
Киелі Түркістан өңірінде іскер де өнерлі жастардың үздік жобалары әрдайым қолдауға ие. Мұның айқын дәлелі ретінде биыл облыста он бағыт бойынша 133 іс-шара өткізу жоспарланып отырғанын айтқан жөн. Соның ішінде 10 жобаны қаржыландыру көзделген. Бұл туралы осы аптада Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ басшысы Ернар Бектаев хабарлады.
Орталық жетекшісі атап өткендей, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес өңірде жастар саясаты бойынша жүйелі жұмысты жандандыруға айрықша көңіл бөлінуде. Е. Бектаев, әсіресе, жас ғалымдар мен өз кәсібін ашып, іскерлік мүмкіндігін іске асырғысы келетіндерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Бұл бағытта “ облыстағы жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған TurkistanHUB” жобасы қолға алынады. Осы жоба аясында “TURKISTAN STARTUP WEEKEND” атты үздік инновациялық идеялар байқауы ұйымдастырылып, креативтік индустрия саласындағы кәсіпкерлерді қолдауға арналған семинар өткізіледі. Сонымен қатар, “Профнавигация” жобасы аясында “Дұрыс мамандық таңдау — кемелді болашақ кепілі” атты семинар- тренингтер өткізіледі. Мұндай іс-шара мектеп оқушыларының кәсіптік бағыт-бағдар алуына, жастарды еңбек нарығындағы қажеттілік пен сұраныстан хабардар болуына септігін тигізеді.
Ернар Бектаев, сондай-ақ, жастардың қатысуымен өтетін ауқымды іс-шараларға тоқталып, биылғы тың жобалар жайында баяндады.

Мекеме басшысы “Ерікті жастар арасында республикалық «Ауылдағы бір күнім!» атты телевизиялық реалити-шоу сайысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда салт-дәстүрді кеңінен насихаттаймыз. Бұл жоба Ордабасы, Төлеби, Бәйдібек аудандарында ұйымдастырылады. Одан бөлек, тағы бір жақсы жаңалығымыз бар. Балаларды
интелектуалдық ойынға тарту мақсатында өтетін «AL-FARABI» интеллектуалдық жобасының жеңімпаздарына ЖОО грантқа түсуге жолдама беріледі. Бұл интелектуалды сайысқа 9-10 сынып оқушылары қатыстырылады. Осы сайыс қазіргі таңда ұсыныс ретінде қарастырылып жатыр. Мақұлданса, интелектуалды сайыс «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сайысы форматында өткізіледі. Қазіргі таңда 3 университетпен келіссөз жүргізіліп жатыр», — деді. Брифингте жас блогерлерге қолдау білдіріп, дұрыс бағыт көрсету мақсатында «TIK – TOK HOUSE» бөлмесін ашу жоспарда бар екені айтылды.
JQ-Ақпарат