АҚШ-тың Флорида штатында соңғы бірнеше күнде 14 адам Зика безгегіне шалдыққан. Ауру адамнан емес, масалар арқылы жұққан. Ал Қытай жұртшылығы бүкіл әлемге қауіп төндірген вируспен күресте тың тәсіл қолдануға көшті.
Қытайдың Гуанчжоу қаласында орналасқан әлемдегі ең үлкен масалар зауытында аптасына миллиондаған жәндік өсіріліп шығарылады. Басты мақсат – жаһанды жаулай бастаған Зика мен Денге безгегі секілді аурулармен пәрменді күрес жүргізу. Мамандар індет тарататын зиянкестің ұрығын жойып жіберетін арнайы бактерия жұқтыртады. Сосын еркіндікке жіберілген олар өзге масамен жұптасып, бактерияны оларға да дарытады.
«Біздің аймақта бұрын маса көп болатын. Мына тәжірибенің пайдасы тиеді деген үміттемін. Жергілікті халық арасында бактерия жұқтырған жәндіктер еркіндікке жіберілгенде қайта олардың саны арта түспей ме деген пікір де айтылып жүр. Алайда өз басым керісінше ойлаймын», — дейді жергілікті тұрғын Лян Джинтянь.
Зауыт басшылығы бүгінде Мексика, Пәкістан және Үндістандағы ғалымдармен келісім жасасып үлгерді. Себебі маса арқылы тарайтын ауру мәселесі бұл елдерде өте өзекті. Ал ғалымдар кәсіпорынға мемлекет тарапынан нақты қолдау қажеттігін айтады. Өйткені мамандардың пікірінше, зауыттың халықаралық маңызы зор.
bnews.kz