
Жерлесіміз Талғат Байдәулетов «Луганск Халық Республикасы» («ЛНР»)жасағының сапында соғысып, сол жерде ажалын тапты. «2 тамыз күні Украинаның Луганск облысындағы Брянка селосының маңында қазақстандық Талғат Байдәулетов қаза тапты. Ол екі жыл бойы «ЛНР» аумағының Украинадан бөлініп, Ресей құрамына қосылуы үшін соғысты» – деп жазады centre1.com сайты.
Фото caravan.kz
Әлеуметтік желіде жазылғандай, 39 жастағы Т. Байдәулетов Алматыда дүниеге келген. Электрик болып жұмыс істепті. Луганскіге сол жердегі «орыстарды «қорғау мақсатымен» жалдамалы әскер ретінде барған. Ол Қазақстанда туған Игорь Шевелевтің қарамағында соғысыпты. Өзіне Че Гевара деп ат қойған казак жүздігінің осы атаманы Т. Байдәулетов Алматыдағы шіркеуде шоқынған кезде өкіл әке болған. Оқиғадан хабардар украин блогерлері «Казак басмач» деген лақап атты иемденген бұрынғы электриктің мас күйінде өзіне қол жұмсағанын алға тартады. И. Шевелевтің өзі де Минск келісімі бойынша атыс тоқтағанда «ЛНР» армиясында өзіне қол жұмсап, о дүниеге аттанып жатқандардың көбейгенін айтыпты.