jasqazaq.kz

Қырғызстан: Ақпараттық соғыс

27 мамыр 2016, 18:50

Kirgizia_w644h387

Қырғызстанда соңғы жылдары оппозиция өкілдері жиі қамалуда. Мұны президент Алмазбек Атамбаев: «билікке жау келгенде халқыма «сыбайлас жемқорлық­пен білек сыбана күресемін» деп уәде қылған едім. Осыны орындап жатырмын», – деп түсіндірсе, оппозиция өкілдері президенттің бұл қадамын «оппозицияны аяғынан шалу» деп сипаттап келеді. Алмазбек Атамбаев билікке келгеннен бері Қырғызстанда оппозиция лидерлері бірқатар шеру өткізуге әрекет жасады. Бірақ олардың әрекетінен еш нәтиже шықпады. Мұның бірден-бір себебі – оппозиция өкілдерінің өзара бірлігі жоқтығы және оларға деген халықтың сенімінің аздығы. Оның үстіне, басынан бір емес, екі революцияны өткерген қырғыз елі тағы бір төңкерістен қарапайым халықтың жағдайы қиын болатынын жақсы түсінеді.

Мысалға алсақ, 2016 жылдың 17 мамырында Бішкек қаласында өздерін «Елдік парламент» деп атаған оппозиция бірлестігінің жиыны болуы керек еді. Бірақ ол болған жоқ. Шеруді ұйымдастырушылар алдын ала «жиынға 50 мың адам қатысатыны» хабарлаған. Бірақ іс жүзінде «Елдік парламенттің» бір ғана мүшесі Расул Үмбеталиев келді. Ол журналистерге бірлестіктің лидерлері Бекболат Талғарбековтің, Төлебай Колубаевтың, Марат Сұлтановтың қамауға алынуына байланысты шерудің өтпейтіндігін айтты. Ұлттық қауіпсіздік қызметі ұйымдастырушылар «билікті басып алуға әрекет жасады» деген күдікпен қамаған.
Еске сала кетсек, осыған дейін 14 мамырда Алмазбек Атамбаев көпбалалы аналарға «Батыр ана» орденін тапсырып жатып, елдегі соңғы оқиғаларға тоқтай кеткен болатын. Ол: «Қырғызстанның аналары жеткілікті түрде көз жасын төкті. 2002 жылдың наурыз айында, 2010 жылдын сәуірінде, 1990 жылдың маусымында, 2010 жылдың маусым айында…
Өлкемізге, аналарымызға тыныштық керек. Президент ретінде ашық айтқым келеді. Жетеді. Тоқтату керек! Бұдан әрі қарай елдегі тыныштықты бұзуға бағытталған әрекеттер қатал түрде қудаланады.
«Елдік парламент» деп аталған ұйым басшыларының әңгімелері жазылған аудиожазбаны естіген боларсыздар. Онда «17 мамырда билік алмасады» деп өзара мақтанышпен айтқаны, ол үшін жүздеген жауынгер келгені, қару-жарақ бар екені сөз болады. Олардың артында шетелдік қызметтің генералдары тұрғаны да айтылған. 12 мамырда олардың форумында кімдер болмады? Ақаевшылар мен бакиевшілер, сондай шетелдік грантты игеріп жатқан үкіметтік емес ұйым өкілдері Төлеуқан Исмаилова мен Әзиза Әбдірасұлова да бар.

4b2549dac517f3b5d823e93e73e843ff
Егер «Елдік парламенттің» «демократтарына» жаңа президентті сайлауға қалған бір жарым жылдық уақыт өте ұзақ болып көрінсе, онда олар үшін заңды жол бар. «Халық Атамбаевтың отставкасын қалап жатыр» деген бастамамен, президент Атамбаевқа сенімсіздік таныту жөнінде референдумға шыға алады. Халық «Атамбаев кетсін!» деп дауыс берсе, онда мен референдумның ертесіне қызметімнен кетемін.
Шетелдік арнайы қызметтің генералдарының оппозицияны қолдауына келсек, біздің ата-бабалар оны қолдау емес, «сатқындық» деп есептеген. Шетелдің арнайы қызметінің генералдары елімізге ешқашан ешқандай жақсылық алып келген емес. Біз оны 1916 жылдағы патша генералдарының ісі бойынша білеміз. Онда Қырғызстанның оңтүстік аймағындағы халқының жартысы қырылған. Біз 2010 жылдың маусым айындағы шетелдік арнайы қызметтің генералдарының ісін де білеміз. Онда 400-ден астам жерлесіміз қайтыс болған»
Президенттің бұл сөзі қырғыз қоғамында қызу талқыға түсті. Сол арада құқық қорғаушылар Төлеуқан Исмаилова мен Әзиза Әбдірасұлова президентке наразылық шарасын ұйымдастырып: «Президент бізді шетелдің ақшасын алып жатыр деп негізсіз айыптауына құқығы жоқ» деп сотқа берді.
Бірақ кейбір сарапшылар оның сөзінде «Қырғызстанның ішкі саясатына араласқан арнайы қызмет генералдарын ауыздықтап және тыйып қоюға жараған жоқ» деп орыс билігіне наразы болып, «бақшасына тас лақтыра» айтқаны байқалды деген пікірде.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жағдайларда Ресей мен Қырғызстанның ортасындағы қарым-қатынастың нашарлап бара жатқаны байқалуда. Мәселен, «Жаңа буын» оппозициялық қозғалысының жетекшісі Әділ Тұрдықұлов жергілікті ақпарат құралының біріне: «Қырғызстан мен Ресей басшылары қарым-қатынасының әлсіреуі – күтілген жағдай. Бұған дейін Ақаев пен Бакиевтің билігі тұсында да осындай жайттар болған. Атамбаев Мәскеумен қарым-қатынасты таза парақтан бастаған. Бірақ Мәскеу Қырғызстанның алдындағы өз міндеттемесін орындамай келеді: мысалы, Ресей билігі уәде етілген Қамбар ата ГЭС-ін салмай қойып, Қырғызстан келісімнің күшін жоюға мәжбүр болды. Атамбаевтың 1916 жылғы Үркін оқиғасы туралы көп қозғағаны Бішкек пен Мәскеу мәмілесіне нүкте қоюы ықтимал», – деген ойын білдірді.
Еске сала кетсек, Қырғызстан Еуразия экономикалық одаққа қосылғаннан кейін, қиыншылық болатынын ескерткен. Одан кейін Ресей өзгеше бір қадамға барып, ұйымға қосылу салдарының реттелуін көздейтін орыс-қырғыз қоры құрылғанын жариялады. Алайда қордағы 500 миллион доллардың 90 пайызы Ресей қаржы министрлігі тарапынан орыс банктерінде тұралап қалған. Осыған наразы болған Атамбаев Путинге қарата айтқан мәлімдемесінде: «2012 жылы ГЭС бойынша келісім жасалып жатқанда, оны тұрғыза алмайтындарыңызды неге ескерткен жоқсыздар? Біз басқа инвестор іздейміз» – деген еді.

948202
Саяси сарапшы Марс Сариев: «Президент Атамбаев жоғарыдағы сөзінде ешқандай Ресейге наразылығын білдіріп, Қырғызстанның ішкі саясатына араласты деп Мәскеуді кінәлаған жоқ. Ол бар болғаны бір топ адамға, нақтырақ айтқанда, Ресейде тұратын, бірақ ұлты қырғыз азаматтарға қарата айтты. Қырғызстан ақпарат соғысының нысанына айналды. Ресейде дәл қазіргі билікті жамандап келгендер, екі елдің достық мәмілесін қаламағандар. 2017 жылы болатын президент сайлауына дейін ұлттық күрестер болуда. Батысшыл үкіметтік емес ұйымдар бакиевшілермен бір лагерьде болып жатқаны өкінішті», – деген пікір білдірді.
Халық арасында Алмазбек Атамбаев туралы әртүрлі пікірлер айтылып келеді. Қоғамда оны ресейшіл президент деп есептейді. Бірақ олар анда-санда президенттің орыс билігіне жоғарыдағыдай қыр көрсетіп жатқанын түсінбей қалады. Кейбіреулері бұл жай ғана ел алдында өзін жақсы көрсетіп, патриот аудиторияға осындай жолмен жағыну мақсатында саяси ұпай жинағысы келетіндігін айтады. 2017 жылы өтетін президент сайлауы жақындаған сайын саяси ойын күшейіп жатыр ма? Әлде шынымен Қырғызстан лидері Ресейге тіс қайрап отыр ма? Әзірге бұл сұрақтың жауабын білмедік…

Азат жәнібеков,
(Арнайы «Жас қазақ» үшін)
Бішкек

Бүгін, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық