
Кенеттен гүрс ете қалған мылтық дауысы Ворошилов елді мекенінің тұрғындарын қатты шошындырды. Жергілікті тұрғындардың шошымалы болып қалғанының да өзіндік сыры бар. Өйткені, Ворошиловка, Чапаевка, Забадам елді мекендері әу бастан қылмыс көп жасалатын аймақ саналады.
Тұрғындар үйлерінен жүгіріп-жүгіріп Теміржол өткелі бойындағы мешітке таяу жерде үш жасөспірімнің жайрап жатқандарын көрді. Мына сұмдықтан адамдардың естері шығып кетті. Дереу жедел жәрдемге, полицияға қоңырау шалынды.
1995 жылы туылған Жамал Аслановты Орынбаев медициналық орталығына жедел жәрдеммен шұғыл жеткізбек болған әрекет зая кетті. Небәрі 14 жасар боздақ жол үстінде үзілді.
Екі жас Шымкенттегі жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Бірінің арқасына қорғасын бытыра шашырай тиіпті. Екіншісінің жамбасы жараланған.
Осы суыт хабар жетісімен Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің арнайы жасағы оқиға болған жерге шұғыл жетті. Беттеріне перде киген «Арлан» арнайы жасағының сарбаздары жаппай тәртіпсіздік белең алмас үшін қырағы күзетке тұрды. Сапырылыс басталды. Оқиға орын алған жерге бару мүмкін болмады. Өйткені, полицейлер мен арнайы жасақ теміржол бойын түгел қоршап тұрды. Жұрт үрейлі еді. Бетперделі әрі қарумен жүргендер сұсты көрінді. Автоматпен қаруланған олар теміржол бойына ешкімді өткізбеді. Төңіректе төтенше жағдай жарияланғандай көрініс пайда болды.
Артынша ауруханадан өз еркімен ерте шығып кеткен марқұм Жамалдың ағасы Агат Рызманов болған жайды былайша баяндады:
— Жамал Ленгір қаласындағы арнайы мектептен үйге сұранып келді. Ойнап жүргенде оның велосипедінің доңғалағы жарылып қалды. Біз оны жөндеп жатқанбыз. Осы кезде қасымызға төрт адам келді. Олар Жамалға қарай оқ атты. Мен інімді кеудеммен баса құладым. Осы кезде менің арқама да оқ тиді. Есімнен танып қалдым,- дейді 16 жасар Агат Рызманов.
Оқиға марқұмның үйінен 100 метр жерде-ақ болыпты. Оқиға болған жерде қанның ізі әлі де жатыр. Теміржол өткелі көшесінің бойындағы адамдар осы оқиғадан шошынып қалған. Біз жексенбіде Ворошилов шағын ауданына арнайы бардық. Көшеде әлі де адам қарасы көп. Солардың бір легі Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері екен. «Бақылауды күшейттік. Күзетте жүрміз» деді полиция қызметкерлері. Бұдан әрі олар қанша суыртпақтап сыр тартсақ та жақ ашпады. «Барлық мәліметті департаменттен аласыңдар. Біз ештеңе білмейміз» дейді олар бір ауыздан. Сөз жоқ, бірауызды болу жақсы-ақ. Дегенмен, ештеңе білмегендері қалай? Біздіңше, сол ештеңе білмегендіктен де, білгілері келмегендіктен де осындай қанды оқиға орын алып жатыр.
Оқиға орын алған күні ОҚО ІІД баспасөз орталығының жетекшісі Салтанат Қаракөзова бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді.
— Қанды оқиғадан 14 жасар бала қайтыс болды. Екеуі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Оқиға таныс адамдардың өзара түсінбеушілігінен орын алған. Күдіктінің бірі ұсталды. Ол бұрын да тонау ісі бойынша сотты болған,- деген-ді ол.
Осы оқиғаға қатыстылардың барлығының есірткі бизнесіне қатысы бар болуы мүмкін дейді аудан тұрғындары. Міне, мәселені қайдан іздеу керек? Жалпы, Ворошиловка, Чапаевка, Забадам елді мекендері қашаннан есірткі ордасы екені құпия емес. Қаншама уақыт өтті, күштік құрылымдардың іс-тәжірибесі нығайды, техника дамыды дегенімізбен, аты шулы осы үш аудандағы қылмыс атаулыға құрық салынбай-ақ келеді. Осыдан бірер жыл бұрын ғана тап осы ауданның бірінде бұрын түрмеде отырып келгендер өзара топ құрып, жұртты шошындырғаны естен шыға қойған жоқ. Олар 13 рет «бомба» жарды. Иә, расында өздері қолдан жасаған минамен тұрғындардың зәре-құтын қашырды. Осы минаның зардабынан талай адам мүгедек болып қалды. Соңына күдіктілердің бірлі-жарымы ұсталып, сотты болып еді, мұнан соңда «минамен» ойнайтындар табылды.
Тағы бір ұмытылмас оқиға есімізге түсіп отыр. Осыдан 3-4 жыл бұрын Забадам елді мекенінде күрді ағайындар бір-бірімен өзара түсіне алмай, соңы қанды қырғынға ұласты. Олар қыз беріп, қыз алысқан құдалар екен. Барған жерінде ұрысып қалып қайтып келген қыздың намысы үшін деген желеумен бас көтерген дау олардың бір-біріне қару кезенуімен, мұның соңы адам өлімімен аяқталды. Сол кезде де оқиға орынына арнайы барғанбыз. Көше-көшені полиция күзетіп, жаппай тәртіпсіздік тұтанып кетпес үшін күзет күшейтілген-ді. «Жас қазақ» газеті осы оқиға туралы «Құда-құда дегізген, оқ пен дәрі жегізген» атты мақала жариялап еді.
Енді, міне, Ворошиловкадағы жасөспірім өлімінен соң да күзет күшейтіліп шыға келді. Сонда полиция қызметкерлері қалған уақытта Ай қарайды ма деген ой қылаң береді. Міндетті түрде адам өлімінен соң ғана күзет күшейтілуі тиіс пе? Осы үш ауданда адамның жаға ұстатарлық қылмыс бүгін ғана болып жатыр ма? Неге қылмыс атаулы құрықталмайды? Әншейінде шопанның қасқыр үркітетін құс мылтығына дейін жинап алатын тәртіп сақшылары бұл ауылдардың адамдарының қаруларын неге көрмейді? Ал, жуырда Шымкент ҚІІБ Абай ПБ қызметкерлері 19 жасар жігіттен шолақ мылтық тәркілеген. Күдіктінің айтуынша, ол қаруды көшеден тауып алыпты.Соған қарағанда, Шымкенттің көшелерінде шолақ мылтық шашылып жататын тәрізді. Осының барлығына қадағалаушы органдар тиісті жауап іздейді деген ойдамыз.
Екі кештің арасында қалада қаза тапқан 14 жасар Жамал қандай оқушы болды? Ол Ленгірдегі арнайы мектеп-интернатта жатып оқыпты. Осындағы екі-үш күн бұрын ғана әкесі оны мектеп басшыларынан сұрап алып үйіне әкелген. Сыныптасы Анатолий Турбиннің айтуынша, Жамал соңғы кезде үйін көп айта беріпті. Анасы сағынып жылап отыратын болған. Ал, сынып жетекшісі оқушысының сабақ үлгерімі жақсы бола қоймағанын жасырмайды. Ол мұнда екі бауырымен бірге жатып, оқыған. Негізінен арнайы мектеп-интернатта ақыл-есінде аздаған кінарат бар оқушылар оқыпты.
Нұржамал Шақалақова, Ленгір қаласындағы арнайы мектеп-интернатыны директорының орынбасары:
— Ол жайсыз отбасында тәрбиленген. Әкесі 7 жылға сотталып келген. Естуімізше, шешесі басқа күйеуге тұрмысқа шыққан. Ол Қарағандыда жұмыс істейді екен. Нағашы апасы балалардың тәрбиесі қиын болғандықтан бас тартқан.
Ал, сонда қылмыскерлерге осындай науқас баланы өлтіру не үшін керек болды? Бұл жерде келгендер Жамалдың әкесі Нәбимен есеп айырылысу үшін келген тәрізді. Оның осыған дейін 7 жыл есірткі бизнесіне байланысты түрмеде жазасын өтеп келгенін ойласаңыз, күдіктілердің бұл үйге не үшін келгенін ішіңіз сезеді. Әрине, департаменттегілер айтып отырғандай, тергеу ісінің құпиялығына байланысты мәселенің мәнісіне тереңірек үңілгіміз жоқ.
Дегенмен, көңілден көп сауал кетпейді. Неге осы үш ауданда қылмыс жиі орын алады? Полицейлердің шамалары жетпейтіндей бұл үш ауданды кім «крышовать» етеді? Ол «крыша» кім? Бәлкім, Теңге-Құдай шығар…
Оқиға орын алған жерде Жамалдың әкесі Нәби Физманов пен шешесі Ләззат Асланованы жолықтырдық.
— Осыдан біраз жыл бұрын 9 жасар ұлым Тұрсынды біреулер суға тұншықтырып өлтіріп кетті. Енді міне Жамалымнан айырылдым. Мен мұны бір-ақ адамнан көремін,- деп Ләззат Асланова бізге әлдекімнің атын атады.
Осындағылардан сұрастырып көрсек, Ләззат апайдың айтып отырғаны өздеріне туыс, күрді ағайыны көрінеді. Япыр-ай, бірін-бірі аямайтын бұл не қылған қастандық? Туыс адамдар біріне бірі қоң етін кесіп бермеуші ме еді? Осы жұмбақтың шешуін тиісті орындарға қалдырдық. Өйткені, олар тергеу құпиялылығына орай ешкімге тіс жармайды. Шымқай кеш орнамаған жарықта Шымкентті шулатып кеткендерді ұзатпай құрықтайды деп сенейік.
Айтпақшы, күдіктінің бірі Жамбыл облысының Қордай асуында құрықталды. 26 жасар ол бұрын ұрлығы үшін істі болыпты. Ал, қалған үшеуі іздестірілуде.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Оңтүстік Қазақстан облысы