
Әлеуметтік желіде тағы да дүрлігу. Желіде Алматының көшесіндегі әскери техниканың бейнежазбасы тарап, «Украинаға жөнелтіп жатыр» деген жазба желдей есіп жүр.
Еліміздің қорғаныс министрлігі ақпаратты дереу теріске шығарды. Құзырлы мекеме таратқан мәлімдемеде: «Әлеуметтік желілерде қазақстандық әскери техниканы Украинаға жөнелту туралы таралған ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл бронды машиналар жоспарлы түрде жөндеуге жіберілгенде түсірілген ескі видео. Қазіргі уақытта әскери техника сақтау орнында. Бұдан бөлек, 2022 жылдың 27 тамызынан бастап қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға тыйым салынғанын да хабарлаймыз», — делінген.
Айта кеткен жөн, дәл осы тақырыптағы жалған ақпараттың бұл алғаш рет тарауы емес. Өткен жылдың желтоқсан айында «Алматының теміржол вокзалынан бронетехника аттандырылды» деп елді бір дүрліктірсе, «украиналық дрондар Қазақстан территориясынан ұшырылды» деген ақпарат әлеуметтік желіні былай қойып, танымал сайттардың бірінде жарқ ете қалды.
Жалпы өткен жылдың басынан бері осы сарындас бірнеше жаңалық ауық-ауық жарияланып тұрды. Айталық, былтырғы наурыз айында «біздің әскерилерді Украина аумағына апарады» деген қауесет шықты. Қорғаныс министрлігі оған өз жауабын берді: «Қазақстан Қарулы күштерінің әскери контингентін майданға жіберу жөнінде Президент ұсыныс жасағаннан кейін Парламент шешім қабылдауы тиіс. Қазақстандық әскерилерді басқа елге жіберу туралы өтініш түскен жоқ».
Әйтсе де, әлі күнге дейін жалған ақпарат легі толастар емес.
Осыдан келіп «әскери тақырыптағы қисынсыз жаңалықсымақты тарату кімге тиімді» деген сауал туындайды. Бір қарағанда әшейін жел сөз сияқты көрінетін ақпараттың салдары қандай? Себебі құзырлы мекеме оны шұғыл түрде теріске шығарғанымен, оқыған адамның бәрінің болмаса да кейбірінің санасына шоқ тастайтыны сөзсіз. Ал қазіргі геосаяси ахуалды ескерсек, мұндай арандату еліміздегі тұрақтылықты шайқалтқысы келетін жымысқы әрекеттен басқа ештеңе емес. Бейресми ұйымдардың қызметіне, кейбір саясаттанушылар мен блогерлерге қаржыны аямайтын сыртқы күштердің «құлағы» көрініп тұр.
Бұған қарсы тұрудың бір ғана жолы – дер кезінде тойтарыс беру. Жоққа шығарып қоймай, ізін суытпай көзін анықтау. Жалған ақпаратты таратқаны үшін жазаға тарту.
Бұған сіз бен біз болып өз үлесімізді қосуымыз керек. Мұның бір ғана жолы бар. Ол – жұртты адастыратын жалған жаңалықты әрмен қарай таратпау.
Наргүл Мырзахмет