николаевич Лобов! 1986 жылғы Желтоқсан естеріңізде ме? Горбачев-Колбин мен оның арғы-бергі құйыршықтары жазықсыз қазақ жастарының қанын төгерде Горбачев Орта Азия әскери округының қолбасшысы В.Н.Лобовқа Алматыға жедел түрде әскер кіргізу туралы бұйрық беріпті. Сонда генерал: «Менің құзырымдағы әскер өз халқымен соғыспайды!» деп, түйсіксіз билікке қарсы тұрыпты. Сол батыр командашы хақында К.Бозтаев жоғарыда аталған кітабында ілтипатпен мынадай әңгіме шерткен:
«Семей облысынан сайланған КСРО халық депутаты, ол кезде Варшава Келісіміндегі біріккен Қарулы күштер штабының бастығы, армия генералы В.Н.Лобов маған КСРО президентінің жарлығы бойынша Семей полигонындағы ядролық жарылысты жалғастыруға әрекет жасалып жатқанын құпиялап хабарлады. Мен оқиғаның алдын алуға тағы бел байладым. КСРО президентіне тағы хат жазып: «Мазасыздығым үшін сөкпеңіз. Әскери-өнеркәсіп кешені енді КСРО президентінің жарлығымен Семей полигонында ядролық жарылысты жалғастырмақ ниетте екені маған мәлім болды. Егер шынында солай болып шықса, оның ақыры неге апарып соғарын болжау мүмкін емес! – дедім».
Горбачев хатымды әскерилерге жіберіпті. В.Букатов: «Бозтаевқа бұл фактіні кім, қалай жеткізді?!» деп аласұрыпты.
Осы тұста бір сұрақ иықтап тұр. Армия генералы В.Н.Лобов облыстық партия комитетінің хатшысына Кремль құпиясын ашып берді, ал онысы өз ортасына жасаған опасыздығы емес пе?!. Жоқ, олай емес! Владимир Николаевич билік басындағы топтың озбырлығын екінші рет әшкереледі! Бұл жолы да генерал емес, Азамат сөйледі!
…Уақыт жылжып, Қазақстанның саяси ауа райы өзгере бастады. Алдау-арбау кәсібіне жетік Колбин келген ізімен Мәскеу асып кете барды. Семей полигонының үнін өшіру бағытындағы күрес күшейе түсті. «Азат», «Невада-Семей» қозғалыстары қанат жайған. Қазақстан КП Орталық Комитеті 1990 жылғы мамырдың 15-і күні үндеу жариялап, бір аптадан соң республиканың Жоғарғы Кеңесі «Семей облысындағы ядролық полигон туралы» қаулы қабылдады. Қаулының пәрмені былайша болды: «…Семей облысындағы полигонда және Қазақ КСР-ның территориясындағы басқа да полигондарда ядролық жарылыстар жасауға, жаппай қырып-жоятын қарудың барлық түрін сынауға тыйым салынсын!».

КСРО Әскери-өнеркәсіп кешені, ұпайдан айырыла бастағанмен, қайтсе де жеңуге жанталасты. Горбачевті айтқандарына көндіріп бақты. КСРО-ның экономикалық жағдайы полигондардың бәрін бұрынғыша ұстап тұруға мүмкіндік бермейтінін, Семей полигонын жабуды талап етуші күш бел алып бара жатқанын біле тұра, Горбачев жалған намысқа жармасып, 1991 жылғы маусымда үкіметке жаңа қаулының жобасын жасатты. Онда Семей полигоны «Гурия», «Батыр» деп аталған соңғы екі жарылыстан кейін – 1992 жылғы 1 қаңтарда жабылсын делінді. Алайда жарылысқұмарлардың жолы кесілді: дүние жүзінің дерлік жұртшылығы ядролық сынауларға тыйым салуды талап етіп, қуатты үнін күн сайын күшейтіп жатқан жағдайда Қазақстанның президенті Н.Назарбаев 1991 жылғы тамыздың 29-ы күні «Семей ядролық полигонын жабу туралы» жарлыққа қол қойды!
Ал полигон «хикаяты» К.Бозтаев пен оның қызметтес, мүдделес серіктеріне және бір ұлы міндетті жүктеген болатын. Горбачевқа жазған екінші хатында Кешірім, кремльдік комиссияға ескерткеніндей, 40 жылғы қияметте жүдеп-жадаған, қайғы-қасіретке душар болған семейліктерге бір тиын да өтемақы төленбегенін көлденең тартты және сол 40 жылға өтемақы талап ететінін ашық та ашынып мәлімдеді. Ердің тәуекелден айнығаны – езге айналғаны. Кешірімнің балшығы езілмеске иленген-ді. Ол полигонды жабу күресі мен өтемақы өндіріп алу күресін ұштастырды.
Полигонның ашылуына, жоспарға сай жұмыс істеуіне КСРО-ның отыздан астам ғылыми-зерттеу ұжымы жұмылдырылған екен. Кешірім солардың біразымен өзі сөйлесіп, басқаларына облыстың білікті қызметкер-мамандарын жіберіп, алты айдың ішінде өтемақы мөлшерін анықтады. Әлгі ұжымдарға өз қорытындыларын растатып қол қойдырды да, қаулы мәтінін әзірлеп алып, Мәскеуге аттанды. Горбачевтің өтемақы жөніндегі қаулыны қолдауы қажет. Қаржы басшыларының қабылдауында болды. Алайда олардың бәрі де «көрейік, ойланайық» деген азбас-тозбас сөзден Қытай қорғанын жасап алып тынды. Горбачевке екінші жолы барғанынан да дәнеңе шыққан жоқ. Ол екі көзі шыныша жалтырап: «Шешетін боламыз» дей салды.
Кешірім Мәскеуге СОКП Орталық комитетінің кезекті бір пленумына барған жолы КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Рыжковтың қабылдауында болды (бұрын орайын келтіре алмаған). 1990 жылғы қазан айының 2-сі. Кешірім былай дейді: «Кешкі сағат 10 болса да, қабылдау бөлмесінде біраз кісі бар екен. Олар облыстық, өлкелік басшылар болатын… Мен де кезегімді күттім. Уақыттың кештігіне қарамастан, Рыжков мені зейін қоя тыңдады. Мен оған облыстың экономикалық және әлеуметтік ауыр жағдайы туралы, ядролық полигонның зардаптары туралы жан-жақты әрі ұзақ әңгімеледім. Айтқандарым Николай Ивановичке жаңалық болып әсер еткенін сезіп отырдым. Ол менің сөзімді бөлген жоқ, тек анда-санда қынжылыс пішінде бас шайқап қойып отырды. Соңында:
– Менен қандай көмек керек? – деп сұрады.
– Семей облысы бойынша қаулының жобасы әзір. Соны Сіздің мақұлдағаныңыз керек.
Николай Иванович:
– Жақсы! Мен Шкабарднаға айтайын, – деп бір-ақ кесті.
(Шкабардна – Министрлер Кеңесінің іс басқарушысы.)
…5 қазан күні Таскескен ауданында іссапармен жүргенмін. Ол ауданның экономикасы тұрақты дамып келеді. Аудан басшыларымен бірге егістіктер мен мал фермаларын аралап шыққан соң СОКП ХХҮ сьезі атындағы совхоздың кеңсесіне кірдік. Директор Б.Мұстафин – ауыл шаруашылығының іскер, инициативалы басшыларының бірі. Жаңаша ойлай білетін, уақыт тамырын әрқашан дәл басып отыратын адам… Әңгімемізді бір кезде телефон қоңырауы бөліп жіберді. Мұстафин трубканы маған ұсынды. Н.Назарбаевтың дауысын естідім: «Жақсы хабар бар, қаулыға қол қойылды, құттықтаймын!» деді.
Бірнеше күннен соң біздің облысымыз үшін бірегей құжат – КСРО Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР-ы Семей облысының экономикалық және әлеуметтік дамуын жеделдету шаралары туралы» қаулысын алдық. Ол құжатты орындау үшін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі өзіндік тиісті қаулы қабылдады».
Бұл екінші жеңіс жасы алпысқа толуына орай Кешірімге жолданған құттықтаулардың бірінде былайша атап көрсетілді (ықшамдалған мәтіні):
«Құрметті Кешірім Бозтайұлы!
Өміріңіздегі аса елеулі жәйт – жасыңыздың 60-қа толуымен шын жүректен құттықтаймын!
…Сіздің Семей ядролық полигонын жабу жайындағы мәселені шешуге, атом қаруларын сынаулардан зардап шеккен жұртшылыққа әлеуметтік қамқорлық көрсету жөніндегі жүйені жасауға қосқан үлесіңіз теңдессіз!..
Кешірім Бозтайұлы, ыстық ықыласпен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, мол бақыт тілеймін!
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ
25 маусым, 1993 ж. Алматы қаласы»
…Тағдыр тарынса, «Дат!» дей алмаймыз. Кешірім 66 жасында бақиға аттанып кетті. Бітімі шымыр еді, амал не, полигонның кесапаты тиген болар…
Аягөз ауданының Ақшатау ауылында ұжымшар (колхоз) ұстасы Бозтай мен қарапайым шаруа Балхияның отбасында 1933 жылы туып-өсіп, ауылда – бастауыш, аудан орталығында – жетіжылдық, Аягөз қаласында – орта мектепті тәмамдап, Алматының Тау-кен институтына құжатын жіберіп, ол оқу орнынан шақыру қағаз келгенде намыскер әкесінің қарызданып, қаражат тауып беруімен Алматыға әрең жеткен Кешірімнің өмірі – айтып та, жазып та тауысқысыз тамаша хикаят. Бұрынғы екі облыстан құралған бүгінгі Шығыс Қазақстанның өнеркәсібін, құрылысын, ауыл шаруашылығын, мәдениетін – барша саласын дамытуға сіңірген еңбегі аса зор бұл Азамат – Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерттейтін академияның, Халықтық «Экология» академиясының (Мәскеу қаласы) академигі. Семей Медицина академиясының Құрметті профессоры Кешірім Бозтаев – «найзадан қол босаса қалам алып» (Бауыржан Момышұлы), ұрпағына ғылыми негізді бес кітап қалдырды. Олар: «Алғашқы оттан атомға дейін» (1956 ж.), «Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында шикізатты пайдаланудың тәжірибесі» (1972 ж.), «Семей полигоны» (1992 ж.), «Қайнар қасіреті» (1995 ж.), «29 тамыз» (1998 ж.). Бұлардың соңғы үшеуі – Семей полигонының тұтас тарихы. Осы тұста атап айта отыруым қажет бір «қызық-шыжық» бар, ол – соңғы жылдары Семей полигоны туралы мақала жазғандар, сұхбаттасқандар ол өңірдің қасіретін алғаш өзі айтқандай айқұлақтанады, Кешірім жайында «жол-жөнекей» бірер сөйлем жаза салады.
…Енді сәл шегініс жасап, К.Бозтаевтың басшылығымен Семей облысы нендей табысқа жеткенін айта отыру орынсыз болмас. Кешірім полигонды қалайда жабуды ғана көздемеді, көпшілікті облыстың сан салалы шаруасын ілгерлетуге жұмылдырумен де құрметке бөленді. Мысалы, ол бірінші хатшы болып істеген бес жылда: 69 мектеп, 67 балабақша, 24 аурухана-емхана, 28 мәдениет үйі мен клуб, Қазақстандағы тұңғыш Офтальмология (көзге операция жасау) орталығы, Балалар сырқатының себептерін зерттейтін орталық салынды. 2000 шақырымға жуық жолға асфальт төселді. Облыс өнеркәсібі сапалы өнім шығару жағынан 15-орыннан 5-орынға көтерілді. Ұжымшар, кеңшар қауымындағы жетістік өз алдына.
Денсаулығы сыр бере бастағанда зейнетке шықпақ болған Кешірім 1991 жылы облыста алдағы жылдары 34 мектеп пен 33 балабақша салу мәселесін шешіп берді…
Зейнетке шығысымен «Полигон – 29 тамыз» қайырымдылық қорын ашуды қолға алған-ды. Қордың халықаралық деңгейде болуын қалаған. Ойы орындалған жағдайда тажал-полигоннан тауқымет тартып жүрген жандарға қосымша жәрдем жасайды. Көмекке мұқтаждар Семей облысында ғана емес, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында да бар. Қорға еліміздің көрнекті ғалымдары, қоғам қайраткерлері мүше болды. Кешірім өзі жетекшілік еткен үш жылда ұжым шетелдік қайырымдылық қорлардың бірсыпырасымен қарым-қатынас орнатты. Бірақ амал не, Азаматтың өмір жолы тұйықтала бастаған-ды. Атом аждаһасының аранын ашқанына 50 жыл толуын енді ондай сұмдыққа жол бермеу күресімен атап өтпек еді. Иә, не шара, Кешірім сол мақсатпен өзі ұйымдастырысқан Халықаралық Семей конференциясына қатыса алмады. Төсек тартып жатқан еді. Көмекшісіне айтып, жаздырған үндеуін: «…Конференция біздің бейнет шегуші халқымызға Дүниежүзілік бірлестіктің жәрдем жасау жолдарын айқындай алады деп сенемін. Мен сіздермен біргемін!» деп аяқтады.
Көп күйініштің бір сүйініші де болады. Біздің тәубә етіп жүргеніміз: Кешірім құрған Қор әлі де бекем (әке тізгінін ұстаған ұлы Нұрлан әке жолын жалғастырып жүр). Ол туралы «ХХІ век. Устойчивое развитие Семипалатинского региона» атты кітапта: «…Фонд получил реестровый консультативный статус при Экономическом и Социальном Совете ООН (ЭКО-СОС) в знак признания заслуг Фонда» делінген.
Әңгіме әуеніне қарай айтылуға тиіс және бір жәйт – К.Бозтаев бақилық болғаннан кейін Семей полигонын «мен жаптымдап» жүргендердің уақыт өткен сайын көбейіп бара жатқаны. Мен сондай қауесетке тосқауыл болсын деген ниетпен 2005 жылы «Жас алаш» газетіне «Көшті Кешірім бастады» деп, «Централ Азия Монитор» газетіне «Он – первый!» деп танымдық деректі мақалалар жариялап, шындықтың шырайын келтірдім. Ол мақалама ризашылық білдіргендер аз болмады. Газеттер жеткен жер-жерден, әсіресе Ертіс өңірінен телефон арқылы да алғыс айтылып жатты. Ал қарсы шығып, ақиқаттан да, Кешірімнің аруағынан да аттап кеткен бір ғана кісі болды. Ол – ақын Олжас Сүлейменов. Орыстілді газеттен оқып, оның тілшісімен сұхбаттасып, Семей полигонын жапқан өздері екенін әдетінше асқақ мәлімдеп: «Семипалатинский полигон – моя поэма!» – деп көсілді. Е, мейлі: «Невада-Семей» қозғалысы негізінде құрылған «Невада-Семей» акционерлік қоғамы қорына үкімет берген, жұртшылықтан жиналған ондаған миллиард доллардан қасіретті семейліктерге бір доллар да бермеген «тапқырлықтарын», қыруар қаржы кімдердің қалтасына қаншадан түскенін дастанында тарау-тарау етіп жырлауды ұмытпасын. Бірақ ол «дастанын» шындыққа қарсы шабудан бастады. Мәселен, «Казахстанская правда» газетіндегі сұхбатында (2005 жыл, 20 қыркүйек):
«…Да, он (К.Бозтаев, – Г. К.) был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели» деді. Астапыралла-а-а!.. Қазекемнің: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегені осындайда айтылған екен ғой!
Бүгінде жалғыз шауып, бәйге алып жүрген ақынның мына жеделхатына үңілелік (Кешірімнің жасы 60-қа толуын құттықтауынан):
«Семипалатинск, Областной Совет народных депутатов
Уважаемый Кешрим Бозтаевич!
Мы знаем Вас как крупного общественного и государственного деятеля, очень много сделавшего для процветания народа Казахстана. Вся Ваша жизнь – это добрый и назидательный пример для молодого поколения…
В те не легкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера.
Мы знаем, что в эти трудные годы Вам пришлось особенно нелегко и на Вашу долю выпали тяжкие испытания, но Вы сумели найти верный путь и сделать немалый личный вклад в долгожданную победу – закрытие Семипалатинского ядерного полигона.
В день Вашего шестидесятилетия, дорогой КешримБозтаевич, мы выражаем Вам свое глубокое почтение и говорим благодарное спасибо! Олжас Сулейменов».
Ақиқатты бұдан артық айту мүмкін бе?.. Ендеше, не деуге болады? Мен: Олжас біреу-ақ деп жүрсем, өйдә, екеу екен.
…К.Бозтаевтың былай деп жазғаны бар: «Алматыда дауысқа түскен (КСРО халық депутаттарының сайлауында, – Ғ.Қ.) Олжас қиындыққа ұшырапты. Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаев маған телефон шалып, жағдайды айтып, Олжас Сүлейменовті Семей облысынан депутаттыққа өткізуімізді өтінді. «Сүлейменов сізге көмектеседі. Полигонға қарсы күресте жақсы жәрдемші болады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ертеңінде Г.В.Колбин телефон соғып, ол да сондай тілек айтты».
Ол тілектер, әрине, қабыл болды. Бұл дерек К.Бозтаевтың «Семей полигоны» кітабында бар. Сондай-ақ К.Бозтаев Кремль комиссиясы алдында: «Егер генерал Бредихин дабыл қақпаса, 12-нші ақпанда не пәле болғанын біз анық білмес те едік» деп ресми мәлімдесе, ақын шіркін, оны да 13 жылдан кейін жоққа шығарып, «маған бір ұшқыш телефонмен хабарлады» деп төтеледі. Егер ұшқыш пен ақын дабыл қаққан болса, ақиқатшыл Кешірім комиссия алдында екеуін де атап айтар еді.
Семей полигонын жабу күресімізде О.Сүлейменовтің аты алыс-жақын елдердің бірсыпырасына жеткені рас. Олай болудың «бастау-көзін» іздегенге бір дерек К.Бозтаевтың мына сөзінде жатыр:
«…Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – бұл кімнің еңбегі деген сұрақ қылтиды. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті аспандата мадақталды. Оның белсенділері (кездейсоқ жүргендер де бар) қозғалысқа басқаша бағыт бере бастады: олар өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналыс өткізе беру деп білді. Жалған дерек таратып жібергендері де болды. Жиналысқұмарлық кеудемсоқ желпініске, жұлқынысқа айналып, өмір шындығынан ауытқып кетіп жатты («Семей полигоны»).
…Ертіс өңірінің елі мен жерін қашан жазылары белгісіз жараға душар еткен Семей полигонының үні өшкеніне биыл тамыз айында 25 жыл толады. «Мына мен жаптым!.. Мына біз жаптық!..» деп, даңқ пен дақпыртқа бауыр басып жүргендердің оны ең жоғары деңгейде апталап тойлаулары мүмкін. Иә, олардың полигонға қарсы ресми күрес туын алғаш көтерген КЕШІРІМ БОЗТАЕВ марқұмды әдеттерінше ауыздарына алмауы да мүмкін. «Шындықтың жүзі өткір», оған қашанда АЗАМАТ қана тура қарай алады! Ал АЗАМАТЫНЫҢ аруағын Халқы әрқашан ардақтайтынына Заман куә!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ