Тұрғындарға заң жағынан жәрдем беру мақсатында «Құқықтық көмек» жобасы Түркістан өңірінде жолға қойылған. Айтадық, «Аmanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің үйлестіруімен өткен «Құқықтық көмек» жобасы аясындағы мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекенінде жалғасты. Аталған шараға Түркістан облысының Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев қатысып, әділет органдарына қатысты мәселелері бар тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті.
Түркістан облысы Әділет департаментінің баспасөз қызметінің мәләметінше, партияның ұйтқы болуымен ашылған сындарлы пікір алмасу алаңында азаматтардың тұрмыстық ахуалын жақсарту, ауылдың өзекті деген мәселелерінің оңтайлы шешімдерін айқындау тақырыптары көтерілді.
Жиі өткізілетін мұндай көшпелі қоғамдық қабылдаудың мән-маңызын партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева түсіндіріп өтті. «Amanat» партиясы халықтың үніне құлақ асып, сайлаушылардың талаптарын бұлжытпай іске асыруға ниетті ықпалды саяси күш екенін айтты.
Бұл бағытта азаматтардың сұраныстарын тыңдап, талап-тілектеріне үн қату мақсатымен облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдардың жауапты өкілдерінің, құқық қорғау органдарының, сот орындаушылардың, өзге де құзыретті мекемелер мен ұйымдардың лауазымды азаматтарының облыстың шалғай елді мекендері тұрғындарымен кездесулері өтіп жатқанын мәлімдеді. Бұл алаң шын мәнінде тұрғындарға қолайлы болып отыр. Өйткені жұрт өздері көтерген сауалдар бойынша облыс орталығына сабылып жүрмей, қажетті ақпар мен кеңестерді ауылдарына арнайы келіп отырған жауапты өкілдерден алуға мүмкіндігі бар екеніне назар аударды.
Сонымен қатар Түркістан облысының Әділет департаментінің ұйымдастыруымен мемлекет кепілдік берген заң көмегін түсіндіру және халықтың құқықтық деңгейін арттыру, әділет органдарының қызметіне қатысты мәселелер бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалының Сауран ауданы, Түркістан қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімінде «Ашық есік күні» акциясы өтті.
Аталған іс-шарада құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында адвокаттар, заң консультанттары, нотаруистер және сот орындаушылар тарапынан халыққа қажетті заңгерлік кеңес және ақысыз заңгерлік көмек көрсетіліп, мәселелері бойынша Заң аясында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, Түркістан облысының Әділет департаментінің ұйымдастыруымен мемлекет кепілдік берген заң көмегін түсіндіру және халықтың құқықтық деңгейін арттыру мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нің «Қамқорлық» отбасын қолдау секторындағы азаматтарға құқықтық көмек көрсету бойынша кездесу өтті.
Аталған шарада әділет органдарының қызметкерлері, адвокат пен заң консультанты және жеке сот орындаушылар азаматтардың мәселелерін тыңдап, олардың Заң аясында шешілу жолдарын қарастырды.
Сондай-ақ кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегі және азаматтарға кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету – әділет органдарының маңызды бағыттарының бірі екендігі жан-жақты түсіндірілді.
JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан облысы Әділет департаментінің баспасөз қызметі